Қазыналы өңір Қарағандының төңірегінде бой көтерген «Нұрқазған» байыту фабрикасы – өңірдегі «Қазақмыс» корпорациясының заманға сай өндірістік нысаны.
«Нұрқазған» кенішінен өндірілген кенді байытудың жылдық жоспарын орындау жолында фабрика ұжымы жүйелі жұмыс атқаруда. Руслан Скендіров басшылық жасайтын қуатты өндіріс ошағында қосалқы цехтардың да шаруашылығы шырайлы. Мұндағы әрбір цехта тынымсыз еңбек екпіні бір сәтке толастамайды. Қосалқы цех демекші, фабрикада ойып тұрып орын алатын қалдық қойма шаруашылығы байыту өндірісінің ажырмас бөлігіне айналды. Жәнібек Смағұловтың басшылығындағы цехтың бүгінгі тыныс-тіршілігі байыту саласына айрықша үлес қосуда. Цех басшысы Жәнібек Байтөреұлынан атқарылатын жұмыстарды баяндауын сұрағанымызда:
– Қалдық шаруашылығы цехы байыту фабрикасынан шыққан қалдықтарды қалдық шаруашылығына қоймалау және қалдық қоймасындағы тұнған суды фабриканың айналымындағы сумен жабдықтау жүйесіне қайтару үшін арнайы жасақталған. Өндірістен қалған қалдықтар мен оған қолданылған су қорларын қайта өндіріске жаратуда цех ұжымының атқарып отырған жұмысы ауқымды. Біз негізінен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Нұрқазған» байыту фабрикасы қалдық қоймасының үймежал бөгеттерін салудың 2022- 2027 жылдарға арналған жобасы бойынша жұмыс жасаймыз. Жобаны жүзеге асырушы қалдық қойма шаруашылығы болса, оның негізін қалаушы – «Биосфера Қазақстан» ЖШС ғылыми-зерттеу орталығы. Осы жоба аясында қалдықтарды қоймалау жұмыстары бекітілген талаптарға сай жүзеге асуда. Цехта 57 адам жұмыс жасайды. Әрбір еңбеккердің өндірістегі басты қағидаты ол – қауіпсіз еңбек ету. Осы орайда цехта техника қауіпсіздігін және еңбекті қорғау саясатын жүзеге асыру инженерлік-техникалық мамандардан жұмысшыға дейінгі аралықта қатаң бақылауға алынған. Цехтағы әрбір инженер техникалық қызметкердің жұмысты сапалы әрі нақты берілген жүктемеге сай қауіпсіз атқаруын қадағалайды. Берілген нұқсаулықтарға сай жұмысшы жұмыс орнының қауіпсіз, таза болуына, өз міндеттерін тиянақты орындауға маңыз беріп, қауіпсіздік саясатына қайшы келетін әрекеттер байқалғанда алдын алуы тиіс. Бұл міндетті біздің ұжымның еңбеккерлері толықтай орындап келеді. Ұжымымызда өндіріс мақтаныштары баршылық. Фабрика жұмысы қатарға қойылған сәттен бастап цехта жұмыс жасап келе жатқан аға буынның ісін бүгінде жас мамандар қатары толықтыруда. Тәлімгер әрі өндіріс озаты ретінде реттеуші Сауырхан Жабаев, электрмонтер Шырынбек Қалданов, сорғы қондырғысының машинисі Толғанай Аманкелдіқызы, слесарь-жөндеуші Жексенбай Жұмабековтің өндіріске қосып отырған үлестері айрықша. Қалдықтарды қоймалау – өндіріс үшін маңызға ие құрылым. Сондықтан «Қазақмыс» корпорациясына тиісті байыту кәсіпорындарында бұл шаруашылықтың жұмысы жүйелі түрде жолға қойылған. «Нұрқазған» байыту фабрикасындағы қалдық қойма шаруашылығы цехының ұжымы өз міндетін адал атқара отырып, өндіріс ошағының табысты тасқындатуына үлес қоса береді, – дейді цех басшысы Жәнібек Смағұл.
Цех басшысы Жәнібек Смағұл
Жәнібек Байтөреұлы «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарында 2009 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Қалдық қоймашаруашылығы цехында 2012-2016 жылдар аралығында ауысым шебері, 2016-2020 жылдары аға шебер сынды міндеттерді атқарды. Соңғы екі жылдың мұғдарында цехқа басшылық жасауда. Тәжірибесі толысқан Жәнібек Смағұл еңбек ұжымын табыстарға бастап келеді. Қалдық қойма шаруашылығы цехының ұжымы өндірісте ғана табысты емес, спортта да епті. Олар еңбеккерлер арасында өтетін спорттық жарыстарда топ жарып жүр. Әсіресе, футбол, үстел теннисі сынды спорт түрлерінен цехтың командаларының жүлдесі қомақты. Еңбекпен қатар спорттағы ептілікті байқатқан олар әлі талай додада топ жарамыз дейді.
Цехта 2010 жылдан бері еңбек етіп жүрген Жұмажан Мәдениетұлының мұндағы еңбек жолы сорғы қондырғысы машинисінен басталған. 2012жылдан 2020жылға дейін слесарь-жөндеушілердің бригадирі қызметін атқарса, 2020 жылдан бастап – механик. Жұмыстардың талапқа сай жүзеге асуына бірден-бір жауапты тұлға ретінде Жұмажан Мәденитұлы цехтағы әрбір өндірістік үдерісті жіті бақылауында ұстайды.
– Байыту кешенінде қалдыққойма шаруашылығының маңызы айрықша. Сондықтан біз өз жұмысымызда жүктелген шаруаларға аса жауапкершілікпен қараймыз. Ұжымымыздың ынтымағының арқасында межелі міндеттер еңсеріліп келеді, – дейді Жұмажан Мәдениетұлы.
Жұмажан Мәдениетұлы
Өзіне жүктелген шаруаларды орындауда тиянақтылық пен жауапкершілікті басты қағида ретінде ұстанатын өндірістегі көрсеткіші қуантарлық Толғанай Аманкелдіқызы цехтың мақтанышы. Толғанай Аманкелдіқызы аталмыш цехта 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді. Сорғы қондырғысының маманы бізбен әңгімесінде:
– Цехтың сорғы қондырғысы станциялары «Нұрқазған» фабрикасынан алшақ орналасқан. Бір шеті Сарамқанд су қоймасында (10 шақырым), екінші шеті солтүстік бағытқа қарай үймежал бөгеті барып тіреледі (13 шақырым). Осындағы әрбір сорғыны бақылап, қарау менің міндетіме кіреді. Сорғы қондырғысының тұрақты жұмыс жасауының нәтижесінде қалдықтар дер кезінде қоймаларға жөнелтіліп отырады. Жауапкершілігі мол жұмысты атқару арқылы тәжірибе мектебнен өттім. Жұмыстың ауырлығына қарамастан жүктелген міндетті абыроймен атқарып келемін. Цех ұжымы еңбекке біртұтас жұмылғанда межелі міндеттер дер кезінде жүзеге асады. Бұл біздің ұжымның ауызбірлігінің мықты екендігінің көрсеткіші, – дейді Толғанай Аманкелдіқызы.
Толғанай Аманкелдіқызы
Әрбір саланың өзіне тән жүзеге асатын үдерістері бар. Бұл цехта реттеушінің алар орны айрықша. Фабрикадан келген қалдықтарды бөліп, реттеу сынды жұмыстардың нәтижелі болуында реттеушінің іскерлігі анық байқалады. Бұл шаруаны ың-шыңсыз атқарып жүрген Сауырхан Жабаевтың фабрикадағы еңбек жолы 2007 жылдан басталады. Өндіріс нысаны іске қосылғаннан бері еңбек етіп жүрген Сауырхан Уәлиұлы өз ісінде шебер. Талай жастың томағасын сыпырып, еңбек майданына араласуына ықпал етті. – Байыту өндірісінен бөлек алып қарай алмайтын қалдық қойма шаруашылығында еңбек еткен 15 жыл ішінде тұтас фабрика мен цехтың қалыптасу, даму кезеңдерін көзбен көріп, сол жұмыстарға тікелей атсалыстым. Іскерлік пен білімді, жұмысқа деген жауапкершілікті алға тарта отырып, ұжымға келген әрбір маманға жол көрсетуге тырыстым. «Адал еңбек абыройға жетелейді» деген тәмсілді ұстана отырып, атқаратын жұмысыма адалдықпен қараймын. Кейінгі жастарға да осы бағытты ұстануды талап етемін. Талап пен тәртіп бар жерде шаруа оңға басатынын біздің ұжым жақсы бағамдай біледі, – дейді Сауырхан Жабаев.
Сауырхан Жабаев
Тұтас фабриканың қойма шаруашылығын жүзеге асырып отырған бұл цех бүгінгі таңда қуатты құрылымға айналды. Өндіріс ошағының табысты болуына нәтижелі істерімен көзге түскен ұжымның келер жылы да межелі міндет үдесінен шығатынына сенім мол.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.