Бұл «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевтің қатысуымен өткен «Қазақстан халқына» қорының қызметі өңірлер үшін» атты дөңгелек үстелде айтылды. Дөңгелек үстелге облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, депутаттар, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.
Орайы келгенде айта кетейік, аптаның ортасында өңірімізге «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев жұмыс сапарымен келген болатын. Дөңгелек үстел барысында қор төрағасы «Қазақстан халқына» қоры жүзеге асырған қайырымдылық бастамаларына тоқталып, Ұлытау облысында іске асқан және жоспарланған қайырымдылық жобаларды таныстырды.
– 7 тамыздан бастап Қор коммерциялық емес ұйымдар арасында сауалнама жүргізді, оған коммерциялық емес ұйымдардың 1200 өкілі қатысып, Қордың қызметіне кешенді баға берді. 15 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында Қор денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, спорт және мәдениет салалары бойынша 1000-нан астам КЕҰ-ның қатысуымен 21 тақырыптық онлайн zoom-кездесу өткізді, онда жұртшылықты толғандыратын мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары және Қордың қатысуы бойынша 100-ден астам ұсыныс айтылды. Қыркүйек айында Қор 20 өңірде дөңгелек үстелдер өткізуді жоспарлады. Сауалнама қорытындыларын, жұртшылық пен өңірлерден түскен сұрақтар мен ұсыныстар нәтижесін Қор қазан айында Конференцияның қорытынды отырысында таныстыратын болады. Бүгінгі кездесуде біз атқараған қызметіміз туралы есеп беріп, сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдағымыз келеді, – деп атап өтті Болат Жәмішев.
Төрағаның айтуынша, Қор елімізде ауқымды шаралар жүргізіп жатыр. Бұдан Ұлытау облысы да қалыс қалған емес. Атап айтқанда, өңірлік медициналық мекемелерді офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету шеңберінде Ұлытау облысы бойынша Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасына жалпы сомасы 4 млн. теңгеге диагностикалық линзалар мен офтальмоскоптар сатып алынған. Сондай-ақ, аталған емдеу мекемесіне 32 млн. теңге көлемінде жабдық жеткізу де жоспарлануда.
Тұрғындарды әлеуметтік қолдау мақсатында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар. Мәселен, облыстың 3 тұрғынына Қор жалпы сомасы 17,2 млн теңгеге инновациялық протез алып беріпті. Келешекте өңірімізде әрқайсының жобалық құны 241,2 млн. теңге болатын 2 оңалту орталығын ашуды жоспарлап отыр. Оның біреуі Жезқазған қаласының «Қарлығаш» соматикалық шипажайының базасында ашылса, екіншісі Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасы базасында ашылмақ.
Қордың көмегімен Ұлытау облысындағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту шеңберінде Ұлытау ауданындағы «№ 1 Ұлытау жалпы білім беретін орта мектебінің базасындағы Тірек мектебі (ресурстық орталығы)» КММ материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Екінші кезең бойынша жалпы сомасы 250 млн. теңгеге 1 тірек мектеп құру жоспарлануда (Жаңаарқа кентінің «Бименде Амалбеков атындағы Тірек мектебі (ресурстық орталық)» КММ).
Қордың көмегімен облыстың спорт саласында серпіліс бар. Талап және Жезді кенттерінде 2 зал ашылды. Келешекте Атасу, Қызылжар және Жыланды ауылдарында 3 спорт залын ашу жоспарлануда.
Жалпы, екінші кезеңде «Болашақ инженерлер – моноқалаларда» бағдарламасы бойынша 45 млн теңгеге 10 мектеп жабдықталмақ.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының студенттеріне де Қор айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Ұлытау облысы бойынша 19 студент Қордың білім беру грантының иегері. Олар Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде оқиды.
– Айта кету керек, қазір азаматтар Қордың жұмысы туралы және қандай көмек көрсетіп жатқанымыздан хабардар. Бұл ретте мемлекеттік ұйымдар Қордың бірлескен жобаларды іске асыру үшін айқындаған тәсілдерін жетік білмеуде. Біздің міндетіміз жарақтандыру ғана емес, жағдайды өзгерту және халыққа қызмет көрсету мәселесін шешу. Сондықтан біз өңірге өзгеріс әкелетін және тұрғындар үшін айтарлықтай әсер ететін өзекті жобаларға қатысуға және оларды іске асыруға дайынбыз, – деп атап өтті Болат Жәмішев дөңгелек үстелді қорытындылай келіп.
Кездесу соңында өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қорының серіктесі – «Батыр боламын» қорының қолдауымен ашылған спорт залдарының бірінің тәрбиеленушісі Зуфар Сайфутдиновты құттықтады. Зуфар күні кеше Румынияның Ясса қаласында өткен халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Жұмыс сапары аясында Қор төрағасы Болат Жәмішев «Мәруа Кұлышева атындағы» өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында болып, ұжыммен және балалармен әңгімелесті. Орталықта 52 кәмелетке толмаған бала тәрбиеленуде. 24 маман жұмыс істейді. Директор Ғазиз Жетібаев орталықтың жұмысы мен тәрбиеленушілердің жетістіктері туралы айтып, Қордың қатысуымен шешілуі мүмкін бірқатар мәселелер мен ұсыныстарды жеткізді.
Меймандар бұдан соң «Жезқазған қаласы медициналық-әлеуметтік мекемесі» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, орталықтың материалдық-техникалық базасымен, зейнеткерлер мен мүгедектердің тұру жағдайымен танысты. Қазір мұнда 220 адам тұрады, оларға тұрақты күтім мен медициналық көмек көрсетіледі. Әкімшіліктің айтуынша, орталықта асхана мен кір жуу жабдықтарын жаңарту қажет.
Сондай-ақ, «Ұлытау Мейірім» қоғамдық қоры басқаратын мүгедектігі бар адамдарды күндіз бақылау орталығының өкілдері жарақтандыру мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау бойынша қолдау көрсету өтінішін жеткізді. Орталық 18-30 жас аралығындағы мүгедектерге психологиялық көмек көрсетуді, бос уақытты ұйымдастыруға және қоғамда бейімделуге жәрдемдесуді жоспарлап отыр.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.