Жақында Қарағанды қаласында тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының 2024 жылы атқарылған жұмыстарын саралауға арналған атқару комитетінің жиыны өтті.
Кәсіподақ төрағасы Уәлихан Нұржанов өткен жылға есеп бере отырып, 2025 жылы атқарылатын жұмыстарды пысықтады.
Алқалы жиында мемлекеттік қызметтің, кейін партия мен кәсіподақ ұйымдарының жұмысын ілгері бастыруда өзіндік қолтаңбасы бар Қабдолла Досмақовқа құрмет көрсетілді. Қабдолла Мұхтарұлы «КәсіпҚорған» кәсіподағын құру мен дамытуда айрықша үлес қосқан тұлғаның бірі.
Қабдолла Досмақовтың іскерлігі мен тәжірибесі ұйым шаруасының алға басуына көп септігін тигізді. Кәсіподақ төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған кезеңде де Қабдолла Мұхтарұлы білімі мен біліктілігін ортақ іске бағыттай білді.
Кәсіподақтың орталық аппараты басшылығы, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған филиалдарының төрағалары Қабдолла Досмақовқа кәсіподақ ұйымында үлкен мектеп қалыптастырғаны үшін алғыстарын білдіріп, құрметке бөледі.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.