Астана қаласында 4 – 5 қыркүйекте тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының Кубогы үшін шағын футболдан алғашқы жарыс өтті.
Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Қостанай, Өскемен, Орал, Жезқазған, Ақтоғай, Балқаш қалаларынан келген кәсіпорындардың әуесқой қызметкерлерінің қатарында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС командасы да болды. Жарыс Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Финалдық кездесуде «IT Kazakhmys» және Жезқазған байыту фабрикасының командалары кездесті. Шешуші жекпе-жекте «IT Kazakhmys» алтын медаль, кубок және 2025 жылғы Еуропа Чемпионатына жолдама алып, жеңіске жетті.
Екінші орынды «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Жезқазған байыту фабрикасының командасы иеленді. Үшінші орынды Eurasian Resources Group командасы алды.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС PR-департаментінің менеджері Асылжан Қарғабаев атап өткендей, «IT Kazakhmys» командасына бас жүлдені жеңіп алуға жақсы дайындық көмектесті.
– Команданың құрамында Қарағанды, Жезқазған, Балқаш қалаларында жұмыс істейтін корпорацияның IT-бөлімшелерінің қызметкерлері бар. Спортқа және салауатты өмір салтына бейімділік «Қазақмыс» корпорациясы еңбеккерлерінің басты басымдықтарының бірі. Компанияда көптеген турнирлер, жарыстар өткізіледі, ішкі футбол лигалары бар.
Алдағы Еурокубокқа қатысу біз үшін, әрине, үлкен жауапкершілік әрі үлкен абырой. Біз мұқият дайындалып, корпорация мен республиканы Еуропа Чемпионатында лайықты таныстыратынымызға уәде береміз, – деді ол. Сондай-ақ, турнирде ерекше ойын көрсеткендер арнайы номинацияларға ие болды. Солардың қатарында Жезқазған байыту фабрикасының еңбеккері Алдияр Әлмұқан да бар. Ол «Үздік қорғаушы» аталымына лайық деп танылды.
«IT Kazakhmys» командасы енді Еуропа Чемпионатында топ жарып, жүлдемен оралсын деп тіледік.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.