«Қазақмыс» корпорациясы жұмыскерлердің, олардың отбасылары мен жұмыс істейтін өңірлердегі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды әлеуметтік стратегиясын жүзеге асыруды жалғастыруда. Компания ішкі әлеуметтік саясатын жүйелі түрде күшейтіп, басты назарды қауіпсіздікке, әл-ауқатқа және тұрақты дамуға аударып отыр.
«Біздің ең басты капиталымыз – адам. Адамға, оның отбасына және болашағына қамқорлық жасау – жай ғана қағида емес, бұл біздің стратегиямыздың негізі», – деді «Kazakhmys Holding» ЖШС Ұйымдастырушылық даму және персоналды басқару жөніндегі директор Әлібек Алдоңғаров «Human Capital Days» Адам капиталын дамыту жөніндегі IV халықаралық форумы аясында сөйлеген сөзінде.
Бүгінде 40 мыңға жуық қызметкер Жезқазған, Қарағанды, Балқаш және Шу қалаларындағы 14 кеніште, 5 байыту фабрикасында және 2 мыс балқыту зауытында еңбек етуде. «Қазақмыс» – тұтас қалалардың әл-ауқаты тәуелді болатын жүйеқұраушы кәсіпорын әрі жауапты жұмыс беруші ретінде өзін қалыптастырды.
«Біз өндірісті ғана емес, сонымен бірге оның айналасындағы өмір сапасын да жақсартуға күш саламыз: мектептер, балабақшалар, тұрғын үйлер, спорт және медицина салаларын дамытамыз. Бұл біздің – қоғам мен әрбір жұмыскер алдындағы жауапкершілігіміз», – деп атап өтті Әлібек Алдоңғаров.
2025 жылы әлеуметтік бағдарламаларға арналған бюджет 12,4 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат тұрғын үймен қамтамасыз етуге (2019 жылдан бері 280 пәтер берілсе, 2025 жылы тағы 202 қызметтік пәтер тапсыру жоспарланған), ерікті медициналық сақтандыруға (қызметкерлердің отбасы мүшелерін қоса алғанда 139 мыңнан астам адам сақтандырылды); сауықтыру және балалар демалысына (жыл сайын 4 мыңнан астам қызметкер шипажайда ем алады, 1,5 мың бала жазғы лагерьге жіберіледі); ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға (ай сайын 2,7 мыңнан астам адамға медициналық және әлеуметтік қызмет көрсетіледі); 2025–2029 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа (бала туу, үйлену, оқуға түсу және өмірлік ерекше жағдайлар бойынша төлемдер ұлғайтылды) бағытталады.
2025 жылы еңбек қауіпсіздігіне бөлінген инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 54 %-ға артты. Компания еңбекті қорғаудың заманауи стандарттарын енгізіп, жұмыс орындарын жаңғыртып жатыр.
– Біз жұмыс орындарын ғана емес, сонымен қатар өмір сүруге және дамуға қолайлы толыққанды орта қалыптастырудамыз. Бұл – Қазақстанның болашағына қосқан үлесіміз, – деп атап өтті Әлібек Алдоңғаров.
Бұдан бөлек, мемлекетпен жасалған Меморандум аясында «Қазақмыс» 2022 жылдан бері Жезқазған, Сәтбаев қалаларын дамытуға 28,2 млрд теңге инвестиция салды. 2025 жылдың соңына дейін бұл сома 36,3 млрд теңгеге жетпек. Осы уақыт ішінде мектептер, спорт кешендері, су тарту нысандары, әлеуметтік және білім беру мекемелері салынды және жаңғыртылды.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС PR департаменті.