Ерте ме, кеш пе – әркімнің көңіл түпкірінде жататын бір сұрақ бар: өлім мен өмір арасында жатқан адамның жаны тап болатын өзге бір мекен бар ма, жоқ әлде бос кеңістікке сіңіп кете ме? Бәлкім, адам ой-қиялынан тыс басқа бір әлем бар шығар? Атақты француз жазушы – драматургі Эрик-Эмманюэль Шмиттің «Екі дүниенің ортасындағы мейманхана» («Отель двух миров») шығармасы бойынша режиссер Мируана Жанботаева қойған спектакль осы сұрақтарға жауап іздеп көреді. Орысшадан аударған Райхан Ибраева. Қоюшы суретшісі Қуат Дүйсенбек. Музыкамен көркемдеген Үмітай Абдулаева, жарықпен әрлеген Нұрлан Сембаев.
Екі дүние ортасындағы мейманхана – расымен де бұл мейманхана ма? Жоқ әлде аурухана ма? Келушілерді үнсіз қарсы алып, шығарып салатын жас жігіт пен қыз. Дәрігер А. Мұнда барлығы – құпия, өзгеше атмосфера. Өйткені бұл жер – өлім мен өмір арасында жатқан адамдардың жандары тоғысатын кеңістік. Осында тап болған жандар барлығы бірдей. Мұнда ешқандай әлеуметтік теңсіздік жоқ. Шымылдық ашылған сәтте көзге бірден шалынатыны – кең, жарық күту залы мен жеделсаты. Дегенмен, осы беймәлім мекен тұрғындары мұнда қалай келгендерін, қашан, қайда кететіндерін білмейді. Қауіптене, әрі үмітпен күтетіндері – дәрігер А. Тағдырларын шешетін сол деп ойлайды, бірақ жағдай олай емес…
Спорттық журналдың бас редакторы Жюльен Порталь (Руслан Абдуллаев) осынау құпия мекенге кездейсоқ тап болғандардың бірі. Қайда келгенін түсінбей дал: не аурухана, не мейманханаға ұқсамайды. Өзін қарсы алған қызметкерлер де біртүрлі: сұраққа жауап қатпайды. Мейманханаға тапсырыс бермеген сияқты еді, бірақ аты-жөні келушілер тізімінде тұр.
Русланның кейіпкері Жюлень Порталь – өмірге жеңілжелпі қарайтын жан. Жұмыста да тұрақсыз, екі жылда бір қызмет ауыстырады. Өмірдің қызығы – жақсы ішімдік пен темекі, көңіл көтеретін қыз-қырқын деп есептейді. Бұл жолы да ішімдікке тойып алып, көлігіне отырады. Қараңғы жолда бар жылдамдықпен құйғытып келе жатып, ұйықтап кетіп, ағашқа соғылып, осы екі дүние ортасындағы өзгеше әлемнен бір-ақ шығады. Тағдыр оны осы құпия мекенде еден жуушы Мари, президент Дельбек, көріпкел Раджапур сияқты қилы тағдырлы, мінез-құлықтары бір-біріне ұқсамайтын жандармен жолықтырды. Жас актер Руслан Абдуллаевтың бұл алғаш сомдаған басты рөлі. Соған қарамастан Руслан кейіпкерінің мінез өзгешелігін, оның ішкі толғанысын, біртіндеп өмірлік ұстанымының өзгеруін тәп-тәуір бере алды деуге болады.
Осы уақытта оларға жас қыз Лора (Тоғжан Үмбетжанова) келіп қосылады. Ауыр науқас Лора бұдан бұрын да осында болған екен. Өмірде қимыл-қозғалыссыз төсекке таңылған Лора бұл жерде өзін өте жақсы сезінеді. Барлығына қуанышпен қарап, еркін қимылдайды, жүріс-тұрысы жеп-жеңіл. Оның келуі жарық сәуле мен жылылық ала келгендей болады. Барлығына қолды бір-ақ сілтеп, немқұрайлы қарайтын, қызуқанды, тік мінезді Жюлень Лорамен кездескеннен кейін күрт өзгереді. Лораның келер күннен күткен үміті мен сенімі Жюленьге де әсер етеді. Оның өмірге құштарлығы, кіршіксіз, таза махаббаты өмірдің мәнін түсініп, өзгеруіне, шынайы сүйспеншілікті сезінуіне себепкер болады.
Мейманхана Лораны да өзгертеді. Өмірде ауыр науқас қызға ешкім сөз айтып көрген жоқ еді. Бұл жерде ол сүйгеніне жолығып, өзін қызындай жақсы көрген Раджапурдың жүрегіне ие болады. Тоғжан кейіпкерінің ерке қылығы мен еркін қимылын, өмірді жан-тәнімен сүйген шынайы сезімін барынша нанымды бере алды, сонысымен көрерменді сендірді.
Тәжірибелі актер Бақытжан Ибраев сомдаған сиқыршы Раджапур – өзінше бір ерекше кейіпкер. Шын аты Марсель Пелюша. Осында келгеніне жарты жылдан асқан. Содан бері қаншама адамды қарсы алып, қаншасын шығарып салды! Бұған дейін өзгелерді тыңдап келген ол о дүниеге аттанар алдында жан сырымен бөліседі. Жиырма жастағы жалғыз қызы қайтыс болған екен. Іссапарда жүрген Марсель ауырып жатқан қызына бара алмай қалады. Осы жағдай оның жанын жегідей жеп, өзін қызының алдында кінәлі санайтын. Осыдан кейін бар жұмысын тастап, «сиқыршы Раджапур» атанады. Бал ашып, көріпкелдік жасайды, сонымен күн көреді. Сүйкімді Лораны туған қызындай жақсы көріп кетеді. Қызына жасай алмаған жақсылығын Лораға жасауға, жүрегін беруге шешім қабылдап, оған өмір сыйлайды.
Актриса Бәтима Әлкенованың сомдауында еден жуушы Мари қарапайым, жаны жайсаң әйел. Бар өмірін сүйікті қыздарына арнаған, бірақ оған өкінбейді де. Бар қолынан келетіні – еден жуу, шаң сүрту, бір сөзбен айтқанда, тазалық сақтау. Тап-таза жердің өзінен қарайған бірдеңені тауып алып, сүртеді де жатады, шаршау дегенді білмейді.
Қимылы қандай шапшаң болса, аузы да солай тез қимылдайды. Арманы – тағдыр екінші өмір сыйласа, философ болу. Бірақ ол арманы енді ешқашан орындалмақ емес, өйткені жеделсаты оны жоғарыға алып кетті.
Осы мейманхана тұрғындарының ішінде ештеңені сезініп, ешқандай қорытынды шығармағаны – президент Дельбек (Ерке Байдешев). Өмір мен өлім арасында жатса да ол бұрынғысынша баю, пайда табу туралы ғана ойлайды. Тек ақша ғана ол үшін үлкен маңызға ие. Өзгелер өмірдің мәнін түсініп, оған деген көзқарастарын өзгертіп, біреулер үшін өмірлерін қиып жатқанда, оны ұлдарын мұрагерліктен айыру, бизнесін бермеу туралы ойлар ғана мазалайды. Ешкімге қайырымы жоқ, қара басының ғана қамын күйттейтін өзімшіл жан өмірге қайта келуге тиіс емес деп ойлайсыз, бірақ жеделсаты оны төменге ала жөнелді.
Спектакльдегі ешкімге ұқсамайтын кейіпкер – дәрігер А (Гауһар Майрамбек). Дәрігер деуге де келмес, өйткені ешкімді емдеп жатқан жоқ. Бірақ барлығы оны солай атайды. Ол күту залына келіп-кеткенде бір маңызды хабардың боларын білетін мейманхана тұрғындары оны екіұдай сезіммен қарсы алады: бұл жолы кімнің кезегі келді? Кім қайда кетеді? Гауһар бет-жүзінен ешқандай эмоция білінбейтін, суық, сұсты, келіп-кету хабарын жеткізушінің образын дөп басып, дәл жеткізе алды.
Спектакль соңында кезегі жеткен Жюльен жеделсатыға беттеді. Есік айқара ашылып, ішке енді. Көрермен демін ішіне ала күтіп отыр: оның жаны қайда бет алар екен? Жоғарыға ма? Төменге ме? Шымылдық сырғып жабыла берді. Әркімге ой тастаған режиссер шешімі осылай: көрермен жауабын өзі бағамдауға тиіс.
Қорыта айтқанда, «Екі дүние ортасындағы мейманхана» – таңдау еркіндігін сезінетін адамдардың өз өмірлеріне деген көзқарастарын өзгертіп, өмірлік құндылықтарға өзгеше қырынан қарауға, өмірдің мәнін, оның қадірін тіршілікте бағалай білуге ой салатын қойылым.
Үмітай Молдаберген,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгеушісі.