Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, мәслихат депутаттары, Ардагерлер кеңесі өкілдері қатысты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Биыл байқауға облыс бойынша 31 отбасы қатысып, олардың ішінен 5 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Бұл – өңірімізде отбасы институтының іргесі берік екенінің және байқауға деген қызығушылықтың арта түскенінің айғағы.
«Мерейлі отбасы» байқауының басты мақсаты – үлгілі әулеттердің өнегесін паш ету, отбасылық құндылықтарды, отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеу, мәртебесін арттыру, сол арқылы қоғамның іргетасын нығайту. Халқымыз қашанда отбасын Отанның бір бөлшегі деп білген. Атаны асқар тауға, ананы мөлдір бұлаққа, баланы жасыл құраққа теңеп, отбасындағы өзара сүйіспеншілік пен сенім, жауапкершілік пен құрмет сезімдеріне ерекше мән берген.
Облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі байқауға қатысқан барлық отбасыларға алғыс айтып, әр шаңыраққа
шуақты ғұмыр, таусылмас бақыт тіледі.
Биылғы байқауда «Белсенді отбасы» номинациясын Жезқазған қаласынан Таевтар отбасы, «Үлгілі отбасы» номинациясын Қаражал қаласынан Оспановтар әулеті, «Өнерлі отбасы» номинациясын Ұлытау ауданынан Есімсейітовтер отбасы, «Берекелі шаңырақ» номинациясын Сәтбаев қаласынан Бекешевтер отбасы иеленді. Байқауға Жаңаарқа ауданынан қатысқан Қаппасовтар әулеті бас жүлдеге тігілген бір миллион теңгенің иегерлері атанды. Бұл әулет енді «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде Ұлытау облысының намысын қорғайтын болады.

