Бұл қағиданы Қарағанды өңіріндегі «Нұрқазған» кенішінің ұжымы берік ұстанған. Қыс түсе қармақтарын сайлап, жұмыстан бос уақыттарында бірлесіп, балық аулауға дағдыланған нұрқазғандықтардың маусымды қорытындылауы жарыс түрінде түйінделді.
Кеніш әкімшілігі мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті ұйымдастырған әуесқой балық аулаушылардың бәсекесі тартысты өтті. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Айбын Арынғазиновтің айтуынша, қыс мезгілінде қармақ салып, балық аулаушылардың қатары көбейген.
– Кеншілер арасындағы бұл дәстүр жыл сайын өткізіліп келеді. Оған қызығушылық танытып жатқандар да жеткілікті. Балық аулау да салауатты өмір салтын насихаттаудың бір тетігі. Ұжымның осындай белсенді болуы қуантады, – дейді Айбын Сәтбекұлы.
Балық аулау маусымын қорытындылауға арналған жарыстың нәтижесі бойынша І орынды Нұрболат Сембин мен Бекмұрат Исмаилов жеңіп алса, ІІ орынды Сағат Қаппасов еншіледі. Ерболат Ғұсманов «Ең алғашқы балық» номинациясына ие болды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.