– Бек, «Тұлпар» ісі бойынша менің не тауып келгенімді білсең ғой сен! – деді қуанышты үнмен қылмысты іздестіру бөлімінің аға төтен уәкілі, милицияның аға лейтенанты Амантай Шоланов. Ол өзінің досы, көп жылдан бері қоян-қолтық бірге жұмыс істеп келе жатқан әріптесі Бектұрсын Төлеубаевты оңаша сәттерде «Бек» деп атайтын әдетіне басып.
… 1993 жылғы қараша айының соңғы аптасы болатын. Милицияға Жезқазған қаласындағы «Тұлпар» жекеменшік фирмасының мүліктері ұрланғаны жөнінде жедел хабар түсті. Бірнеше мың доллардың заттары қолды болыпты. Бұл дүкенде негізінен электр-музыкалық аппаратуралар, жазба-бейнемагнитофондар, сондай-ақ кір жуу машиналары, тоңазытқыштар тәрізді әртүрлі тауарлар сатылатын.
Бұл іс Бектұрсын мен Амантайға жүктелген еді. Ұрылар артына еш із қалдырмапты, күдік келтірерлік ешкім жоқ. Алғашқы күндері солай көрінген. Енді, міне, Амантай бірдеңе тапқандай. Бектұрсын оның не айтпағына бар ынта қоя ден қойған.
– «Матрос» деген лақап атымен танымал жасы кәмелетке де толмаған бала! – деп Амантай көп күттірмей-ақ айтып салды.
Бұл күдікті Бектұрсынға беймәлім еді. Ал Амантай «Матросты» жақсы білетін болып шықты. Ол қалалық ішкі істер бөліміндегі кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі инспекциядағы есепте тұрады екен. Бұл жасөспірімнің бірнеше қылмыстық істерге қатысы болыпты. Амантайдың айтуынша, «Матрос» – Матвей Бабенко, жасы – 16-да, қалалық кәсіптік-техникалық училищенің оқушысы.
– Бұл ұрлыққа оның қалайша қатысы бар деп ойлайсың? – деді Бектұрсын Амантайдың одан неге күдіктенетінін білуге асығып.
– Матвеймен араласатын балаларды әңгімеге тартып көрдім. Әрине, тура ол туралы сұрағаным жоқ. Оның атын аузыма да алмадым. Сөйтіп отырып әңгіме барысында Матвейге қатысты біраз жайтты естіп-білдім. Ол балаларды «Тұлпар» дүкеніне бірнеше рет ертіп барған екен. Ең бастысы, ол жақында өзінің жақын жолдастарына бейнемагнитофоны бар екенін айтып мақтаныпты, – деді Амантай. – Менің ойымша, бұл ұрлықты ұйымдастырушы ол емес, әйткенмен тоналған дүкен жайын одан сыр суыртпақтауға әбден болады. Оның қолындағы магнитофон біреудің оған берген «сыйлығы» болуы мүмкін.
– Ойың қисынды-ақ, Амантай. Әйткенмен, «ол бірнеше қылмыстық іске қатысы болған» дегеніңе қарағанда милициямен сөйлескенде ауызға берік болуын көкейіне түйген де шығар. Одан сыр суыртпақтау да оңайға түсе қоймас, – деді Бектұрсын өзінің іс тәжірибесінде көңіліне түйгенін айтып.
Амантайдың естіп-білгеніне көз жеткізу үшін екеулеп «Матростың» айналасындағы үлкен-кішілердің бәрімен тілдесіп шықты. Жіптің бір ұшы Матвейдің қолында екеніне екеуі де көз жеткізді. Сөйтіп, қылмысты жедел іздестіру бөлімінің басшысы Алтай Аманжоловпен ақылдаса отырып, енді «Матростың» өзімен тікелей сөйлескен жөн деген ұйғарымға келді.
… «Матростың» ішкі істер басқармасына әкелгеннен кейінгі басталған әңгіменің алғашқы жиырма минуттайы «ұсақ-түйекті» сөз айтумен өтті. Бір қызығы, өзін осында жайдан-жай әкелінбегенін іштей ұғынып, не жайында сұрақтар қойылатынын білгендіктен де жауап беруге дайын екендігін бірден аңғартты.
– «Тұлпар» жекеменшік фирмасын білесің бе? – деген сұраққа мүдірместен:
– Білемін, – деп жауап берді.
– Жақында ол дүкен қиын жағдайға тап болыпты ғой, иә? – деген сұраққа да бірден:
– Иә, ол дүкеннен көп зат ұрланыпты, – деді «Матрос».
– Сен оны қайдан білесің? Сен де қатысып па едің ол ұрлыққа?
– Иә. Бірақ біз көп зат алған жоқпыз.
– «Бізің» кім?
– Мен және Смирнов Виктор екеуміз.
– Оның саған қандай жақындығы бар?
– Ол менің досым ғой.
– Жасы нешеде?
– Менімен құрдас. Ол да инспекцияда есепте тұрады.
– Сонымен «Тұлпардан» не алдыңдар?
– Екі бейнемагнитофонды ғана алдық.
– «Тұлпардан» басқа не алдыңдар?
– Екеуміз екі-ақ бейнемагнитофон алдық бір-бірден. Басқа ештеңе де алған жоқпыз.
«Қалайша екі-ақ магнитофон?! Ал ұрланған тауар әлдеқайда көп. Сонда ана қымбат заттарды кім алған? Бар шындықты ақтарып отырғандай болып көрінген «Матрос» іштей жасырынбақ ойнап отырған болды ғой. Амантай айтқандай, ұрлықты ұйымдастырушы ол емес. Сонда кім болғаны?» – деп ойлады Бектұрсын.
«Матрос» Смирнов екеуі «Тұлпар» дүкеніне қалай кіргендерін толықтай айтып берді. Әйтсе де үшінші адам жөнінде жақ ашпады. Оның айтқандарын тыңдап отырып Бектұрсын: «Бұл екеуінен басқа үшінші адамның болғаны анық. Ұрлықты ұйымдастырушы тісқаққан біреу болар. Артынан күдікті із қалдырмағанына қарағанда ол әккі ұры. Кім екен ол?» – деген ой түйді.
***
Тергеуші барлық тиісті рәсімдерді атқарғаннан кейін «Матрос» пен Смирновтың үйлеріне тінту жүргізу туралы қаулы қабылдады. Милиционерлердің кезекті келуіне олардың ата-аналары соншалықты ашу-реніш таныта қоймады. Тек «бұлар тағы не бүлдіріп қойды екен?» дегендей шыраймен аңтарыла тұрып қалды.
Екі жасөспірімнің пәтерлерін тінту арқылы «Тұлпар» дүкенінен ұрланған құнды тауарлардың кейбірі табылып қалар деген болжам жасалған еді. Алайда олардың өздері мойындаған екі бейнемагнитофоннан басқа ештеңе табылмады.
Енді «Матростың» серігі Виктор Смирновтан ішкі істер басқармасында жауап алынды. «Матростың» екеулеп «Тұлпар» дүкенінен екі бейнемагнитофонды ұрладық дегені де, сол ұрланған заттың бірі Виктордың пәтерінен табылғаны да оның бұл қылмысқа қатысқанына нақты айғақ болып табылмақ емес. Мүмкін, Смирновтың «Тұлпар» дүкеніне жасалған ұрлыққа еш қатысы жоқ шығар. Бұл бейнемагнитофонды «Матрос» оған сыйлаған болуы да мүмкін ғой.
Виктордан жауап жеке кабинетте бір өзінен алынды. Бектұрсын «қонақ» отыр-
ғанын назарынан тыс қалдырған болып:
– Амантай, сен сенесің бе, сенбейсің бе, дәл Смирнов Витяның үйінен табылған бейнемагнитофонның екіншісі Бабенко Матвейдің пәтерінен де табылды. Дәл, «Тұлпар» дүкенінен ұрланған зат, – деді.
Амантай бірден түсінді де:
– Ал, ендеше, бұл бір тосын жаңалық қой! – деді Амантай Смирновқа назар салмастан екеуі өзара пікір алмасқандай түр байқатып.
– Иә, «Матростың» өзі не дейді?
– Ол өзімен құрдас бір баламен бірге сол дүкенге түсіпті. Қастарында және біреу болыпты. Дүкенге қалай кіргендерін, іштегі құнды заттарды қалай қолды еткендерін, не керек, бәрін-бәрін мойындап айтып берді. «Матростың» айтуынша, «Тұлпар» дүкенінен ұрланған бір магнитофонды – өзі, ал екіншісін құрдас серігіне беріпті, ал басқа тауарларды үшінші серігі алыпты.
Бектұрсын сөйлеп отырып көз қиығымен Смирновқа қарағанда оның зейін сала тыңдап отырғанын байқады.
– Немене, ол үшінші серігі де құрдасы ма екен? – деп сұрады Амантай.
– Жоқ, – деп қысқа жауап қайырды Бектұрсын.
– Ой, Бек, екеуміз әңгіме қызығымен бізге қонақты әкеліп отырғызғанын аңғармаппыз ғой… Ал, жігітім, кімсің сен? Фамилияңды, атыңды айт.
– Смирнов Виктор.
– Е, Витя сен екенсің ғой. Қалай бейнемагнитофон саған ұнап жатыр ма? Қандай фильмдер көрдің? – деп Амантай Смирновты сөзге тартты. Ол көрдім деген шытырман оқиғаларға толы туындылар жайлы сұрастырып, әңгіме қозғады. Әлден уақытта барып Амантай:
– Кәнекей, сен бізге айтшы, анау-мынаудың қолы жете бермейтін бұл бейнемагнитофонды саған кім берді? – деп сұрады. Сосын нығырлай: – Өтірік айтар болсаң, заң жүзінде жаза арқалайтыныңды ескертемін. Сен не туралы айтып отырғанымды ұқтың ба, Витя? – деді.
Смирнов «ұқтым» дегендей басын изеді. Сосын әңгімені неден бастарын білмегендей үнсіз отырып қалды. Сәлден соң барып:
– Иә, Матвей екеуміз «Тұлпар» дүкеніне ұрлыққа түстік. Тек бейнемагнитофонды олжалау болды ойымызда. Бір-бірден алдық та, екеуміз үйді-үйімізге тарастық. Матвейдің сіздерге екеумізбен бірге болған деп үшінші адам жайында неге айтқанын түсінбедім. Екеуміз ғана болдық.
– Екі-ақ магнитофон алдық дегеніңе жол болсын! Дүкенде қаншама қызығарлықтай тауарлар болды ғой. Мәселен, телевизорлар, плеерлер, фотоаппараттар. Ал, сендер екі-ақ магнитофонды алдық дейсіңдер.
– Иә, екі бейнемагнитофон ғана алдық. Біз «Тұлпар» дүкеніне сол екі магнитофонды алу үшін ұрлыққа түскен едік. Бізге басқа ештеңенің де керегі болмады.
Виктор сосын ұрлыққа баруға өзін «Матрос» көндіргенін баяндады. Ол «Тұлпар» дүкенінде бірнеше рет болып, онда күзет те, түнгі қарауыл да, сақтық қондырғылар да жоғына көз жеткізген екен. Түн ішінде дүкен төбесінен ішіне түсіп, көздеген екі бейнемагнитофонды алады.
Осылайша «Матрос» пен Смирновтың қалай ұрлық жасағандары жөніндегі айғақтары бірдей болды. Амантай мен Бектұрсынның олардан өзге серіктері мен ұрланған өзге заттарға қатысты білмек болған айла-шарғыларынан ештеңе шықпады.
«Екі жасөспірімді ұрлыққа бастап апарған ересек адам кім екен, ә?» – деген сұрақ Бектұрсынның ойынан жатса да, тұрса да шықпай қойды.
***
Бектұрсын мен Амантай «құпия» күдіктіні осы екі жасөспіріммен тікелей аралас-құралас жүретін жандардың ішінен іздеу керек деген ұйғарымға келді. Одан әрі жүргізілген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдік 27 жастағы Кудрявцев Сергейге келіп тірелді. Бабенко Матвей – оның оқушысы. Жалғыз Матвей ғана емес, көптеген жасөспірімдер оған үйір. Өйткені ол спорттық мотоцикл жүргізуге үйрететін. Балалардың айтуынша, инструктор ішінде «Матрос» бар бір топ оқушысын ертіп, «Тұлпар» дүкеніне барған көрінеді. Түрлі электр бұйымдарын жасөспірімдер қызыға тамашалайды. Кудрявцевтің балаларды қызықтырған бұл әрекеті күдік тудыруға итермелеген.
Кудрявцев кабинетте отырған Амантай мен Бектұрсынға кезек-кезек қарап, милицияға не себепті шақырту алғанына түсінбей, іштей қобалжуын жасыра алмады. Әрине, құқық қорғаушылар жайдан-жай шақыртпасы анық. Тәртіп сақшылары қойған сұрақтарға нақпа-нақ жауап беріп отырғанда да әңгіме төркіні не туралы екенін білмей дал болғанын аңғартты. Өзіне қойылған сұрақтарға орай Бабенко мен Смирновты жақсы білетінін бүкпесіз әңгімеледі, «Тұлпар» фирмасының басшыларымен де жақсы сыйластық қарым-қатынаста екенін жайып салды.
Амантай енді ашық әңгімеге көшер сәт келіп жеткенін ұғып:
– Сіздің шәкірттеріңіз Бабенко Матвей мен Смирнов Виктор «Тұлпар» дүкеніне ұрлық жасағанын бізге мойындады. Олардың үйлерінен заттай айғақтар табылды. Атап айтқанда, екі бейнеаппаратура.
Кудрявцев бұл тосын жаңалықты салқынқандылықпен тыңдады.
– «Тұлпар» дүкенінің тоналғанын естіген едім. Ұрлық жасаған кімдер екенін білмеймін, – деді де міңгірлей: – Ана екі жүгермек жай жүрмейді ғой… Сол екеуі шығар-ау деп сезіктенген едім.
– Қалайша сезіктендіңіз? – деп сұрады Амантай.
– Бабенко бар ғой, ол барып тұрған криминалды бала. Одан нені болсын күтуге болады. Ол менімен бірге «Тұлпарға» талай рет барған.
– Сіз оны «Тұлпарға» жай апармаған боларсыз? – деді Бектұрсын оның айтқан сөзін іліп алып. – Өзіңіз айтып отырғандай, тікелей сіз Бабенко мен Смирновты «Тұлпар» дүкенін тонауға жол сілтедіңіз!
Гүлназ ОМАРОВА,
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.
(Жалғасы бар).