Жезқазған облыс мәртебесінен айрылған 25 жылдың ішінде тоқырауға ұшыраған салалардың бірі тұрғын үй құрылысы болды. Мәселен, Жезқазған қаласында 2018 жылға дейін бірде-бір көпқабатты үй салынбады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар жобалар белгіленген болатын. Оның бүгінгі күнге орындалысы қандай? Осы бағыттағы істің жайкүйін облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс ӘЛІМЖАНҒА жолығып білген едік.
Құрылыс басқармасы басшысының мәлімдеуінше, облыс орталығы мәртебесін алуға байланысты Жезқазған қаласының Бас жоспарына егжей-тегжейлі нақтылау және топографиялық түсірілім жобаларымен түзету жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың тамыз айының соңына қарай аяқталатын көрінеді. Жаңа нысандардың құрылысы осы жаңартылған жоспарға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Қазірде белгілі болып отырғандай, қала құрылысы батыс ауданнан Кеңгір кенті бағытына қарай созылып, жалғаспақшы.
Облыстың Кешенді даму жоспарына сәйкес әлеуметтік салада 47 жаңа нысан салынатын болады. Жезқазған қаласындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатына 200 орындық жатақхана салу жоспарланған еді. Құны 1,47 млрд. теңге болатын осы жобаны бас мердігер «Қаршыға-97» ЖШС жүзеге асыратын болды. Қазірде келісім шарт рәсімделіп, мердігер құрылыс жұмыстарына кірісті. Нысанды пайдалануға беру 2024 жылға жоспарланған. Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында жайлы мектеп, Ұлытау ауданында аурухана, ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункт сияқты біраз әлеуметтік нысандардың құрылысы қолға алынды.
Жақында облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде атап өткендей, облыс бойынша 27 жалға берілетін және несиелік көппәтерлі үйлер салынбақшы. Биылғы жылы сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 100 пәтер сатып алу көзделуде. Облыс мәртебесін алғалы Жезқазған қаласында баспана бағасы күрт көтеріліп кетті. Мәселен, тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы 295 мың теңгеден 365 мың теңгеге дейін өскен. Қазір кезекте тұрған қала тұрғындарымен қатар облыстық мекемелерге қызметке келгендерді баспанамен қамтамасыз етуде күрделі жағдай туындауда. Осыған орай, 2023-2024 жылдары «Kengir» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізу жоспарланып, қазір оған жер учаскелері бөлінді. Тұрғын үй кешені 972 пәтерден тұратын 11 көп қабатты үйді қамтиды. Бұл жоба бойынша бүгінде мердігерлер «Самға» ЖШС мен «Астана приемум» ЖШС-нің қолға алуымен 2 үйдің құрылысы басталды. Қазір іргетасы мен жертөле қабырғаларын орнату аяқталып, бірінші-екінші қабаттарын қалау жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған 9 үйдің құрылысына жасалған ЖСҚ сараптамасының оң нәтижесін осы айдың аяғында алу көзделіп отыр. Қазіргі таңда Қаржы және Индустрия, Инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп оларға қаржы бөлу мәселесі пысықталу үстінде көрінеді.
Бұдан басқа облыс бойынша 2023 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 430 пәтерден тұратын 9 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде Жезқазған қаласында (Алашахан даңғылы, 34 з) 90 пәтерлік каскад жобасындағы үйді «Astana Koktem Group» ЖШС-і салатын болды. Құрылыс жұмысы басталып, қазір іргетасын көтеруде. Сонымен қатар, 28 пәтерлік (Гагарин 70/3) және 30 пәтерлік үйлер (Гагарин 70/1) бой көтеретін болады. Сәтбаев қаласында екі үй – біреуі 30 пәтерлі (Шаталюк 28), екіншісі 60 пәтерлік (Құнанбаев 3/3) салынады. Жаңаарқа ауданының орталығындағы «Жаңа Нұр» шағын ауданында 192 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынады. Жоспарда өз қаржыларына «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің көпқабатты үй салатыны қарастырылған. Ал, «Самға» ЖШС-і Ұлытау ауданының орталығында жекемешік 42 пәтерлі үш қабатты тұрғын үй құрылысын қолға алуға ниет білдіріп отыр.
Республикалық бюджет есебінен өткен жылы басталған көп қабатты 3 үйдің құрылысы және жалға берілетін 1 үйді қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Мұның екеуі Жезқазғанда, біреуі Сәтбаевта, ал жалға берілетін үй Қаражал қаласында. Жалпы аумағы 11,7 мың шаршы метрді құрайтын бұл тұрғынжайлар үстіміздегі жылдың ІV тоқсанында пайдалануға берілуге тиіс. Сонымен қатар, жекеменшік құрылыс жүргізушілер де тұрғын үй салумен айналысуда. Мәселен, Жезқазғанда Железнодорожная көшесінде 3 үй, Шевченко көшесінде 3 үй осындай жеке инвестор қаржыларына салынып жатыр. Жалпы аумағы 10,4 мың шаршы метрді құрайтын бұл үйлер үстіміздегі жылдың екінші және төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі.
Жалпы, құрылыс басқармасының мәліметіне сүйеніп айтар болсақ, жыл соңына дейін облыс бойынша 16 көпқабатты үй пайдалануға беріліп, 518 отбасы мен 216 мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету ұйғарылып отыр. Құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, республикалық бюджет қаржысына келесі жылы да 300 пәтерлік 5 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 2 үй Жезқазғанда, 3 үй Сәтбаев қаласында бой көтереді. «Самға» ЖШС мен «Әлімжанов С» жеке кәсіпкерлігінің қолға алуымен жалпы аумағы 4,3 мың шаршы метр болатын 3 жекеменшік тұрғын үй құрылысы да келесі жыл жоспарының еншісінде.
Кешенді жоспар бойынша республикалық және жергілікті бюджет қаржысына 2026 жылға дейінгі салынатын тұрғын үйлер ауқымы айқындалған. Олар туралы да кезінде айтармыз. Ең бастысы, өңірде көп жылдардан бері тоқырап қалған құрылыстың осылайша қанат жая бастағаны қуантады.
Амандық РАХҰЛЫ.
Суреттерде: Жезқазған қаласында салынып жатқан жаңа үйлер.