Кеңес заманындағы қуғын-сүргіннің қым-қуыт ізі Жезқазған өңірінде де өзінің ащы табын қалдырғаны белгілі. «Халық жаулары мен шпиондарды» індете іздеген сталиндік қатқыл жүйе қазақ даласында түрмелер мен саяси тұтқындар лагерін қаптатып жіберді. Оның ішінде талай жазықсыз жандар жапа шегіп, тағдыры қыл үстіне байланған болатын. Бұған дейін Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің қорларынан табылған материалдар негізінде «Степлаг» туралы бірнеше рет материал жазғаным бар. Қарағандының «Болашақ» университеті 2011 жылы шығарған «КСРО ІІМ Степной лагері тарихының очерктері» кейінірек қолыма тиіп, ғылыми-зерттеу кітабын парақтай келе ГУЛАГ жүйесінің мол деректеріне одан әрі қаныға түсуімнің сәті келді. Жалпы редакциясын ғалым, қоғам қайраткері Н. Дулатбеков басқарған, тарих ғылымдарының кандидаттары Т. Алланиязов, А. Жұмаділоважәне филология ғылымының кандидаты Ж. Баймұрыновтың авторлығы мен шыққан бұл көлемді еңбектің дерекөздері жергілікті архивтермен қатар, Ресейдің мемлекеттік архивінің материалдарынан да жан-жақты жинақталыпты. Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) түрлі басқармаларының ішінде лагерьлер мен колониялардың Бас басқармасы болып саналған ГУЛАГ-тың орны ерекше саналатын. Сол кезеңде басқаша сипат пен түсінік қалыптастырған ГУЛАГ жүйесінің ақиқатына тереңдеп үңілер болсақ, зобалаң заманның зарлы күйі мен ащы ақтаңдақтарын айқын аңғаруға болады.
Анти кеңестік байланыстары және дұшпандық әрекеттері үшін әлеуметтік қауіпті адамдарға жатқызылатын атақты 58-бап талайлардың тағдырын ойрандады. 1934 жылдың 10 шілдесінде КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) құрылуына байланысты ОГПУ жойылды. Ішкі істер халық комиссариатының түрлі басқармаларының ішінде лагерьлер мен колониялардың Бас басқармасы болып саналған ГУЛАГ-тың орны ерекше болды. Жалпы кеңес одағы бойынша лагерьлер саны қарқынды өсті. Мысалы, ГУЛАГ қарауында 1940 жылдың алғашқы жартысында «НКВД құрылыс лагерьлері» деп аталатын 53 лагерь және 425 еңбекпен түзеу колониялары болды. Лагерьлерде 1930 жылы 179 мың тұтқын болса, 1940 жылдың басында олардың саны 1млн. 668 мың адамға жетті. Осылардың ішінен Карлаг тоғызыншы орында болып, 1939 жылы ондағы тұтқындардың саны 35072 адам болған еді. Кейін одан әрі көбейе түсті. ГУЛАГ тұтқындарының күшімен мемлекеттің қорғаныс өнеркәсібі мекемелері салынды және қызмет көрсетілді. Тек КСРО тау-кен өндірісі мекемелерінде 171 мың тұтқын жұмыс істеді. Түсті металлургия халық комиссариатына қарасты Қарсақбай мыс балқыту комбинатында 3 мың адам мыс өндірісі салаларында еңбек етті. Тұтқындардың көпшілігі Шығыс Қоңыратта молибден шикізатын, Жезқазған кенішінде мыс кенін және Жездіде марганец өндіру мен айналысты. Соғыстан кейін лагерьлер саны күрт көбейе бастады.
КСРО Министрлер Кеңесінің 1948 жылдың 21 ақпандағы Сталин қол қойған «Ерекше қауіпті (мемлекетке) қылмыскерлерге арналған қатаң режимдегі лагерьлер мен түрмелер құру және оларды жазасын өтеу үшін КСРО-ның алыс аймақтарына жіберу туралы» қаулысының негізінде ГУЛАГ жүйесінде ерекше лагерьлер құрыла бастады. «Қауіпті қылмыскерлердің» қатарын атыңшылық, лаңкестік және диверсиялық қылмыстары үшін сотталған троцкийшілдер, меньшевиктер, эсерлер, анархистер, ұлтшылдар, ақ эмигранттар және басқа да кеңес өкіметіне қарсы ұйымдардың мүшелері жатқызылатын. Бұларды бір сөзбен «саяси» деп атайтын. Сол уақытта Қиыр Солтүстіктегі Колымада 50 мың адамға, Норильскіде – 15 мың, Коми АКСР-да – 25 мың, Мордованың Темники қаласында 20 мың адамғаарналған, сол жылдың аяғына қарай Иркутск облысының Тайшет қаласында Озерный, Воркута қаласында Речной ерекшелагеріқұр ылып, тұтқындарды қабылдады. Жазықсыз жазаға тартылған қазақтың талай боздақтарының Ресейдің қиыр шетіндегі осы лагерьлерде азап шеккені белгілі. Ал, Сарыарқаның орталығындағы Қарағанды аймағында 100 мың тұтқынға арналған ерекше лагерь жүйесі болды. Оның құрамындағы Степной – №4 ерекше лагерь деп аталатын. Бұдан соң КСРО Министрлер Кеңесінің 1949 жылғы 28 тамыздағы қаулысына сәйкес ІІМ-нің бұйрығымен Қарағанды қаласында №8 Песчаный лагері, ІІМ-нің 1949 жылғы 10 қазандағы бұйрығымен Долинкада №9 Луговой ерекше лагері құрылды. КСРО ІІМ-нің 1952 жылғы 24 сәуірдегі бұйрығымен №8 ерекше лагерьдің алтыншы бөлімшесі негізінде 5 мың тұтқынға арналған №11 Дальний лагері құрылып, басқармасы Павлодар облысының Екібастұз кентінде орналасты. Осылайша қазақ даласын лагерьлер желісі шырмауық шашырмай түсті.
ІІМ-не қарасты Степной лагерьлері 1948 жылы мамыр айында алғашқыда Қарағандыдағы әскери тұтқындарға арналған №99 лагерьдің Спасск бөлімшесінің негізінде, кейіннен 1948 жылдың қыркүйегінде Қарсақбайдан Балқашқа дейінгі аймақты алып жатқан Қарлагау мағының бір бөлігін қамтыған, бұл кезде тараған Жезқазғандағы әскери тұтқындарға арналған №39 лагерьдің негізінде құрылған-тын. Басшылығы Новорудный станциясына жақын Рудник поселкесінде, кейін келе (1954 жылдан бастап) Үлкен Жезқазғандағы жұмысшылар мекеніне айналған Кеңгір поселкесінде орын тепті. Лагерьдің литері – ИА, телеграфтық коды – «Степной», мекенжайы – Қарағанды облысы Жезқазған поселкесі болатын. Степной лагерінде 1949 жылдың 15 мамырындағы дерек бойынша 8 лагерьлік бөлімше болған. Рудник поселкесінде №1 лагерьлік бөлімше, Перевалкада №2, Үлкен Жезқазған поселкесінде №3 бөлімше, Жездіде №4, Теректі теміржол бекеті аймағында №5 (бұрынғы №6 бөлімше), Шығыс Қоңырат поселкесінде №6 лагерьлік бөлімше (бұрынғы №8 бөлімше) орналасқан-тын. Мұндағылар кен өндіріп, оны Балқаш пен Қарсақбай мыс балқыту зауыттарына жөнелтіп отырды. Байқоңыр көмір ошағында қоңыр көмір өндірді. Сонымен бірге, өндірістік кәсіпорындар мен тұрғын үй құрылыстарын салумен айналысты. Қалада сол адамдардың қолынан шыққан ғимараттар мен тұрғын үйлер қоры әлі де бар екенін ел біледі. Тұтқындарды мәжбүрлеп еңбекке пайдалану негізінен экономикалық мақсатты көздегені белгілі. Кенді құрғақ жағдайда, шаң-тозаңның қалың ортасында бұрғылаған тұтқындар ауыр жұмыста силикоз бен туберкулез ауруына тез шалдығатын. Ауырған жағдайда оларды Спасскідегі жарамсыздардың лагеріне жөнелтуші еді. Топырлап өліп жатқандарда есеп жоқ. Осы оқиғаларға куә болған жандардың ұрпақтары бертінге дейін қаладағы іс-шараларда кездесіп қалатын. Саяси тұтқындар қатарында Степлагта он жыл отырған Екатерина және Иван Дик, Лилия Летчер, Зинаида Кассель екі мыңыншы жылдарға дейін өмір сүрсе, ақын Юрий Грунин қалған бүкіл ғұмырын Жезқазғанда өткізіп, 2014 жылы қайтысболды.
Степнойдағы тұтқындар саны 1948 жылдың төртінші тоқсанында – 5713 адам, 1949 жылдың 1 қаңтарында – 18572, 1950 жылдың 1 қаңтарында – 27855, 1951 жылдың 1 қаңтарында – 18572, 1952 жылдың 1 қаңтарында – 23089, 1953 жылдың 1 қаңтарында – 20869, 1954 жылдың 1 қаңтарында – 21090, 1955 жылдың 1 қаңтарында – 10481, 1956 жылдың 1 қаңтарында 7603 адам болған екен. Байқап отырғаншығарсыздар, адам саны жыл сайын күрт мөлшерде өзгеріп отырған. Соған қарағанда бір лагерьден екіншісіне жіберіп, үнемі ауыс-түйіс болып отырғаны аңғарылады. Степной лагерінде 1950 жылғы дерек бойынша ең көбі украиндар – 15427 болыпты, орыстар – 5406, белорустар – 1554, литвалықтар – 1364, эстондықтар – 472, қазақтар – 289, аздаған армиян, грузин, әзірбайжан, өзбек, неміс, поляк, кәріс ұлттарының өкілдерімен қатар, басқа елдерден жапондар, қытайлар, венгерлер де болған. Лагерьдің жеке құрамында кадрлар жетіспеген. Айталық, 1949 жылдың мамырайындағы дерек бойынша штат бойынша бекітілген кадрлар саны 1426 болса, іс жүзінде 891 қызметкер ғана болыпты. Медицина қызметкерлерінен 152 штаттық бірлік бос тұрғанына қарап-ақ тұтқындардың денсаулығына лагерь басшылығының онша көп бас ауыртпағанын байқауға болады. Бастықтар тарапынан ішкілікке салыну, басқа да келеңсіздіктер жайлы деректер де архив құжаттарында кездеседі. Мәселен, «1948 жылмен салыстырғанда 1949-1950 жылдары моральды қазғындықтары үшін қызметтен босату деңгейі төмендеген. Дегенмен, Щетининнің айтуы бойынша олар әлі де көптеп кездеседі. 1948 жылы және 1950 жылдың 1-жартысында қылмыстық және тәртіптік жауапкершілікке 238 адам тартылған» дейді бір деректе.
Тегін жұмыс күші ретінде пайдаланумен қатар тұтқындардың тұрмыс жағдайы да жетісіп тұрмады. Оның үстіне қит етсе жазалау, қосымша жыл қосып беру дағдыға айналған. Өздерінің қосалқы шаруашылықтары, кеңшарлары бар лагерь жүйесі «мемлекет ішіндегі мемлекет» сияқты өмір сүрді. Лагерь әкімшілігі еркін жағдайда қара жұмысқа шығарылғандарға тұрғын үй берді, некеге тұру мен айрылысу рәсімдерін жасап, туу туралы және өлгені туралы куәліктерді өздері берді. Степной лагерінің өз әскері, прокуратурасы мен сотына дейін жеке болды. Сондықтан көрген қорлықтары туралы ешкімге шағымдану мүмкін емес еді. Әйелдер жағы көрген зорлықтары мен әділетсіздіктерін парақшаларға, төсек жаймасының қиындыларына, барак қабырғаларына жазып, одан әрі жазаға ұшыраған кездері де болыпты. Осы жағдай ушыға келе лагерьдегі үлкен толқуға әкеліп соққан. КСРО ІІМ-нің ГУЛАГ жүйесіндегі көлемі жағынан ең үлкен және қайғылы көтеріліс 1954 жылдың 16 мамырында Степной лагерінде болып, 40 күнге созылғанын білеміз. Осы қасіретке толы оқиға 1956 жылы Степлагтың жабылуына себеп болды.
Содан бері арада 66 жылдай уақыт өтіпті. Жезқазған мыс қорыту зауытының сыртында лагерь барақтарының құлаған қабырғалары мен ескі үйінділері әлі де сақталып қалған. Мыңдаған жанның қасіретті тағдырына куә болған жердегі азалы ғимаратты тарихи орынға айналдыру жөніндегі шаралар қолға алына бастады. Өткен жылдан бастап лагерьдің асханасы болған үйі қоршалып, қилы заман белгісі сақталған қабырғалары қалпына келтіру жөніндегі жұмыста ржүргізілуде. Арнайы стенд жабдықталып, «1948-1956 жылдары кеңестік ГУЛАГ жүйесіне кіретін Степ Лаглагерінде жазықсыз жапа шеккен тұтқындардың рухына арналған» деген жазуы бар белгі тас орнатылды. Бұл орын енді бұдан былай Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қарауында болатын болды.
Амандық РАХҰЛЫ.