(Соңы. Басы газеттің № 41 (1840) санында).
– Ол не дегеніңіз! – деді кейістік білдіре Кудрявцев. – Немене, олардың өздері солай деді ме? Мүмкін емес. Досымның дүкенін мен қалайша ұрламақпын қолым барып!
– Бабенко мен Смирнов сізді тәңірдей көріп табынады емес пе. Олар сіздің бірауыз сөзіңізді жерге тастамай бұлжытпай орындайтыны анық. Бұйрығыңызды боса болмаса, – деді Бектұрсын ежіктей. – Ал сіз оларға ризашылық пейіл білдіріп екі бейнеаппаратураны сыйладыңыз.
– Олар қайдағы болмаған нәрсені сөз етуі мүмкін емес. Мені жазғырудың еш жөні жоқ! Тіпті қисынсыз, – деді Кудрявцев ашуға булыға.
– Сіз білесіз бе, кәмелеттік жасқа толмаған баланы қылмыс жасауға итермелеу неге апарып соғатынын. Бұл бап бойынша көп жыл көзделген, – деді Бектұрсын. – Шын жүректен мойындау ол мерзімді қысқартпақ.
– Сіздер менен бекер сезіктеніп отырсыздар. Сіздер мені айналдырғанша, сол біреуді қолға алғандарыңыз жөн. Бабенконы соның жанынан айналшықтап шықпайтынын аңғарғанмын, – десін Кудрявцев күтпеген жерден.
– Ол біреуіңіз кім? – деп сұрады Амантай.
– Оның кім екенін сұрағанымда Бабенко маған Руслан деген. Шешен жігіті. Түріне қарағанда отыз жас шамасында. Оны мен тек алыстан көрдім. Тілдескен жаным емес. Жүріс-тұрысын сырттай көріп, оны ұнатпадым. Менің байқауымша, ол сезік тудырарлық жан. Оның жеңіл машинасы бар. Бабенко сол көлікке мініп жүргенін талай рет көрдім.
– Руслан немен айналысады?
– Білмеймін. Онысын Бабенко да білмейтін шығар.
– Машинаның нөмірі?
– Нөміріне де назар салмаппын. Күңгірт жасыл түсті машина. «Жигули». «Шестерка». Балаларға мотоцикл жүргізуді үйретуге арналған қала сыртындағы полионымыз бар ғой. Руслан сол жаққа машинасымен талай рет Бабенконы алып келіп жүретін.
***
Келесі күні бұл жолы қасында басқа мұғалім қызға ерген «Матрос» милицияға келтірілді.
– Жаз, – деді Амантай Бабенконың алдына қалам мен бір парақ қағазды қойып жатып. – Өзіңнің Руслан досың туралы, оған қосылып не істеп жүргендерің туралы!
«Матрос» алдындағы қаламға тосырқай көз салды. Ол бір шешімге келе алмай әрі-сәрі күйде отырып қалды.
– Сен Русланмен етене қарым-қатынаста екеніңді жасырып қаламын деп ойлама, – деді Бектұрсын. – Руслан сені полигонға бірнеше рет тасығанын, оның машинасына жиі мінетініңді біз жақсы білеміз… Сенбесең, міне жаттықтырушыларың Кудрявцевтің не айтқаны. Мә, оқы!
Бектұрсын оған жаттықтырушысының жазбаша айғағын ұсынды. «Матрос» оны зейін қоя оқып шықты. Одан әрі үнсіз отыр. Қаламды қолына алар емес. Әлден уақыттан кейін барып:
– Өтінемін, мені жазуға қыстамасаңыз екен! Сіздерден жалынып сұраймын! Бәрін де ауызша айтып беруіме бола ма? Мен одан қатты қорқамын… – деген «Матростың» жанарынан үрей аңғарылып тұрды. «Руслан сонша қатыгез болғаны ма? Матвей одан неге соншалықты қаймығады?» – деп ойлады Бектұрсын.
«Матрос» оларға бар білгенін жайып салды. Ол Русланның үйінде болып көрмепті. Көлігін Некрасов көшесі бойындағы үйдің ауласына қоятынына қарағанда сол маңда тұрады. Оның автомобилінің маркасын да, нөмірін де айтты. Матвей Русланның отбасын, қай жерде, не жұмыс істейтінін, тіпті фамилиясын да білмейді екен. «Матрос» онымен кездейсоқ танысыпты. Бірде күндіз өзін Руслан деп таныстырған бауырмал ағатай жеңіл автокөлігін жаяу кетіп бара жатқан оның қасына тоқтата салып, отырғызып алыпты. Машинасымен тегін қыдыртыпты. Матвей Русланды аға тұтуға әбден тұратындай мейірімді жан ретінде көріп, оны сыйлайтын болды.
«Руслан жай адам емес екен, – деп ойлады Бектұрсын. – Ол Матвейді жайдан-жай таңдамаған. Баланы өзіне иліктіріп алу үшін қандай амал-айла ойластырған десейші! Қалай дегенде де Руслан өзі діттеген ойынан шыққан екен…».
Бектұрсын қателеспепті, құпия болып келген күдікті ересек – Русланның дәл өзі. Ол «Тұлпар» дүкенін тонаудың бүге-шігесін ойластырған болып шықты. «Матрос» бастан-аяқ баяндап берді. Русланның айтуымен Бабенко мен Смирнов екеуі дүкен төбесіндегі тесіктен ішке түседі. Сосын дүкен есігін іштен ашып, Русланды кіргізеді. Ұрлаған заттарын оның «Жигулиіне» сықита тиейді. Екі бала серігіне тапсырманы тындырымды атқарғандарына сыйлық ретінде екі бейнемагнитофонды ұстатады да:
– Егер мен туралы біреу-міреуге айтар болсаңдар менен жақсылық күтпеңдер! Осыдан мен туралы сөз етсеңдер бар ғой, аямаймын! Менен тығыламын деп ойламаңдар! Тауып аламын да, өлтіре саламын! – дегенде «Матрос» осыған дейін мейірімді аға болып келген оны танымай қалды. Русланның сұсты кейпі Матвейдің көз алдынан кетпей қойды.
– Ағайлар, мен айтты демеңіздерші, – деді жалынышты үнмен «Матрос». – Одан мен қорқамын. Ол мені өлтіреді…
– Жарайды, сені айтпайық. Былай болсын, сен бізге «Нива-2121» машинасын кімдермен бірге айдап әкеткендерің туралы толық айтып бересің. Ештеңе жасырмай айтсаң, онда сенің атың аталмауына уәде беремін.
Бектұрсын Амантайдың Матвейден не жайлы сұрап отырғанын бірден ұғынды.
… Осыдан бірер апта бұрын «Тұлпар» дүкенінен ұрланған тауарларды іздеу мақсатында «Матростың» жақын туыстарының үйіне тінту жүргізілген болатын. Матвейдің үлкен апайы ата-аналарынан бөлек көппәтерлі үйде тұрады екен. Ол оперативтік қызметкерлердің келуіне таңданыс білдіре қоймады. Інісінің жай жүрмейтіні өзіне мәлім. Пәтерін тінтуге еш қарсылық білдірмеді.
Амантай мен Бектұрсын ұрланған заттарды таба алмады. Оның есесіне балконнан кенеп қапшыққа толы автокөлік саймандарын тапты. Матвейдің апайынан сұрағанда, ол қапшықты інісі жақында әкелгенін айтты.
Бұл автокөлік бөлшектеріне қатысты «Матростан» жауап алынды. Оның ата-аналары да, апайы да автокөлік жөндеумен, бөлшектер сатумен айналыспайды. Ендеше, мәселе анық. Бұл – «Матростың» және бір олжасы. Матвейдің мойындамасқа амалы қалмады. Ақыры Сәтбаев қаласындағы автостанция маңында тұрған «Ниваны» мініп кеткендерін айтты. Қасында Смирнов қана болыпты. Жезқазған қаласындағы трикотаж фабрикасы аумағындағы иесіз қалған гаражға кіргізіп, бөлшектеп сату үшін бұзады.
Бектұрсын мен Амантайдың «Матрос» пен оның серігі Смирновтың бірін-бірі сөзбе-сөз қайталап, жатық баяндаған мойындауын тыңдап отырып, тағы да күмәнданулары арта түсті. Қалайша тұтастай автомобильді өздері бөлшектей алды. Дәл жасөспірімдердің қолынан келер іс емес. Олардың қасында үшінші ересек адам болғаны сөзсіз. Құпия сезікті сол Руслан болмаса нетті?! Оперативтік қызметкерлер қанша жерден сұрап баққанымен ол жолы басқа сыбайластары туралы айтпай қойып еді.
Желтоқсан айының алғашқы күндерінің бірінде «Ниваның» қолды болғаны Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінде тіркелген екен. Қылмыстық іс әлі ашылмапты. «Ниваның» иесі Ұлытау ауданының тұрғыны көрінеді. Ол су жаңа «Нивасын» Сәтбаев қаласындағы бір туысының үйінің ауласына кешкілік есіктерін жауып қояды. Машинаның қолды болғанын ертеңіне таңертең бір-ақ біледі.
Осы оқиғаны Амантай «Матростың» есіне салып тұрып, ойланып үнсіз қалған оған:
– Матвей, уәдеміз – уәде, сен айтты демейміз. Бірақ «Ниваны» айдап кетулеріңе, оны бөлшектеуге ұйымдастырушы кім болғанын айтып беруің керек, – деді нығырлай.
– Тек мен айтты демеңіздерші, ағатайлар. Оны ұйымдастырған Руслан болатын. Біз тек оған еріп жүрдік, – деді ақыры Матвей.
***
Күдіктіні торуылдау «Матростың» мойындауынан соң дереу қолға алынды. Ол ұзақ күттіріп барып ымырт үйіріле бой көрсетті. «Матрос» хабарлаған нөмірлі «ВАЗ-2106» маркалы автомобиль тұрғын үй ауласына келіп тоқтады. Жеңіл автокөліктен Кудрявцев пен «Матрос» суреттеген орта жастағы шығыс ұлтының жігіті түсті.
Русланмен сырттай «таныстық» осылайша басталды. Оның фамилиясы Амхадов екендігі, жасы отыздар шамасында екендігі, Ресейдегі Грозный қаласының тұрғыны екендігі анықталды. Төлқұжаты еш жерде тіркелмегені сезік ұялатты. Тұрақты жұмыс орны жоқ. Заңды түрде некелеспеген әйелмен бірге тұрып жатқаны белгілі болды… Қылмыстық іске қатыстылардың картотекасында Амхадов тіркелінбепті. Әйткенмен ол Бектұрсындарға аса қауіпті көрінді. Бірақ оны тұтқындарлық бұлтартпайтын дәлел жоқ. Русланды «Матростың» айғақтары негізінде «Тұлпар» дүкеніне жасалған ұрлыққа орай қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Өйткені «Тұлпардан» ұрланған заттар табылған жоқ. Дүкенде Амхадовтың қолтаңбасы қалмаған.
***
Сол 1993 жылғы желтоқсан айында Жезқазған қаласындағы алтыншы мөлтек ауданында салынып жатқан құрылыстан азамат И. Пактың мүрдесі табылды. Марқұм басына тиген оқ жарақатынан көз жұмыпты. Пактың жансыз денесі табылған жерге жақын маңда тұрғылықты үйі де орналасқаны анықталды. Марқұмның әйелінің айтуына қарағанда, сол күні оған кейінгі үш-төрт жыл көлемінде жете араласып жүрген Руслан телефон шалған екен. Пак онымен телефон арқылы тілдесіп болысымен әйеліне Русланмен жолығуға баратынын айтады.
Бектұрсындар Пактың мәйіті табылған сол күні Кеңгір су қоймасының жағалауында 40 жас шамасындағы «Серго» деген лақап атымен танымал грузин жігіті оққа ұшты деген суық хабар алды. Ол бір топ сыйластарымен туған күнін атап өтіп жатыр екен. Куәлердің айтуынша, той думаны қызған сәтте «Жигули» оларға қарай зулатып келіп, он метрдей жетпей тоқтай қалады. Автокөліктен 35 жастар шамасындағы ұлты шешен жігіт шықты. «– Ой, Руслан, қош келдің! Неғып кешігіп жүрсің? – деді той иесі «Серго» қонақты жылы қарсы алып. Бірақ ол жігіт көңілді топқа қосыла кетпеді. Той иесін оңашалап алып кетеді. Екеуі бір мәселені қызу талқылап тұрғандай болған. Руслан бір сәтте курткасының ішінен пистолетті суырып алды да «Сергоның» қақ маңдайынан атты. Анау сұлап түсті. Көз алдарында болған сұмдық оқиғадан жұрт есін жиғанша шешен жігіті машинасына мінді де тайып тұрады.
Жезқазғандағы сыра барының иесі «Сергоны» атқан жігітті куәлер марқұмның үйінде бірге түскен фотодан көрсетті. Суреттегі сол Руслан Амхадов еді. Пактың жесірі де фотодағы Русланды танитын болып шықты. Марқұм күйеуі сол қайғылы күні осы Русланмен сөйлесуге сыртқа шығып кеткенін айтты. Дереу Амхадовқа іздеу жарияланды. Ол мінген жеңіл көлік «Сергоны» оққа ұшырғаннан кейін жарты сағат өткен шамада Қарағанды бағытында жолға шыққаны мәлім болды. Күдікті сол күні түнде Қарағанды теміржол вокзалында қолға түсті. Тұтқындалған Амхадовтан алынған пистолетке жасалған сараптама қорытындысы екі кісі өлімі де осы суық қарудан атылғанын айғақтады.
Бас-аяғы бір ай көлемінде орын алған қылмыстық оқиғаларға қатысы бар екендігіне орай сезік ұялатқан күдікті оперативтік қызметкерлердің тынымсыз әрекеті нәтижесінде қолға түсті. Руслан Амхадов мемлекетаралық іздеудегі кәнігі қылмыскер болып шықты.
Гүлназ ОМАРОВА,
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.