Өткен аптада Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы пресс-тур өткізіліп, қаланың 2025 жылы жаңарған аумағы, абаттандырылған аулалары мен қоғамдық кеңістіктері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне таныстырылды. Қала әкімі Мұрат Бөрібаев журналистерді өзі бастап жүріп, биылғы абаттандыру жұмыстарының мақсаты, барысы және нәтижесі жөнінде кеңінен баяндады.
Бұл пресс-тур қалада соңғы жылдары қалыптасқан урбанистикалық өзгерістердің масштабын нақты көруге мүмкіндік берді. Сәтбаев қаласы биыл өңірдегі ең ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыру бағдарламаларының бірін жүзеге асырды деуге толық негіз бар.
Брифинг барысында қала әкімі Мұрат Бөрібаев биыл орындалған жұмыстардың басты ерекшелігін атап өтті.
– Биыл атқарылған абаттандыру жұмыстарының барлығы – әкімдіктің кабинетте отырып жоспарлай салған бастамасы емес. Бұл – қала тұрғындарымен тұрақты кездесулер барысында көтерілген нақты ұсыныстар мен өтініштердің нәтижесінде қалыптасқан міндеттер. Біз әр көшеде, әр аулада, әр шағын ауданда халық не сұрап отырғанын тыңдап, сол қажеттіліктерді орындауға басымдық бердік, – деді ол.
Әкімнің айтуынша, жыл бойы жүргізілген барлық жобалар – «ұрда-жық» бастамалар емес, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталған практикалық шешімдер.
– Қаламыздың келбетін жаңарту – бір маусымдық науқан емес. Бұл – Сәтбаевтың алдағы онжылдықтағы дамуының іргетасын қалау. Әр өзгерістің артында нақты сұраныс, күнделікті қажеттілік, тұрғындардың ортақ пікірлері тұр. Ашық диалог пен кері байланыс – біздің жұмысымыздың өзегі, – деді әкім.
2025 жылы абаттандыру жұмыстарының айқын басымдықтарының бірі – мектептер мен балабақшалар аумағын ретке келтіру болды.
«Ертегі» балабақшасы мен № 25 мектеп маңына жаңа автотұрақтар салынып, жаяу жүргіншілер жолдары кеңейтілді, «Горэлектросеть» ЖШС арқылы жарық бағандары орнатылды. Сонымен бірге № 14, № 27 мектептер мен бірнеше балабақша маңындағы тротуарлар да жаңартылды.
Талдау көрсеткендей, бұл бағыттағы жұмыстар баланың қауіпсіз қозғалысы, ата-аналар көлігінің ағымы, мектеп маңының тәртібін сақтау үшін аса маңызды. Балалар саны жылдан-жылға артып келе жатқан Сәтбаев қаласында мұндай инфрақұрылым – стратегиялық қажеттілік.
Қаладағы ерекше нысандардың бірі – «Тағзым» сквері. Мұнда биыл іргетастық қабырға тұрғызылып, жаңа брусчатка төселді, жарық шамдары орнатылып, роторлы суару жүйесі енгізілді.
Бұл сквер тек көркейту объектісі емес, қаланың мәдени кодының бір бөлігі. Оның жаңғыртылуы тарихи жадыны сақтау мен қоғамдық кеңістіктің эстетикалық деңгейін көтеруге бағытталған.
Қаланың төменгі бөлігіндегі 16-шы, 8-ші, 9-шы және 15 V шағын-
аудандарында биыл көптен бері шешімін таппай келген мәселелер жүйелі түрде реттелді. Асфальт төсеу көлемі ондаған мың шаршы метрді құрап, ондаған жарық бағандары мен контейнер алаңдары орнатылды, жаңа балалар ойын алаңдары салынды.
Бұл тұрғындардың тікелей тұрмысына әсер ететін аса маңызды факторлар: қауіпсіз жүріп-тұру, балаларға арналған орта, демалыс аймақтары. Редакциялық тұрғыдан қарағанда, бұл – қала бюджетінің ең тиімді жұмсалған бағыттарының бірі.
Ерден көшесі бойындағы 250 метрлік жаңа аллея бүгінгі урбанистикалық талаптарға сай жасалып, 120 ағаш отырғызылды, теннис үстелдері, балалар кешендері мен тренажерлер орнатылды.
Ал «Оқушылар» аллеясы қауіпсіз жабындысы, заманауи жарықтандыру, сирень бөріктері мен емен көшеттері, амфитеатр, «Білім баспалдағы» инсталляциясы сынды өз ерекшелігімен көзге түседі. Бұл – жастарға арналған, білім мен шығармашылықты дәріптейтін жаңа қалалық кеңістік. Қала келбетін жасартатын мұндай жобалар Сәтбаевтың әлеуметтік-мәдени әлеуетін арттырады.
Қала басшысы баяндап өткендей, қалада 170 ойын алаңы қажет болса, биыл соның 38-і орнатылған. Бұл – бір жыл үшін жоғары көрсеткіш. Бұрын ойын алаңы болмаған немесе ескірген аумақтарда жаңа алаңдардың пайда болуы – балалар үшін тең мүмкіндіктер жасайды. Көпбалалы жас отбасылар жиі қоныстанатын қала үшін бұл бағыт өте өзекті.
Енді бір ерекше айта кететін нәрсе – орталық алаң. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерде осы орталық алаңға қатысты көп әңгіме айтылып жүр. Әйтсе де, орталық алаңдағы жұмыс істемейтін субұрқақтың орнына жаңа жаяу жүргіншілер фонтандарын орнату, жаңа кеңістікке қадам басу емес пе. Бұл нысан қаланың басты символдарының біріне айналуға мүмкіндік береді.
«Универсам» алдындағы аллея мен «Жастар» сквері де толық жаңартылып, заманауи орындықтар, жаңа жабынды, ерекше сәулеттік элементтер орнатылды. Кешкі жарықтандыру жүйесі бұл аумақтың тартымдылығын арттыра түсті.
Сайып келгенде айтарымыз, 2025 жылғы абаттандыру жұмыстары қала инфрақұрылымын ғана жаңартқан жоқ, Сәтбаев қаласының даму философиясын нақты көрсетті. Ол – тұрғындармен диалог, нақты қажеттіліктерге бағытталған шешімдер, заманауи урбанистикалық трендтерге бейімделу, жас ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру, қоғамдық кеңістіктердің мәдени мәнін күшейту.
Бүгінгі Сәтбаев – кеңейген алаңдар, жарықтандырылған көшелер, қауіпсіз жүргінші жолдары, балалар мен жастарға арналған жаңа орта қаласы. Қала өз тұрғындары үшін жаңа деңгейдегі жайлы өмір моделін ұсынуға қадам басты. Абаттандыру жұмыстарының нәтижесі бірнеше айдың емес, онжылдық дамудың кепілі болмақ. Қала халқы ұсынған әр пікір, әр өтініш осы жобалардың өзегіне айналғаны да Сәтбаевтың жаңа даму кезеңінің маңызды ерекшелігі.
Ізтай Белгібайұлы.






