Қарғыс атқыр соғыстан зардап шекпеген қазақ баласы жоқ. Үй табалдырығынан аттап соғысқа аттанар ер азаматы болмаса да талай отбасы тыл деп аталған туған жер төсінде соғыста жауды жеңу үшін жан-тәнімен еңбек етті. Жезқазған-Ұлытау өңіріне белгілі Әшірбековтер шаңырағынан майдан даласына танымал қаржыгер Рақыш Мусинаның әкесі Шахмұрат та аттанған болатын.
Бұл күнде арамызда жоқ майдангер Шахаңның ұрыс даласында бастан өткізген эпизодтары туралы шағын үзіндіні Әшірбековтер әулетінің қуғын-сүргін жылдардан басталатын тарихы туралы жазылған «Ғасырдан ұзақ жол» деп аталатын көркем-деректі хикаяттан алып «ол күндердің өшпес даңқы» демекші, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан әрбір азаматтың ерлік істері ұмытылмауға тиісті деген оймен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
… Бұл уақыт бұған дейін Жыланды баурайында осы аттас және Баршақұмда «Садықбек» атты жерді бірлесе өңдеу серіктестіктерінің біріктірілуі арқылы «Бірлестік» ұжымшарының жаңа құрылған кезі екен. Орталығы – қазіргі Сарысу селосының орны. Ұжымшар басшылығы жиырмаға әлі келе қоймаған, болашағы бар қос жігітті – мұны мен Керімбайды Петропавл қаласына оқуға жіберді. Осында оқып жүргенде кеңес-фин соғысы басталып кетті. Қаланың түрлі оқу орындарында оқып жатқан ер балалардың дені «соғысқа алып кетеді» деген қауіппен елдеріне тарай бастады. Шахмұрат пен Керімбай да «Сарысу қайдасың» деп тартып отырған. Алайда Шахмұрат мұнда келген соң салып ұрып ауылға тартпай, Жезқазған кен басқармасының №12 шахтасына табельші болып жұмысқа орналасты. Өндіріске көзі үйреніп, жұмысшы мамандығына төселе бастаған уақытта фашистік Германия Кеңес одағына тұтқиылдан шабуыл бастап жіберді.. 1941 жылдың қарашасында Шахмұрат майданға алынды.
Аштықтан бір, ату-шабудан (репрессия) екі аман қалған елдің еңсесі көтерілдіп, жүзі енді жадырап келе жатыр еді, қабағы қайта түйілді, басқа қою қара бұлт үйірілді. Шахмұрат өзі құралыптас әр жерден шақырылғандармен алдымен Ақмола қаласында жасақталып жатқан 103-атты әскер құрамында дайындықтан өтті. Содан кейін барып майданға бет алған.
Кеңес Одағының шекарасын бұзып-жарып, ішкері екпіндей еніп келе жатқан жасанған жауға қарсы аттанған жиырманың о жақ, бұ жағындағы өндірдей жасты тиеген ұзын эшалон Украинаның Харьков қаласын бетке алып жүріп кеткен. Мидай жазық қазақ даласын, одан ақ балтырлы қайың аралас орманды орыс жерін көктей өтіп, діттеген жерге жақындаған сайын түнде жүріп, күндіз тоқтау көбейді. Онда да жан-жағы ашық жалаңаш жазыққа емес, ағашы қаулаған орман ішіне тоқтайды, ымырт үйіріле қайта қозғалады. Бұл – майдан даласына жақындағанның белгісі еді. Қанша дегенмен, жүректе қобалжу пайда болады екен. Ойнау үшін келе жатқан жоқсың, бұл соғыс қой! Харьковке жетісімен ұрысқа кірісті де кетті. Өзімен бірге келген азаматтарды жан-жаққа бөліп жіберген. Шахмұрат басында №654-атқыштар полкінің атты әскер бөліміне түсті. Полк армия құрамында бір күні қоршауға түсіп қалды. Мұны басында жауынгерлер білмеген. Қиян-кескі ұрыстар жүріп жатыр еді. Тек командирлерінен айырылып, иесіз қалып ыдырай бастағанда ғана барып, бастарына қиын-қыстаудың туғандарын сезген. Содан оншақты жауынгер бірнеше күн орман ішінде адасып жүріп, алты-жеті кеңес танкілеріне жолығады. Бұлар да полктарынан адасып қалғандар болып шықты. Содан бәрі ақылдаса келе, өмірлері үшін қауіпсіздеу танкілерге ілесіп, қоршауды бұзып шықпақ болды. Сөйтіп, аттарын қоя беріп, танкілердің соңынан автомат асынып жаяу тартсын күні кешегі атты әскерлер. Бұлар да күндіз қалың ағаш ішіне жасырынып, түн мезгілінде ғана қозғалып отырды. Арада үш-төрт күн өткенде өздерінің майданның алдыңғы шебіне өтіп кеткендерін бірақ білді. Мұндай да бола береді ғой, сол үш-төрт күннің ішінде бір де бір жаудың көзіне де түспеген, бетпе-бет те келмеген! Мүмкін, бұған түн қараңғылығында ғана жүріп, күндіз орман ішіне жасырынуы себеп болған шығар. Төртінші күні қалың орман ішіне тоқтап, бағыт-бағдарды тағы бір пысықтаған танк тобының командирлері жауынгерлерді өз бөлімдеріне барып қосылулары үшін жол сілтеп жаяу жіберді. Өздері сол қалың ағаш ішінде қалды. Шахмұрат атты әскерлер бөліміне тап болды. Кейіндері дәл есіне түсіре алмаған, келген әскери бөлімшесі не жетінші, не жетпіс жетінші гвардиялық кавалериялық жеке ұлттық механикаландырылған корпус деп аталатын. Осы корпуста 33-ші атты әскер полкінің артиллерия бөлімшесіне жіберілді. Онда артиллерия пунктіне барлаушы болып тағайындалды. Міндеті – қарсы беттегі жау техникасының қимылын стереотруба арқылы бақылап, координаттарын зеңбірекшілерге, командалық пунктке хабарлап отыру. Сонымен бірге штаб пен артиллерия бөлімшесі орналасқан екі аралықта тартылған телефон байланысын қамтамасыз ету. Айтуға оңай міндет сияқты болып көрінгенімен, жан-жағыңнан снарядтар мен бомбалар гүрс-гүрс жарылып жатқанда байланыс сымын қай жерден қиып кетер екен деп қыпылдап отырасың. Байланыс үзіле қалса болды, сымның бір ұшын қолыңа ұстаған күйі бірде еңбектей, бірде жер бауырлай оқ жауып, снарядтар жарылып жатқан ашық далаға шыға жөнелуге тиіссің. Мұндай жағдай ақыры болды. Таңертеңгілік мезгіл еді, жау жағы бұлар орналасқан аумақты нысанаға алып артиллериядан жаппай атқылай жөнелді. Алыстан қарауытып танкілері де көрінді. Олар да ұзын ұңғыларынан ажал оғын шашып келеді. Артынша көкке фашистердің ұшақтары көтеріліп, маңайға бомба тастасын келіп. Сөйтіп, бір сұмдық басталды да кетті дейсің: жерден де, көктен де ысқырып жеткен ажал оқтары қара жердің әпсәтте астан-кестеңін шығарды. Жер аспанға, аспан айналып жерге түскендей еткен сұмдық сұрапыл жарты сағатқа созылды. Алайда осы уақыттың өзі Шахмұратқа әлдебір шексіздіктей көрінген. Осынау сұрапылдың саябырси бастаған тұсында екі аралықтағы байланыс үзіліп, командир мұның қасына бір орыс жауынгерді ертіп қоя берді. Оқтың өтіне бірінші шығуы еді, құдай басқа салмасын, өзіңді тура қан-қасапқа салып жібергендей күй кешеді екенсің: жан-жағыңнан ысылдай зуылдаған оқтар, әр жерден гүр-гүрс жарылған снарядтар мен бомбалар иманыңды қасым еткендей. Телефон сымын қолдан шығармай алақан арасымен сусыта жылжытып ұстаған күйі үзілген тұсқа тезірек жету үшін бір сәт көтеріліп, бүкшеңдей жөнелгенде маңайынан топырақ бұрқ-бұрқ ете қалды. Бұл дереу жер бауырлап жата кетті сол сәт, артында мұның ізімен бұл еңбектесе, еңбектеп, жер бауырласа, жер бауырлап келе жатқан жас орыс жігіттің де жерге жабыса қалғанын аңдады көз қиығымен, жаудың өздерін байқап қалып, көздеп атып жатқандары анық еді. Содан алдымен маңайды шарлап қарады. Тіке салмай, сәл оң жаққа қиыс бағыт алса, бүкшеңдесе де көрінбей жылжуға болатын ойпаңдау тұстар бар екен, алайда ол жаққа қарай түсе алмайды: үзілген жақ ұшын қатты тартып қалмайын деп алақан арасынан сусытып қана ұстап келе жатқан сымның үзілген тұсынан ажырап қалуың әбден мүмкін. Содан амал жоқ, тағдырдың басқа салғанына көніп, алдында ойлау тұста еңбектеп, ашықта жер бауырлап сымның снаряд түсіп үзілген тұсына да жеткен. Не керек, екеуі әлгі сымды жалғап, жауған оқтың арасымен қалай келсе, солай кері қайтты. Аман-есен тапсырманы орындап келген Шахмұрат осы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, от пен оқтың ортасынан аман-есен өтіп, 44-жылдың қысына да іліккен. Шахмұрат үшін 1941 жылдың күзінде Украинаның Харьков қаласынан басталған қанды жорыққа қарап отырса, табаны күректей үш жыл өте шығыпты. Неміс-фашистердің тұтқиылдан жасаған алапат шабуылына алғаш кеудесін тосқан украин, белорус жерлерінен сол үш жылдың ішінде жауды қайта түре қуған кеңес әскерлерінің қатарында, міне, енді поляк елінің астанасы Варшава қаласының іргесіне келіп табан тірегендеріне екі күндей болған. Бұл уақытта кеңес әскерлерінің күш-қуаты артып, қару-жарағы молайған. Осыдан бір жыл бұрын немістердің зәресін зәр түбіне жіберетін «Катюша» өмірге келген. Танкілердің жылдамдығы мен маневрлігі артып, броны күшейген. Бұлардың атты әскері де жеткілікті тәжірибе жинап, соғыс өнеріне ысылып қалған кезі. Сол кездері де аңдайтын, кейіндері де ойлап отырса, бұлардың механикаландырылған атты әскер корпусы қашқан жауды өкшелей қууға, қай жерде қиындық туындаса, сонда жұмсауға арналған резервтік әскери бөлім болған секілді. Шынында да бұл корпустың соғыс жағдайындағы мүмкіндігі де, артықшылығы да бар еді. Енді ше, корпустың өзі танктерден, артиллериядан, атты әскерден тұратын. Міне, енді фашистерді өкшелей қуып келіп, Висла өзенінің бергі бетіне қорғаныс құрған. Арғы бетте – жау. Бірақ, екі жақ та келісіп алғандай атысты тоқтатып, тынығуға көшкен. Енді бұларға елден әншілер келе бастады. Сондай күндердің бірінде бөліміндегі қазақ азаматы: «Шахмұрат, бүгін кешке Қазақстаннан келген әнші концерт қояды деп жатыр, қалмайық, барайық» – деді. Сонымен, кешке жорық сахнасына қазақтың қаракөз әншісі күлімдеп шыға келсін. Жамал Омарова екен. Қазақ жауынгерлері әйгілі Жамал әнші сахнаға көтеріле бергенде-ақ дүр етіп қол шапалақтай жөнелген. Әнші сонау алыстағы поляк астанасы түбіне сыңғырлаған дауысымен қазақ әнін ғана ала келмеген еді, ол сонымен Отанның бір бөлшегін, оның кең жазира даласының қайталанбас иісін де ілестіре келгенін сонда ұққан Шахмұрат.
Осылайша қысты өткізді. Ал, көктем туа кеңес әскері жаппай шабуылға шықты. Тегеуірінді шабуылға төтеп бере алмаған фашистер қаша жөнелді. Сол қуғаннан қуып отырып, Польшаның жерін азат етіп, мұның корпусы Балтық теңізіне бағыт алған. Бұл жерде де немістердің болымсыз қарсылығы болмаса, жауды тоқтаусыз дерлік қуып отырды. Теңізде фашистердің қашқан әскери кемелерін снаряд жететін жерде зеңбіректермен атқылап, оқ жетер жерден алшақ кетіп үлгерсе, ұшақтармен бомбалап су түбіне батырып жатты.
Бұдан соң кеңес әскерінің құрамында Шахаң қызмет ететін гвардиялық корпус Берлинге бет алған. Қорқаулардың бас апанына дейінгі жолдағы қалалардың барлығын алып келіп, Берлинді толық қоршауға алғаннан кейін бұлардың корпусын ары қарай жіберді. Берлиннің ту сыртын айналып өткен корпус Германияның бірнеше қаласын басып алып, Эльба өзеніне шықты. Бұл 1945 жылғы мамыр айының басы болатын. Ол күн жадында өшпестей болып мәңгі қалды. 8 мамырдың таңы алаулап, мамыражай атып келе жатқан. Шахмұрат сол күні телефон байланысында кезекшілікте отырған. Сағат таңғы сегізді соққанда «фашистік Германия жеңілгендері туралы ультиматумға қол қойды, соғыс Одақтастардың жеңісімен аяқталды» деген хабар жетті. Лезде маңай у-шу болды да кетті. Ғимараттардан далаға атып-атып шыққан жұрт кезіккенін кім екеніне қарамастан құшақтай алып, дөңгелене билеп кетіп жатыр. Бірінің үстіне бірі жиналып, нөпірге айналған, бір арада жыласып, бір арада күлісіп, бір арада өз тілдерінде көңілді әнге басып жатқан көптің көңілді дуы зеңгір көктің өзін шіреп бара жатқандай еді. Әскери уставтың қатаң талабынан шыға алмай кезекшіліктегі орнында отырып қалған Шахмұраттың көз алдын туған жері – Сарысуы, әке-шешесі, бауырлары келе қалған. Көзінен ып-ыстық жас ыршып түсті. Бұл қуаныш жасы еді. Кеудесін «енді елге қайтамыз!» деген шаттық сезімі билеп барады. Сол сәт еркінен тыс орнын серпіле тұрып кетті. Тепсе, темір үзер жиырманың бесеуіне шыққан, төрт жылғы қанды жорық жолында ысылған жігіттің тұла бойын бұла күшпен қоса арнасынан аса лақылдаған ғаламат бір қуаныш па, шаттық па кернеп бара жатқан бұл кез!..
Алайда бұлардың корпусы мамырдың 12-сіне дейін ұрысты тоқтатқан жоқ. Бірақ бұл жолы снарядтарды үнемдеуді қойып, зеңбіректерден оған тікелей қатысы бар, қатысы жоқ барлық жауынгер жабыла оқ ататын болды. Атысты тоқтату туралы бұйрық келгеннен соң корпус Эльба өзенінің жағалауына келді. Өзеннің аржақ жағасында американ, ағылшын солдаттары ұшақтармен, әскери техникалармен келіп түсіп жатты. Олармен кездесу ұйымдастырылатын болды деген әңгіме лезде тарап кетті. Әрине, өздерімен одақ құра шайқасқан өзге елдің жауынгерлерімен кездесуден бәрі де дәмелі еді, алайда, командование өңірлерінде орден-медальдары көп, сұңғақ бойлы солдаттарды таңдап жіберді. Дегенмен, Шахаңдар да құралақан қалған жоқ. Маршал Буденный келетін болып, салтанатты шеруге атты эскадрон жасақтай бастады. Жал, құйрығы төгіліп, тыпырши ойнақтаған аттарды түсіне қарай: күреңін, бозын, қаракерін бөлек жасақтатты. Ат құлағында ойнайтын кавалерия жауынгерлеріне казактардың әскери формаларын: бастарына кубанка, үстеріне иығында погоны, кеудесінде оқшантайы бар китель, бұтына қалың қызыл лампасты шалбар кигізіп, салтанатты сапқа алып шықты. Сөйтіп, жүйрікке мініп, Сарыарқаның сар даласында желмен жарысып өскен қазақтың бір баласы Шахмұрат қаракер аттың үстінде қасқия отырып, мұртты маршал Буденныйдың алдынан сап түзеп өтті.
Содан соғыс толық аяқталып, төрт жыл бойы оның адамзат баласының басына салған лаңын бастан кешірген, жауған оқтың, жанған оттың арасынан шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп аман-есен өткен Жеңіс жауынгерлері елге қарай бет түзей бастады. Бұларды Буг өзенінен өткізіп, Брест қаласына алып келді. Бұл 1941 жылдың 22 маусымы күні таңғы елең-алаңда Кеңес елінің шекарасын бұзып кірген фашистердің жерден де, аспаннан да берген алғашқы жойқын соққысын бірінші болып қабылдап, тойтарыс берген атақты тарихи қамал еді. Алшаңдай басып, еркінсіп келген немістердің аптығын басқандардың арасында 33 ұлттың өкілдері, соның ішінде қазақстандықтар мен қазақтардың да болғанын осында естіді. Жасанған жаудан жүректері шайлығып көрмеген қандастарына деген мақтанышы кеудесін кернеген.
Жалпы, соғыста ерлік жасасам деген ой миыңа кіріп шықпайды ғой. Сол секілді жаңбырша төпеген оқтың ортасынан аман қалсам деп бұқпантайлап күн де кеше алмайсың. Өйткені адамның сана-сезіміне өктемдік жасайтын соғыстың өз заңы, өз тәртібі бар. Сол соғыс заңы мен тәртібі сенің етіңді қауіп-қатерге әбден үйретіп тастайтындай, олай болмаса, ауаны қым-қиғаш тілгілеп жатқан оқтың қайсысы келіп тиер екен деп алақ-жұлақ етіп жүрер ме едің.
Артиллерия болған соң бұлар көбіне тылда тұратын, сол арадан алдын-ала белгілеп берген кооридинаттар бойынша жау шебін атқылайды. Алайда, кейбірде шабуылға шыққан бөлімдерге көмекке де жіберетін кездері аз болмайтын. Сондай көмекке келген беттері еді. Жау басып алған деревняны қайта тартып алуға қатысып, қолға түскен немістің қару-жарағы мен құжаттарын тінтіп жатқан. Айлы түн болатын. Бір кезде біреу жағынан шапалақпен оқыс қатты тартып жібергендей болып, етпетінен түсті. Басқа еш ауырсынуды сезген жоқ, тек сөзінің ауыздан емес, мұрыннан шығатынын аңдаған. Қасында қаруын кезеніп екінші бір солдат тұрған болатын. Бұл құлаған сәтте қарсы жақ беттен жарқылды байқап үлгерген ол сол бағытқа қарай автомат оғын сеуіп жіберіпті. Артынша жаралы Шахмұратты сүйретіп окопқа түсіріп, оқ тиген жағын байлап берді. Содан соң санитарлық бөлімге жеткізді.
Енді бірде жақыннан жарылған снарядтың жарықшағы келіп иық тұсынан қадалған. Тіпті сол жарықшақтың қадалғанын да білген жоқ, өйткені бұл жолы да бәлендей ауырсынуды сезінбеген, тек иық жағының жыбыр ете қалып, артынша іші жылы сұйықтық құйылғандай жылып жүре бергенін сезген. Иығын ұстағанда қолына жұққан қаннан жараланғанын білді. Сол снарядтың жарықшағы өз бойында өмірінің ақырына дейін қалды. Санитарлық бөлімде дәрігерлер жарықшақты алып тастауға қарсы болды. Оны алып тастасақ, қолың істемей қалуы мүмкін десті олар. Содан сол снаряд жарықшағы соғыстан ескерткіш ретінде жауырын мен қабырғаның түйіскен тұсында қалды. Кейін білгені снарядтың жарықшағынан ешқандай зиян жоқ екен, ал қорғасын болса, бір орында тұрмай сусып, маңайын іріңдетіп жібереді екен. Алғаш кездері күн бұлтты болғанда сыздап белгі беретін, кейіннен бар жоғы тіптен білінбей кетті.
Мұның барлығы Брест қамалын қорғаушы ержүрек жауынгерлердің сапында қазақтар да болды дегеннен шығып жатыр ғой. Иә, осы Брест қамалын қорғаушылардың барлығы соғыстың қатал заңын терең игеріп үлгермей жатып, қиян-кескі шайқасқа қойып кетті емес пе! Айқұш-ұйқыш зуылдаған оқтар қастарынан жанап өткен сәттен бастап өз өмірлері үшін қорқынышты ұмыта бастаған болар, яғни, соғыстың қатал заңына еш дайындықсыз дерлік бірден илігулеріне тура келді ғой оларға!
Соғыс болған соң, онда нендей жағдайлар болмайды дейсің?! Соғыс басталғанға дейін Жезқазған жақта Жағыпар Оспанов деген әлде сот, әлде прокурор болып істеген кісі болған еді. Сол адамды майданда жаяу әскер сапында командир болып жүргенін көзі шалған және әредік сырттай көріп, жүретін, тіпті кездесіп те қалатын күндер болатын. Бір күні сол жаяу әскер бөлімінің орыстарының бірі келіп бұған «анау деревняның тұсында сендердің ағаларың өліп жатыр» деп хабарлап кетті. Содан Шахаң қасына бір қазақ жігітін ертіп алып сол жаққа келеді. Шынында, әлгі адам снаряд түсіп ойылып қалған шұқырдың жиегінде сұлап жатыр екен, жаяу әскердің бір жеңді плащ-палаткасына орап, бас жағын бүріп тастапты. Ашып көріп еді, жаны бар екен, бірақ басын айналдыра таңып тастаған, сөйлеуге мүмкіндігі жоқ. Жерлесін әлгі жерден қауіпсіз тұсқа алып шықпақ болып жатқанда, немістердің үш-төрт танкісі арылдап келіп қалғанын бірақ көрген. Амал жоқ, бас сауғалауға тура келді. Бұлар алыстап кеткен кезде сол тұсқа басқа бір әскери бөлім келіп, фашистермен шайқаса кеткенін көрді, алайда қайтып бару мүмкін болмай қалды, бұларды басқа жаққа алып кетті. Ертесіне ауылға хат жазып, «Жақсыкүннің әкесі (руы Кәрішал болатын) солай да солай, соғыста бәлен деген жерде қаза тапты» деп хабарлап жіберді. Кейін елге оралған жылы әлгі кісімен бір танысының үйінде кездейсоқ жолығыссын. Үй иесі жиені болып келеді-ау дейді, сол екеуі әлденені тойлап отыр екен. Міне, тағдыр деген. Осыдан кейін «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген қазақтың сөзінің шындығына иланбай көр!..
Брестен соң бұлардың механикаландырылған атты әскер корпусын Азербайжанның Кировабад қаласына алып келді, осында аттарын өткізіп, елге қайтуға жиналды. Бұл 1946 жылдың желтоқсан айы болатын. Төрт жыл соғысты өткеріп, бір жыл бойы резервте тұрған бес жылдан соң елге қайтамыз деген қуаныш барлық жауынгерді желпіндіріп жіберген: қайда барсаң да көңілді әңгіме, жарқылдаған күлкі. Адам тасуға арнайы жабдықталған жолаушылар вагондары емес, іші тақтай қызыл вагондарға мінудің өзі ұзынсонар кезекке айналып, әйтеуір біркүндері әупірімдеп іліккен. Содан Баку арқылы шығып, Петропавловскіге жиырма күннен аса жүріп келді. Одан әрі Жезқазғанға қарай созылған шойын жол ұзап кеткендей, жеткізбей қойсын!.. Жолдың ұзақтығы өз алдына, бұлар мінген пойыз әрбір стансаны санамалып, тіпті елсіз далаға да «солқ» етіп тоқтай салады екен. Кейін білді: Жезқазғаннан кен тиеп шыққан жүк вагондарын өткізіп жіберу үшін аялдайды екен ғой. Әйтеуір әупірімдеп кейін Түйемойнақ стансасы аталған, ол кезде 59-шы деп ен тағылған разъезге де табан тіреген. Таң сыз бере келген ол күн арқан бойы көтеріле бере Жыландыға беттеген бір шалдың түйе шанасына міңгесті.
Ауылға жақындаған сайын жүрегі атқақтап, демалысы жиілей берген. Қайран туған даласы! Ақпан айы енді басталған, дүниенің бәрі аппақ. Нығыздалып қалған қасат қар үстімен шана бірқалыпты жеңіл сырғып келеді. Орта бойлы адамға құйып қойғандай тұлыпты қаусыра жамылып, шөкімдей болып отырған беті бір уыс қара шал стансадан шыққалы ләм деген жоқ. Не соғыстан оралған солдаттарға көзі үйреніп кеткен, не әдеті сол болар. Божыны анда-санда тапал қара інгеннің сауырына дейін көтере қағып қойып, тұлыпқа көміле түседі.
Шахмұрат та өз ойымен өзі. Ақпанның шыңылтыр таза ауасымен кеудесін кере тыныс алып қойып, аппақ далаға қарап ойға шомып кетеді. Осынау кіндік қаны тамған туған даласынан екі рет ажырап, екі ретте де аман-сау оралып келе жатқанын ойлады. Бұл да осы қасиетті өлкеде тамырын тереңге жайып, елдің сөзін сөйлеген, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Жауғашты, Өтебей, Құлшық бабаларының аруақтарының қолдауы мен қорғауы болар.
Әке мен шешенің мұның келетінін естігелі бері дегбірлері жоқ шығар. Анасы Шолпан разъезд жаққа жиі-жиі қарағыштап, «ұлым қашан келер екен?» деп жол тосып жүрген болар. Әйтеуір ұлының аман-сау екенін біледі, былтыр күзге қарай «қыста босап қалармыз» деп хат жазған.
Айнала мүлгіген аппақ әлемге және бір шола көз тастап, көңілді қалыпта кеудесін кере тыныс алды. Туған жердің ауасының өзі қандай шіркін! Дәру екен ғой, дәру! Әсіресе, төрт жыл бойы кеудесінде тұнып қалған оқ-дәрінің ащы, снарядтар мен бомбалардың күйік иісін бір сәтте түре қуып шыққандай болғанын көрмеймісің?! Осындай ойлардың жетегінде келе жатып ауылға жақындап қалғанын да аңдамапты. Божышы шалдың түйені тоқтатып, тұлыптан алғы жаққа басын қылтитып шығарып жатқанда барып аңдады оны.
Жыландыға бұрылар тұсқа да жақындап қалған екен, ауыл жақтан өздеріне аттылы біреулер желе шоқытып келе жатыр. Жақындағанда аңдады, бір ересек адам мен алдына міңгескен жас бала. Олар келген бетте аттан жеделдете түсіп, бұған қарай арсалаңдай ұмтылды.
Бұлардың бірі тумаласы Дәурен, ал, бала өзінің жеті-сегізге келіп қалған інісі Серік екен. Ұмар-жұмар құшақтаса кеткен. Содан атқа мұны мен Серікті мінгізіп, Дәурен жаяу ілесіп өзеннің арғы бетіндегі ескі мектеп жанындағы тоқал үйге қарай беттеді. Інісі Серіктің қуанышында шек жоқ. Ағасының өңірінде сыңғыр қаққан «Қызыл Жұлдыз», «Отан» ордендері мен Маршал Жуков және басқа да медальдарға қарап кеудесін кере тыныстап қояды. Әрине, мақтанғаны ғой!..
Сұм соғыс ауыл тірлігіне өзінің зіл салмағын салып-ақ баққан екен. Үйдің тірлігі тым жұпыны. Әкесі еңбек армиясынан босамапты әлі. Рудник кентінде жұмысқа жегілген әскери тұтқындарға бақылау жасайды екен. Өзімен тетелес қарындасы Шәрбанның тұрмысқа шығып кеткенін бұрыннан хат арқылы естіген. Шешесі колхозда сауыншы, бозала таңнан кетіп, кеш бата келеді. Араарасында түске таман үйге соғып, он бір-он екіге келіп қалған қарындасы Рахима мен інісі Серікке және бұған шәй беріп кетеді. Ондайда үй іші демде жарқырап, жадырап сала береді. Дастарқанда құрттан басқа ештеңе жоқ деуге болады. Кейде оған бір уысқа толар толмас қуырылған бидай қосылады. Өз үйінің ғана емес, басқалардың да көрген жағдайлары осы.
Сонымен Шахмұрат бір аптадан соң колхоздың қара шаруасына кірісіп кетті. Колхоздың есепшісі Зікірия мұны шотовод (шот қағушы) етіп жұмысқа қабылдады. Бұрынғыдай емес, үйдің жағдайы түзеліп, шаңыраққа шуақ еніп келе жатты. Екі жылдан соң әкесі Бәйжігіт трудармиядан («трудовая армияның» жалпақ тілдегі атауы – автор) оралды. Бұл кезде қарындасы Рахима он үшке аяқ басып, шешесіне көмекке жарап қалса, інісі Серік үйдің ұсақ-түйек шаруасын атқарып тастай беретіндей қолғанат болып қалған. Сол жылы өзі ауылдың Алтын есімді қызымен көңіл жарастырып, шаңырақ құрды. Әке келіп, келін түсіп үй іші кәдімгідей толып, шырайланды да қалды.
Әкесі келген соң колхоздың бір табын сиырын алып бағатын болды. Содан ескі мектеп жанындағы үйден көшіп, кейін «Бәйжігіт қыстауы» аталған өзен бойындағы жерге барып қоныс тепті. Туған ауылы Сарысудан Рейхстагқа дейінгі отты жолдан өтіп аман-есен туған топырағына табан тіреген Шахмұрат бейбіт өмірді осылайша шот қағумен бастап кетті…
Төлеш Асанов,
Қазақстанның Құрметті журналисі.