Биыл кеншілер қаласы – Сәтбаев шаһары өзінің 50 жылдығын атап өтеді. Осынау жарты ғасырлық мерейтой қарсаңында қалада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, шаһарға шырай берер аулалар мен сәулеттік нысандар абаттандырылуда.
Соның бірі – Сәтбаев қаласының батыс ауданында орналасқан «Қызғалдақ» шағын-сәулеттік нысаны. Бір кездері бұл сәулеттік нысан қаланың кіреберіс қақпасы іспетті болатын. Жылдар өте көмескі тарта бастаған сәулеттік ескерткішті биыл қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым сәулеттік нысан аумағында (қаланың батыс бөлігі, Н.Әбдіров көшесі) жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша осы жерде балалар ойын алаңын орнату жоспарланып отыр. Жоба аясында 1450 шаршы метр тас төсенішімен бірге 300 шаршы метр жасанды жабын (тартан) төселмек. Сондай-ақ,нысан аумағында 7 орындық пен қоқыс жәшіктері, 25 жарықтандыру бағанын орнату қарастырылған.
Ал, алаңның басты элементі – «Қызғалдақ» шағын сәулеттік нысан тұғыр травертин жабындысымен қапталып, акрил жылтыр бояумен боялады. Жобаны «Қазбеков А.» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асыруда.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.