Биылғы жылдың жағымды жаңалықтарының қатарына «Қазақмыс» футбол командасының Түркияның Анталья қаласында 12 – 16 қазан аралығында шағын футболдан өткен чемпионатта бақ сынап, әлемдік додадан қола жүлдемен оралғанын атап өтуге болады.
«Euro Business Cup» чемпионатына дейін «Қазақмыс» футбол командасы 4 – 5 қыркүйекте Астана қаласында тау-кен және металлургия кәсіпорындары қауымдастығының Кубогы үшін ұйымдастырылған шағын футбол турнирінде І орын мен Антальядағы бәсекеге жолдама ұтып алған болатын. «Қазақмыс» баптап, жарыс жолына қосқан команда үмітті ақтап, чемпионат жеңімпаздарының үштігінен көрінді. Жартылай финалға өтіп, молдавиялық «MAB» командасымен алаңда бақ сынады. Ойын нәтижесінде Қазақстанның намысын қорғаған қазақмыстықтар қола медаль иегері атанды. Әлемнің 28 елінен қатысқан бұл чемпионаттың алғашқы кезеңінде «Қазақмыс» командасы Өзбекстанның «CCS Progress», Түркияның «CMS», Румынияның «Damen Galati» командаларын шаң қаптырып, бірінші орынмен плейофф кезеңіне шықты.
1/8 финалдық ойынында қазақмыстықтар 4:3 есебімен Словакияның «Schaeffler» командасын жеңді. Жартылай финалда қарқынды ойын көрсеткен «Қазақмыс» командасының еншісіне қола жүлде бұйырды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.