Кіндік қаны қасиетті Ұлытаудың солтүстік қапталында 21 шақырымдағы адырдың бөктерінде жатқан, «Қаракеңгір» кеңшарына қарайтын «Ешкіөлмес» қыстағында тамды. Сұрапыл соғыстың біткеніне екі жылдай енді болған. Елдің жағдайы онша мәз емес. Әйтеуір, жеңіспен жігерленген жұрттың еңсесі биік, көңілі көтеріңкі. Ол осындай ортада ер жетіп, орта мектепті ойдағыдай аяқтады.
Институтта механизация саласынан дәйекті дәріс алған жас маман ауыл шаруашылығының мықты механигі болып шығар ма еді, кім біледі?! Бірақ, өмір жолы басқаша бағытта өрбіді.
1971 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген 70 түлек Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Баку дербес теміржол бригадасына аттанды. Бір батальонға түскен өрімдей жас офицерлер Қазақ – Идживан – Дилижан теміржолын салуға қатысып, Иранмен шекаралас тау шатқалында екі жылда әрқайсысының ұзындығы 500 метрден 2 шақырымға жететін бірнеше үңгіржол (туннель) өтті. Әскери қызметте кәсіби машық пен адамдары ұйымдастыру дағдысына үйренді.
Елге оралған Әлмұхан ауылда азын-аулақ аунап-қунап мауқын басқасын «Қазмысқұрылыс» тресінің автокөлік бірлестігіндегі орталық жөндеу шеберханасына слесарьлар бригадирі болып жұмысқа орналасты. Көп ұзамай белсенділігімен танылған жігерлі жігітті жастар бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайлады. Ол төрт жылда жігерлі жастардың сенімінен көрініп, талай жарқын істің бастамашысы болды. Шеберхананың облыстық социалистік жарыста бірнеше мәрте жеңімпазы атанған комсомол-жастар бригадасының автокөлік бірлестігінде беделі өсті.
Жаңадан құрылған Жезқазған облысының әлеуметтік-экономикалық дамуға бірегей бет бұрған кезі. Кеншілер қаласының құрылыс алаңында да қызу еңбек қайнап жатты. Трест басшылығы мен парткомының шешімімен Әлмұхан Исмағұлұлы сондағы № 5 автобазаға бастық болып барды. Өмір жолында өзіндік із қалдырған сол бір жылдары Есқұла су құбыры, Анненск кеніші, №3 байыту фабрикасы, әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, Жезді кентіндегі байыту фабрикасы құрылысына қатысты. Ол басқарған автобаза бірнеше рет бірлестікте социалистік жарыс көшін бастап, екі мәрте сала министрлігінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Жүлдегер автобазаның директоры екі мәрте сол кезде Одақтағы небір озық тәжірибе таразы басына тартылатын Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты.
Трестің автокөлік бірлестігіне директордың тұрмыстық және жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары болып оралған Әлмұхан Исмағұлұлын ұжым – еңбек кеңесінің төрағасы, ал, бірлестік коммунистері бастауыш партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Адам мүддесіне айрықша адалдықпен қарайтын ол шаруашылық есепті өндіріске енгізу мен қосалқы ауыл шаруашылығын ұйымдастыруға да көп еңбек сіңіреді.
Әлмұхан Исмағұлұлының ынта-жігері мен ілгері ұмтылысын ескерген коммунистер жалпы жиналыста оны тоғыз мың адам еңбек ететін «Қазмысқұрылыс» тресі парткомының хатшысы етіп сайлайды. Мұндай бетбұрысты күтпеген ол бұл қызметте де сенімге сызат түсірмеді, есептегі мүшесінің саны жағынан Жезқазған кен-металлургия комбинатынан кейін екінші орында тұрған партия ұйымының ықпалды буын болуына бар біліктілігі мен тәжірибесін жұмсады. Трест коммунистері құрылысты қарқынды әрі сапалы жүргізудің жарқын үлгісін көрсетті.
Облыстық партия комитетіне берген партиялық-өндірістік мінездемеде Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депуттаттары қалалық Кеңесінің төрағасы М. Көпеев былай деп жазады: «Қалыптасқан жағдайға жедел бейімделіп, жөн-жосығын табуға, тиімді шешім қабылдауға қабілетті. Адаммен тез тіл табысады, көпшілікпен жұмыс істеуге бейім. Ә.Исмағұл – ұйымдастыру қабілеті жоғары, алдына айқын мақсат қоя білетін тұлға. Қысқа мерзім ішінде парткомның трестегі ықпалды күшке айналуына қол жеткізді».
Коммунистік партия тарағаннан кейін Әлмұхан Исмағұлұлы «Жезқазғантүстімет» ғылыми-өндірістік бірлестігінің кен алыған кеңістікті толтыратын шаруашылығына материал өндіретін тас карьерінде – директор, «Қазақмыс» корпорациясының құрылыс-монтаж тресіне қарасты «Кенқұрылысы» басқармасының тас карьерінде бастық болып істеді. Карьер ұжымы Жаман-Айбат кенішіне теміржол табанын төсеу құрылысына қатысты, Жезқазған байыту фабрикасының ұзындығы 5,7 шақырымдық жаңа өндірістік қалдық шаруашылығын салды.
Қырық жылдай ғұмырын «Қазмысқұрылыс» тресінде өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салуға арнап, өңірдің өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған, кейін «Қазақмыс» компаниясының құрылыс саласында тер төккен Әлмұхан Исмағұлұлы 2010 жылы зейнеткерлікке шықты. Бірақ, әлі де қол қусырып қарап отырған жоқ. Жасы сексеннің сеңгіріне иек артқан ақсақал корпорациядағы ардагерлер ұйымының құрылысшыларға қарасты буынына басшылық жасайды, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Кезінде кен-металлургия комбинатының жоспарлау бөлімінде қызмет істеген зайыбы Зейнешпен екеуінің көз қуанышы – аяқтандырған үш ұлынан өрбіген он немересі.
Әлібек ӘБДІРАШ.