Жаңаарқа ауданындағы «ULY DALA Co» ЖШС қой етін экспортқа шығаруды жолға қоя бастады. Серіктестіктің ет өңдейтін комбинатынан жақында Катар еліне 2,5 тонна қой еті экспортқа жіберілді.
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты міндеттерге тоқтала келіп: «Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды», – деп атап көрсеткен еді. «ULY DALA Co» ЖШС қолға алып жатқан жобалар осы талапқа толық сай келетінін бағамдауға болады. Жаңаарқа ауданының Ақтайлақ елді мекенінде орналасқан серіктестіктің ет комбинаты кешені өткен жылдың күз айына қарай ашылған болатын. Комбинаттың тәулігіне 4 тоннаға дейін ет өңдеп, 3 мыңға жуық бұқтырылған ет қалбырын шығара алатын мүмкіндігі бар. Кәсіпорынның консерві цехында бұқтырылған еттің үш түрі – қой, сиыр, жылқы еттері қалбырланып шығарылады. Алдағы уақытта етпен үздіксіз қамтамасыз ететін мал бордақылау алаңын іске қосу да ойластырылған. Қаражал қаласының сыртындағы Шалғия алқабындағы 100 мың гектардай жайылымдық жерінде мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Шаруашылықта бүгінде 1500 жылқы, 2,5 мың қой түлігі бағылуда.
Ет комбинатының өнімдері аз уақытта нарықта таныла бастады. Облыс орталығында ашылған «Ауыл өнімдері» аталатын шағын маркетінде қалбырдағы ет, түшпара, котлет, манты сияқты жартылай фабрикат өнімдерімен қоса жылқы, сиыр еттері үйдің майы және басқа да азық-түлік түрлері халыққа ұсынылуда. «ULY DALA Co» ЖШС ет өңдеу комбинатын ашқан кезде Катар елімен арада ет экспорттау туралы келісім шарт жасасқан болатын. Соған орай өткен жылдың желтоқсан айында ол елге 2 тонна қой етін экспортқа шығарып үлгеріп, енді міне жыл басында екінші кезектегі өнімін жөнелтті. Серіктестік бұдан бөлек, алдағы уақытта Иордания еліне жылына 500 тонна ет жіберу жөніндегі келісім шарт жасасуды жоспарлап отыр. Аудандағы бірегей кәсіпорын осылайша еліміздің экспорттық әлеуетін көтеруге өзіндік үлесін қосуда.
Амандық РАХҰЛЫ.