Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» Тобы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – Жезқазған қаласының инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру бойынша тараптардың өзара қолдауы мен белсенді ынтымақтастығын қамтамасыз ету. Қол қойылған меморандумға сәйкес «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС қызметі Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданында жалпы сомасы 35 млрд. теңгеге 22 жобаны іске асыру жолымен әлеуметтік тұрақтылықты күшейтуге бағытталатын болады. Меморандум аясында жақын жылдарда Жезқазған қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, музыкалық драма театры мен балабақшасынды әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар салынады.
Сәтбаев қаласы халқының денсаулығын қолдау мақсатында компания мұнда емхана мен жарақат бекетін салады. Бұдан басқа, «Қазақмыс» мемлекеттік техникалық университеттің ашылуына және Ұлытау ауданында Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылысына қатысады. Компания есебінен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған екі ғимарат (күндіз қабылдау орталықтары үшін) сатып алынады.
Сондай-ақ, шаруашылық суының көтергіш сорғы станциясына жөндеу жүргізу жоспарлануда. «Қазақмыстың» қолдауымен Жезқазғандағы Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандыруға арналған эскиздік жоба әзірленеді, Тасбұлақ, Күмісбұлақ және Әулиетау тауларының бұлақтарын абаттандыруға арналған эскиздік жоба дайындалуда. Сонымен қатар, меморандумда «Қазақмыс» қатысатын басқа да жобалар көрсетілген. Осылайша, компания Жезқазған қаласында 320 орындық балабақшаның құрылысын аяқтайды, Сәтбаев қаласында бірқатар нысандарды қайта құру және абаттандыру бойынша эскиздік жобалар дайындайды.
Тұрғын үй саласындағы мәселелердің әлеуметтік маңыздылығын назарға ала отырып, компания Жезқазған қаласындағы ұзаққа созылған құрылыс нысандарын аяқтайды. Осы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою тараптарға өзара іс-қимылды жаңа сапалық кезеңге шығаруға мүмкіндік береді және өңір халқының әл-ауқатының деңгейін негізгі басымдық арттыру болады.
– Баршаңыз жақсы білесіздер, «Қазақмыс» компаниясы өндірістік өңірге келген сәттен бастап Жезқазған аймағын дамытуға арналған жобаларды жүзеге асырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешіміне сәйкес жаңадан құрылып, облыс мәртебесін алып жатқан Ұлытаудың өркендеуі жолында «Қазақмыс» ірі жобаларды жүзеге асырады. Әсіресе, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы түйткілді мәселелерді шешуне компания пейілді. Облыс әкімдігі мен компания арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум аясында 22 жоба жүзеге асатын болады. Біз өз тарапымыздан жаңа облысты қолдауға дайынбыз, – деді «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай.
Ірі мыс алыбының аймаққа деген жанашырлығын оң бағалаған облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы «Қазақмыс» компаниясының қолдауына алғысын білдірді.
– «Қазақмыс» әлеуметтік жауапкершілікті компания ретінде Ұлытау облысына қолдау көрсетуі өңірді дамытуға барынша ықыласты екендігін білдіріп отыр. Компания облыс болып қайта құрылғанға дейін де Жезқазғанда бірқатар жобалардың жүзеге асуына ықпал етті. Біздің «Қазақмыспен» бірге алдағы жылдарға көздеген жоспарларымыз жүйелі түрде жүзеге асып, өңір әлеуетін күшейтпек. Бұл жобалардан бөлек, республикалық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыру көзделуде, – деді облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы.
Меморандумға қол қоюға арналған жиын шеңберінде еліміздегі мырыш өндіруші «Казцинк» компаниясымен де келісімге қол қойылды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.