Мен 1976 жылдың тамыз айында Жамбыл қаласындағы Гидромелиоративті-құрылыс иниститутының жолдамасымен Жезқазған қаласындағы облыстық су шаруашылығы мекемесіне жұмысқа орналастым. Алғашқыда қала әрине, Жамбыл қаласымен салыстыруға келмейтіндей көрінді. Қарағанды облысынан енші алып, отау тіккеніне көп жылдар бола қоймаған. Соған қарамастан ішкі-сыртқы инфрақұрылымдары қалыптасқан. Бірақ қалада көпқабатты үйлер тозығы жеткен, бұрынғы аудан кезіндегі қалпында қалғандай. Қазақы жай үйлер көп болатын. Сол кездегі атқарушы органдардың ғимараттары, мыс қорыту зауыты, нан және сүт зауыттары сынды ірі өндіріс орындары шоғырланған. Әуе және темір жол қатынасы, мәдени орындар бар болатын. Құрамына 7 аудан кіретін. Оның әрқайсысында 5-6 кеңестік шаруашылықтар болатын.
Уақыт өте келе Жезқазғанның тамырына қан жүгірді. Биік ғимараттар, 7, 8, 9, 10-қабатты үйлер, ғимараттар салынды. Шағынаудандар пайда болды. Жаңа әуежай салынып, ауқымды қонақ үй де бой көтерді. Өңір мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Қой шаруашылығы жақсы дамыды. Малға жерасты суын тиімді пайдалану жолға қойылды. 5-12 метр тереңдіктегі құдық суымен суғарылатын. Әр құдыққа бекітілген жайылым жерлері болатын. Сөйтіп, жайылымдық жерлерде су тапшылығын жою мүмкіндігі жасалған. Өзен-су жолдарына тоспалар салынып, көктемгі қар суын жинап, шабындық жерлерді суландыруға жұмсайтын. Аз уақытта Жезқазғанның өркендеген өңір қатарына қосылғанын көрген едім. Және 5 жылдай су шаруашылығы саласында еңбек еттім. Сондықтан бұл аймақ маған ыстық, ерекше ықыласымды аударады.
Уақыт шіркін бір орнында тұрған ба? Араға бірнеше жыл салып, мен көрген көрініс сілтідей тынды дегенге сенгім келмейтін. Жезқазған туралы сұрағыштап, елеңдейтін едім. Сонда еститінім: «Қап-қара Жезқазғаннан басқа еш нәрсе жоқ» дегенде кәдімгідей көңілім құлазып қалатын. Қазір шүкір деймін, араға бірнеше жыл салып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жаңа Қазақстанда үш облыс құрылды. Соның бірі – Ұлытау облысы, орталығы – Жезқазған қаласы. Менің қуанып қалдым деп отырғаным да осы. Қанша жылдан кейін облыс болып қайта құрылуы, өз алдына бөлек отау тіккені мені ерекше қуантты.
Жезқазған дегенде, оның алғаш іргетасын қалаушы Қ. И. Сәтбаевтың ойға оралатыны белгілі. Оны геология саласындағы дүниежүзі ғалымдары біледі. «Жалғыз ағаш үй болмас, жалғыз адам би болмас» деген халық даналығы бар. Қазақтың кең даласындағы қазба кен байлығын зерттеп, сақтауға өлшеусіз үлес қосқан академик ізін басар шәкірт тәрбиелей алды ма? Жезқазған табанында тағы кімдердің еңбек ізі жатыр? Оларды кейінгі жас ұрпақ біле ме? Осы орайда мен академик, белгілі ғалым Шахмардан Есенов туралы біраз зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, естелік жазсам деймін.
***
Шахмардан ЕСЕНОВ:
«ГЕОЛОГ ҚАПШЫҒЫМДА КЕН ТАСТАРЫ, СОСЫН АБАЙДЫҢ КІТАБЫ БОЛАТЫН»
Қазақстанның Халық жазушысы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әзілхан Нұршайықов естелігінде былай дейді: «Сіз Абай өлеңдерін қалай жақсы білесіз?» деген сөз аузымнан қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым. Қысқа тұжырыммен жауап берді: «Жақсы адам, азамат болуы Абай өлеңдерін білуіміз керек. Ал мен Абайдың 100 жылдығына шыққан үлкен томын 1945 жылы студент кезімде нан карточкасы жойылмай тұрғанда сатып алдым. Соны қолтықтап жүріп, институтты бітірдім. Соны арқалап жүріп, 11 жыл Жезқазған – Қарсақбай арасын, Ұлытау өңірін шарладым. Қазақ даласын кездім. Геолог қапшығымда әр жерден тапқан кен тастарының қасында қазақ даласының данышпаны Абайдың кітабы жатты. Менделеев кестесінде жоқ жаңа метал тапсам атын Абай қойсам деп арман еттім».
– Апыр-ай ә, мен 4 жыл соғыста винтовка патрондары, қол гранатамен солдат қапшығыма Абайдың 1940 жылғы екі томын салып, арқалап жүретін едім, – дедім Шахмарданға.
Тағы бір естелікте ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Манаш Қозыбаев былай деп жазады: «Шахмардан Есенов туралы өз сөзін тарих айтады. Өйткені, «таудың биіктігі алыстан көрінеді». Шахаңды елі, халқы бүгін есіне алып, оның есімін аялап, жүрек төрінен орын беруі – әділдік. Абзал ел ағасы туралы тебірентіп естелік жазған адамдардың мақсаты біреу – Шахаңа рухани ойдың ескерткішін жасау».
Ал, ҚР ҰҒА Академигі Кенжеғали Сағадиев Қаныш Имантайұлының жас Шахмарданды ғылымға қалай баулығаны туралы жазады. «Қаныш Имантайұлы жас Шахмарданның зеректігін, таңдаған мамандығына ерен ықыласын оның студент кезінен байқады. Қаныш Имантайұлы институтты жаңа ғана тәмамдаған Шахмарданға қайнаған еңбектің ортасы Жезқазғанға баруына кеңес берді. Және онда Одақ көлемінде ғана емес, әлемде теңдесі жоқ мыстың мол қоры барын, соны зерттеп, көлемін анықтап, дәлелдеу керектігін баса айтты. Аманат еткендей болды. «Геология – менің қызым, ал сенің туған әпкең». Бұл сөзді Қаныш Имантайұлы таудай талабын байқап, талантын таныған адал шәкірті Шахмарданға талай рет қайталаған еді. Содан өзі ісіне барынша адал, ұстазына лайықты шәкірт Шахмардан он бір жыл Жезқазғанда, ұлы Ұлытау төсінде жеті қат жер астынан кен байлықтарын іздеді. Тапты, ел игілігіне айналдырды. Осы уақыт ішінде ол қатардағы геологтан барлау экспедициясының бас геологы және бас инженері қызметтеріне көтерілді. Шахмардан Есенов екі мәрте, барлығы тоғыз жылға жуық республиканың геология министрлігін басқарды. Алғаш министр болғанда ол бар-жоғы 33-те ғана еді».
Естеліктерге қарағанда, Ш. Есенов өзіне жүктелген аманатты дер кезінде орындады. Ел байлағының халық иігілігіне жаратып отырғанын Маңғыстау өңірінің халқы үлкен ризалықпен қабылдаған. Ақтау қаласындағы мемлекеттік университетке Ш. Есеновтің есімін беруі – соның дәлелі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Ұлытау өңірінің халқы мен билік басында отырғандар, осы екі тұлғаның, ұстазы Қаныш Имантайұлы мен шәкірті Шахмардан Есеновтің еңбек жолын дәріптеп, келешек жастарға үлгі етсе деген тілек. Қайта құрылған жаңа аймақта, Ұлытау төрінде ұстаз бен шәкіртінің есімдері алтын әріптермен жазылған тақта, ескерткіш бюсттер орнатса нұр үстіне нұр болар еді. Халық даналығы «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді. Айтуға емес, көруге сағымға айналған Жезқазғанның сол дәуірі қайта орнап, қайнаған еңбек қайта оралса, сағыныш қуанышқа ұласар еді. Лайым, солай боларына сенейік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық даналығы. Ендеше, Ұлытау өңірінің азаматтары сіздерге «серт»!
Бектуған Мұхаммеданафияұлы,
зейнеткер
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы,
Жиделі-арық ауылы.