Ақтауда «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсы өтті. Шара Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың мол мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Байқауға Жезқазғанның № 8 гимназия оқушылары қатысып,жүлделі орын иеленіп қайтты.
Оған еліміздің әр өңірінен 158 жуық оқушы қатысты. Олар Әбіш шығармаларын мәнерлеп оқып, сахналап, өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ ғылыми жоба қорғап, илюстрациялық сурет салудан да бақ сынады. № 8 гимназия оқушылары сахналық қойылым бағыты бойынша жүлделі 3-орынды жеңіп алып, облыс абыройын асқақтатты. «Әбіш оқулары» байқауының жүлдегері Жәңгірхан Ерланұлы:
– Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың оқуларынан үлкен әсермен келіп отырмыз. Себебі 20 команданың ішінен намысты қолдан бермей, жүлдемен қайтып отырғанымыз біз үшін өте үлкен жетістік. Бізді дайындаған мұғалімдерге алғысым шексіз. Қолдау көрсеткен ата-аналарымызға алғысымызды білдіреміз. Мен 5 рөлді сомдадым. Байсалбайдың, ауыл қариясын, ажалдың рөлін сомдадым, – деді.
Гимназия оқушылары бұл додада өздерінің білімдері мен өнерлерін дәлелдей алды. Айта кетейік, «Әбіш оқулары» 2018 жылдан бастап республикалық деңгейде өткізіліп келеді.






