Жәнібектің арманы ағылшын тілі маманы болу еді. Мектепте оқып жүрген кезде сол арманына жету үшін оқу бағдарламасымен шектеліп қалмай, ізденіп, өз бетінше білімін жетілдіріп, талаптанып жүретін. 1992 жылы қаладағы №9 мектепті бітіріп, Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетінің шет тілі бөліміне құжаттарын тапсырады. Алайда оқуға түсудің сәті түспеді. Босқа жүргісі келмеген Жәнібек көп ойланбастан құжаттарын құрылыс техникумына тапсырып, сынақтардан ойдағыдай өтіп, оқуға қабылданады. Бірінші курсын аяқтаған кезде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Қайтып оралған соң көңілі қаламаған оқуын қайта жалғастырғысы келмеді.
Бірде үйге Самал жеңгесінің әкесі, туған құдасы, Жезқазған театрының белді актері Мейрамхан аға Қожақов келе қалды. Дастарқан басындағы әңгіме барысында Мейрамхан аға: «Жәнібек, осы сенікі не жүріс? Біздің театрға барып, бағыңды сынап көрсеңші. Бой десе, бойың, түр десе, түрің бар. Облыс жабылған соң біраз әртістер басқа театрларға кетіп қалды, Театрға жастар керек», – деді. Алғашқыда аға ақылы тосындау естілгені рас. Әртіс болу үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Бірақ ой таразысына салып, салмақтап көрген Жәнібек «мүмкін бұл ақыл да дұрыс шығар. Барсам, барып көрейін» деген қорытындыға келеді.
Ол кезде театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Жанат Хаджиев Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына ауысып кеткен, орнына Оралдан режиссер Мұрат Ахманов келген болатын. Түрлі тапсырмалар беріп, жас жігіттің бойында жылт еткен өнер ұшқыны бар екенін байқаған Мұрат Ноянбайұлы оны жұмысқа қабылдайды. Сол жылы еңбекті оқумен ұштастырып, Жезқазған музыкалық колледжі жанындағы актерлік бөлімге оқуға түседі. Колледжде Досжан Жанботаев, Райхан Ибраева, Бақытжан Ибраев сияқты Серке театрының дарабоз дарындарынан дәріс алып, сомдаған сан қырлы образдарын көре жүріп, сахна өнері жайлы таным көкжиегін кеңейтеді. Оқи жүріп, жұмыс істеудің бір жағымды тұсы – спектакльге дайындық барысында актерлік мамандықтың қыр-сырын, өзіндік ерекшелігін тереңірек тануға, жан-жақты меңгеруге, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беруінде. Өзі бұған дейін білмеген, сезінбеген, терең тұшынбаған өнер атты сырлы әлемнің құпиялы қатпарлары Жәнібектің алдында біртіндеп ашылып, жаңа әлем жұмбағымен өзіне тарта жөнелді… Әрине, мамандықтың өзіндік ерекшелігін жете меңгеру үшін орта арнаулы білім аздық ететінін біліп, 2015 жылы Б. Бейшеналиева атындағы Бішкек өнер академиясының «Театр және кино актері» бөліміне түсіп, 2019 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.
Уақыт не деген ұшқыр десеңізші?! Театрға келгені кеше ғана сияқты еді, жиырма жылдан аса уақыттың қалай өткенін байқамай да қалыпты. Кешегі тәжірибесіз жас бүгінде театр табалдырығын енді аттаған жастарға ақыл айтып, жөн сілтер жасқа – қырық жастың қырқасына шығыпты. Көрген, түйгені, жеткен жетістігі де баршылық.
Алғаш сомдаған рөлі де есінде. «Сахна тілінен» берген ұстазы Р. Ибраеваның «Махаббат пен кесапатындағы» нашақор Муму бейнесі. Жақсы отбасынан шығып, мектепте де озат оқушылардың қатарынан болған жас жігіт нашар ортаға тап болып, нашақорлыққа салынып, ақыры содан жас өмірі қыршынынан қиылады. Рөлді шынайы беру үшін нашақорлар жайлы кітаптарды оқып, бейнебаяндарды көріп ізденген Жәнібек кейіпкер бейнесін табиғи қалыпта өте нанымды бейнелей алды. Сәтті сомдалған рөл көрерменге, әсіресе жастарға ерекше әсер сыйлап еді.
Өнерге бағышталған осы жылдар ішінде қиналған да, қуанышқа бөленген кездер де аз болмады. Кезекті рөлге дайындық барысында кейіпкер бейнесін шынайы берудің кілтін таба алмай қиналған сәттерде: «Осы мен мамандығымды дұрыс таңдадым ба?» – деген ой қылаң беріп қалатыны жасырын емес. Ондай кезде намысын жанып, «бұл менің қолымнан келеді» деп, бар жан-тәнімен дайындыққа кірісетін. «Режиссердің берген бағыт-бағдарын актер одан әрі кеңейтіп, өзі ізденуі керек» деген қағиданы берік ұстанып, кейіпкерлер бейнесін сомдауға әр түрлі шығармашылық жолдармен келді. Еңбекқор актердің тапсырылған рөлге үлкен жауапкершілікпен қарап, беріле ойнауы, әрине, өз жемісін берді. Айталық, Есенжол Домбайдың «Ғашықтық туралы балладасындағы» – Меңдібай, Татьяна Ракишеваның «Өмір сүргім келедісіндегі» – Дастан, Мархабат Байғұттың «Ауған қасіретіндегі» – Мирқодир, Рахман, Кенжебай Ахметовтің «Шырағындағы» – Саяқ батыр, Винс Дельмардың «Өкінішті өміріндегі» – Билл, Дулат Исабековтің «Актрисасында» – бизнесмен, Камал Әбдірахманның «Кетбұқасындағы» – Нартұқ батыр, Редьяд Киплингтың «Маугли» ертегісінде – Шерхан, Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамалында» – НКВД бастығы, Валентин Красногоровтың «Естен кетпес сабағында» – профессор Кольцов, Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдеріндегі» – военком, Ғ. Ештанаевтың «Төртеу түгел болғандағысында» – Бабыр би сияқты бояуы қанық образдар Жәнібектің әр бейнені жанрлық сипатына қарай даралап көрсетудегі тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Енді оның осы жылы репертуарға енген жаңа спектакльдерде Жәнібек сомдаған рөлдерге толығырақ тоқтала кетелік.
Көрнекті қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің бұдан елу жыл бұрын жазылған махаббат, ғашықтық сезім сияқты мәңгілік тақырып арқау болған «Ғашықтар» романы бойынша қойылған спектакльдегі Жәнібек сомдаған дәрігер Шерубайдың рөлі актердің оң жамбасынан келген образдарының бірі десек, артық айтқандық емес. Студент жас қыздың өмірін қор еткен Шерубай бейнесі алғашқыда ұнамсыз жан ретінде көрінеді. Спектакль оқиғасына тереңдей келе іштей жеккөріп отырған жанның келбеті көрермен көзалдында біртіндеп биіктей түседі. Оның Жантасқа ақтарған жан сырынан Ұлболсынды шынайы сүйгені, бірақ отбасылы болғандықтан үйлене алмағаны, дауасыз дертке ұшырағанын естігенде жан күйзелісіне түсуі көңілде қалыптасып үлгерген жағымсыз қалыбынан сейілтіп, махаббатта жолы болмаған жанға деген аяныш сезімін туғызады. Арадағы күрделі қарым-қатынастарына қарамастан, Жантастың апатқа ұшыраған сүйген қызы Аяжанды құтқарып қалуы – жеке бас мәселесінен адамгершілікті, кәсіби міндетіне адалдықты жоғары қоятын жан екенін көрсетті. Жәнібектің бұл рөлі бұрынғы рөлдерінен өзгерек болғандықтан, оның бұрын байқалмай жүрген жаңа бір қырынан танытты. Күрделі, психологиялық рөлдерді кейіптеудегі мүмкіндігінің молдығын көрсетті.
Ал француз драматургі Ж. Сиблейрастың «Жел тербеген теректер» трагикомедиясындағы Густав басқаларына мүлдем кереғар образ. Бірінші дүниежүзілік соғыстың ержүрек жауынгері Густав қартайған шағында соғыс ардагерлеріне арналған мекеннің тұрғынына айналды. Ол еркіндігіне тұсау салған мекеннен қашу үшін тағдырлас достарымен небір ақыл-ойға сыймайтын жоспар құрады. Оның қисынсыз іс-әрекеті бір жағынан күлкілі болса, қартайғанын мойындай қоймаған, ақыл-есінде ауытқушылығы бар жанның аянышты халі жүрегіңді ауыртады. Спектакльде актер өзінен 20-30 жас үлкен қарт адамның бейнесін қимыл-әрекеті мен сөз саптау мәнері арқылы дәл береді. Жастық шақтарында бар күш-қайраттарымен қоғамға лайықты қызмет еткен Густав сияқты жандардың ауруға ұшырап, қартайған кездерінде ешкімге керек болмай қалатыны жайлы әлеуметтік мәселе көтерген қойылым көрерменін бей-жай қалдырмады. Осындай бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлерді жанрлық сипаттарына қарай сәтті шығару жолында тынымсыз тер төккен, ізденген актер шеберлігі көрермен тарапынан лайықты бағасын алды.
Жәнібек Майрамбек театрдың және қаланың қоғамдық-мәдени өмірінен де шет қалған емес, Атаулы мерекелерге арналған театрландырылған қойылымдардың бел ортасында жүреді. Театрдың кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде де біраз игілікті істерді жүзеге асырды. Еңбегі ескерусіз емес. Қалалық, облыстық дәрежедегі Құрмет грамоталармен қатар, театрдың елу жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталуы актердің еңбекқорлығын лайықты бағалау деп білеміз.
Сөз орайы келгенде айта кетсек, Жәнібектің өмірлік жары Гүлім Төребекқызы да осы театрда еңбек етеді. Қуыршақ труппасының талантты актрисасы. Екеуін таныс-
тырған да, табыстырған да – театр. Жұптары жарасқан, бақыттарын өнерден тапқан жандардың отбасында Тілеген деген кішкентай азамат өсіп келеді. Бәлкім ол да өскенде ата-ана жолын қуып, өнер жолына түсер. Оны енді өмір көрсетеді. Әзірге ата-ана көз қуанышына айналып, аман-есен ер жетсін дейміз.
Ішкі мәдениеті, ақыл-парасаты мен сыпайы-сырбаз мінезі сыртқы пішінімен сәйкес, рухани дүниесі бай Жәнібекке сахна төрінен алған өзіндік орныңды төмендетпей, жарқын рөлдерді жарқырата көрсете бер деген тілек білдіреміз.
Үмітай Молдаберген, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.