Жезқазған мыс қорыту зауытында негізгі төрт цехтан бөлек, бірнеше қосалқы цехтар жұмыс жасайды. Әсіресе, өндіріс орнындағы шегендеу цехы ұжымының зауыттың көрсеткішіне тиігізіп отырған көмегі ұшан-теңіз.
Қосалқы цех болғанымен ұжым қыруар істің басынан табылып, пештерді қалыпқа келтіру жұмыстарымен шұғылданады. Озат маман, білікті басшы Смағұл Токировтің жетекшілігіндегі ұжымда 5 бригадада 64 адам еңбек етеді. Олардың әрқайсы өз істеріне жауапкершілікпен қарап, зауыттағы пештердің үздіксіз жұмыс жасауына үлес қосып келеді.
Мәрт мамандықты игерген Металлург күніне орайластырып зауытқа арнайы барғанымызда шегендеу цехының жалындап тұрған жастарымен тілдесудің сәті түсті. Солардың бірі жас та болса бас болып, жұмыстарды үйлестіруде шеберлігімен танылып жүрген ауысым шебері Нұржан Жакуда. Нұржан Жәнібекұлы металлургтердің еңбек әулетінің өкілі. Бірнеше буын алмасса да Әйтеновтердің саладағы істерін абыроймен атқарып жүргендердің бірі осы Нұржан.
Ол еңбек жолын құю-механикалық зауытында бастап, 4 жылдай еңбек етті. Өндірістің қыр-сырына қаныққан жас маман кейін осында келіп, Файзулла Бабасовтың мектебінде шыңдалды. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, Нұржан тәлімгерінен алған тәжірибені өндірісте тиімді пайдалана білді.
– Шегендеу цехында 2018 жылдан бері еңбек етудемін. Біздің ұжым мың жарым градуста мыс балқытатын пештердің төзімділігін бақылап, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Пештерге арнайы кірпіштер тапсырыспен жеткізіліп, олардың беріктігін қамтамасыз ету үшін түрлі отқа төзімді материалдармен бекітеміз. Осы жұмыстардың ауысымда сәтті жүзеге асуына бақылау жасап, жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қадағалаймын. Үдерістер тоқтаусыз жүргізілетіндіктен пештің беріктігі біздің қолымызда. Менің әкемнің ағалары металлургия саласының майталмандары. Мыс қорыту зауытында ұзақ жыл еңбек еткен Мұхамбет, Бірмағанбет, Қайырбек, Жарқынбек сынды әкелеріміз біздің әулеттің мақтаныштары. Бауырларым – Дархан, Еділ, Абзал, Кәден Әйтеновтер осы өндіріс ошағында түсті металлургияның дамуына үлестерін қосуда. Әйтеновтер әулетінің бұл саладағы еңбек өтілі 640 жылға таяу, – дейді Нұржан Жәнібекұлы.
Әкелері мен ағаларының жолын жалғап, салаға бет бұрған Нұржан Жакудадан еңбек ұжымы зор үміт күтеді.
Шегендеу цехында от төзімдеушілердің алар орны ерекше. Мыс бақымасы алынатын пешті отқа төзімді етудің құпиясын меңгерген Медет Қожахметов үшінші бригадаға жетекшілік етіп жүрген Оразбай Елемесовтің бригадасындағы білікті маманның бірі. Нұрлан Қайбереновтің тәлімінде шыңдалған Медет Қожахметов теміржол саласында еңбек еткен. Кейіннен осында келіп, өндіріске араласты. Содан бері арада он үш жыл өтіпті. Он үш жылда Медет Сабырбекұлы өз ісінің шеберіне айналды.
– Осы жылдар ішінде еңбек ұжымының табысқа жетуі жолында әріптестеріммен бірлесіп еңбек етіп келемін. Шегендеу цехының арнайы бөлімшесінде мыс өндірісіне қатысты бұйымдарды қалыптап, олардың үдеріске жарамды әрі төзімді болуына барымызды саламыз. Отқа төзімді бұйымдарды жасаудың құпиясын мен Нұрлан Қайбереновтен меңгердім, – дейді Медет Қожахметов бізбен әңгімесінде.
Біз сөзге тиек етіп отырған еңбек ұжымында жастардың үлес салмағы басым. Аға буынның тәлімінде шыңдалып, өз мамандығына деген ынтасымен көзге түсіп жүрген Ерболат Серіковтің мұнда от төзімдеуші болып еңбек етіп жүргеніне 3 жыл.
Сағат Құлмағамбетовтің бригадасындағы жас маманның бұл салаға келуіне әкесі Батырғали себепші болыпты. Батырғали аға да осы цехта бригада жетекшісі әрі өндіріс озаты. Әкелі-балалы от төзімдеушілер адал еңбектің арқасында табысқа жетіп, межелі міндеттер үдесінен шығып келеді.
– Алдымдағы ағаларым айтқандай, от төзімдеу цехында мыс балқытатын пештің, оны құятын көлемді қалақтардың төзімділігі берік болуы үшін түрлі әдістер арқылы жұмыстар жүзеге асады. Мына біз тұрған шағын бөлмеде өндіріске қажетті бұйымдар кептіріледі. Оның құрғақтығы белгілі бір деңгейге жеткенше осында сақталады.
Менің мұнда келгеніме үш жыл болса да ағаларымның мектебі шыңдап, табысқа жетуіме себепкер болуда, – дейді жас маман Ерболат.
Зауыттың сапалы мыс өндірудегі үдерісі мұндағы қалыптасқан цехтардың жұмысынсыз жүзеге аспайды. Бір-біріне тамыры байланған цехтардағы қызу еңбек өндірісті де, өңірді де өрге бастап келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ,
«Мысты өңір».
Суреттерде:
1. Нұржан Жакуда
2. Медет Қожахметов
3. Ерболат Серіков.