Бұл мейрамның қазіргі ресми атауы – «Наурыз мейрамы». Осылай жазып келеміз. Ұлыстың ұлы күнін тойлағаннан бері. Алайда бұлайша айтушылық жоқ. Қаймана жұрт әсте «Наурыз мейрамы» деп аузын керіп отырмайды. Наурыз тойы деп төтелейді.
Түркі жұрты бұл мейрамды түркі халықтарының ортақ тойы деп қабылдайды. Алайда бұл мейрамды түркі нәсілінен еместер де тойлайды. Парсы, тәжік жұрттары да оны ұлттық мерекесі ретінде өткізеді. Бұл мұсылман баласының тойы деушілер қарасы да қою. Олардікі жөндейін десең араб нәсілі екі-ақ мейрамды біледі, бірі – Ораза айт та, екіншісі – Құрбан айт!
«Наурыз» – парсы сөзі. «Жаңа күн» дегенді білдіреді. Демек Наурыз мейрамы қызылбастардың мерекесі болды ғой! Тәжіктердікі жөнделік. Жусауы бір жұрттар ғой…
Біздікі ше? Біз қашаннан бері қызылбастардың сойылын соғатын болғанбыз? 21 наурыз күні қазақ болып жатып, 22 наурыз күні қызылбас болып оянатынымыз қалай? Бәлкім, біз білебермейтін діни негізі бар болар. Олай болса мұсылман күнтізбесіне көз жүгірткеніміз артық бола қоймас.
Бұл күнтізбе бойынша жыл басы – мұқарам, одан кейін – сафар (суфрун), одан кейін – рабиғәл-әууал деп жүрміз. Бұл атаудың негізгі мағынасы көктем дегенді береді. Қазір көпшілік жұрт бұл айды – мәуліт айы деп жүр. Себебі айтпаса да түсінікті. Соңғы Пайғамбарымыз дүниеге осы айда келген-мыс. Осы үшінші айымыздың басқадай ерекшелігі жоқ. Араб жұрты үшін. Олай болса бұл тойымызды діни мейрам деп қиғаштауымыздың жөні жоқ.
Көне түркі жұрты жыл санауды реттік санмен жүргізген. Оның сарқыншағын өзімізден де көруге болады. Қытай мен Моңғолия қазақтары наурызды – Бірдің айы дейді. Демек наурызымыз біздің күнтізбеміздің бірінші айы болғаны! Жыл басы болғаны!
Қаңтар, Үт (Үттіңайы), Бірдіңайы, Көкек, Мамыр, Маусым, Шілде, Тамыз, Мизам, Қазан, Қараша, Желді. Енді екпіндетіп отырған қызылбастар күнтізбесіне назар аударайық – амал, сәуір, зауза, саратан, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс, жәди, дәлу, құт. Бұл ай атауларының еліміздің күнгей және батыс өңірлерінде жиырмасыншы ғасырға дейін келгендігін айту жөн.
Қазіргі анна тілімізде қолданылып жүрген ай атаулары – қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан. 1990 жылы ресми бекіген атаулар. Бұл атауларға қарап та көптеген сәйкессіздіктерді көреміз. Ай атаулары мен амал атаулары әбден бытысқан. Бір жарты ғасырдай уақыт орыс атауларымен жүрдік. Оған қарағанда, әрине, бүгінгі ай атауларымыз қазақ баласының руханиятымен үндеседі. Бұған қарап қазақ күнтізбесінің әлікүнге дейін орнықпағанын анық көреміз. Бұл барып тұрған сорақылықтарымыздың бірі. Ағылшындардың үш әріпті қосақтап жазып, бір әріп қылып оқитыны сынды келеңсіздік.
Солтүстіктегі көршіміздің күнтізбесіне қарасаңыз онан да милыққан жұртты көрер едіңіз. Сол бытыстырған ай атауларын кириллицасымен бірге бізге тықпалады. Бұл қазақ баласының ұлттық кодын жоюға бағытталған қадамдардың бір парасы ғана болатын. Сол астам саясаты күткендегідей өз нәтижесін берді. Қазақ күнтізбесіне қызылбастар тізбесі қосамжарланды. Татар молдаларымен бірге арабтың сақауланған ай атаулары ере келді. Сөйтіп амал атауы мен бытысқан ай атауынан қазақ күнтізбесі – қазақ совет күнтізбесі қалыптасты. Оны кәдімгідей заңдастырып, бекітіп қойды. Солайша жыл басын – наурыз деп келдік.
Жоғарыдағы күнтізбелерге қарап анық нәрселерді де көруге болады. Қазіргі желтоқсан деп жүрген айымыз (реттік саны – он екінші) қойдың құмалағы түссе көрініп жатар аппақ көрпені оранады. Бұл ұры-қарылардың бейсауат жүрістен өздерін сырт ұстайтын уақыты. Өйткені оларды қар үстіне түскен іздер ұстап береді. Одан кейінгі айдың қаңтар атауы танық. Бұл айда тіршілік атаулының барлығы қаңтарылады. Жүріс-тұрыс азаяды. Аяқты мал қолға қарайды.
Одан кейінгі айды қазіргі қазақ танымшыларымыз үтайы деп жүр. Әрі-беріден кейін үт сөзін қазақ сөзі деп жүр. Кәмел Жүністегі ағамыз мұнан да әріге барады. Қызылбастар бұл сөзді бізден алған деп. Бұл ай өлі мен тірінің арасы, аралық уақыт. Жұт-апаты қазақ баласына осы айда келген.
Одан кейінгі ай – өзімізге таныс Наурыз айы! Анық нәрсе наурыз сөзінің қазақ сөзі еместігі. Кімнің сөзі екендігі де белгілі. Соған қарамастан бұл қалай деуші қазақ баласы табылмай отыр. Наурыз болса – наурыз! Егер бұл шынымен қызылбас сөзі болса, қазақтың өз төл атауы қайда? Міндетті түрде болуы керек! Бізге қалғаны сонны іздестіру!
Ел айтып жүргендей бұл мерекеміз түркі жұрты үшін ортақ мереке болса әртүрлі аталып өтетіні несі? Біреуіміз 21-де, енді біреуіміз 22-де, тағы біреуіміз 23-де атап өтіп жатамыз. Біздің тәжіктермен 22-сі күні атап өтетініміз қалай? Бәрін қойғанда біздің өзіміз бұл күнді әр күні атап өтеміз. Оның сыры неде?
Еліміздің батыс аймақтары 14-інен бастап тойлайды. Ал бұл біздің ресми мейрамымызбен сәйкес келмейді. Содан амалсыздан оны да халық өздерінше заңдастырып жатыр. Көрісу айы дейді. Көрісу амалы деп жатыр. Бұл ай деп айту заңға онша томпақ келмейді. Соған орай ешкім де бұларың қалай деп жатқан жоқ.
Есті жұрт бір мерекенің бір жұртта әр қилы аталып өтуі қалай деп мазасыздануда. Батыстағы, болмаса күнгейдегі қазақ теріс кейде де сол қазақ емеспе дейді. Ендеше бір мерекенің екі түрлі тойлануы қазақ баласын жатқан төсегінен жұлып алатын жайт. Және оның жауабын беретін уақыт жетті деп білеміз. Батыстағы бауырларымызға ел сияқты 22-сі күні неге тойламайсыздар деп сауал қойыңызшы. Жауаптарыд ап-дайын!
– Ол – қызылбастардың мерекесі! – дейді. Жасы да, жасамысы да.
Оның жауабын Арқа қазақтары да біледі, Тарбағатай қазақтары да біледі, Жетісу қазақтары да біледі. Алайда айтқысы жоқ. Олай дейін десе қазақтың өз жаңа жылы қайда кетпекші?
Әлде елде бар жаңа жыл қазақта болмаған ба? Болған. Соны сезінгендіктен айтпай отыр.
Сөз жоқ, Наурыз байрамы қызылбастардың мерекесі! Ол мереке – Жаңа күн! Жаңа жыл да емес, жаңа ай да емес! Жаңа күн – күн мен түннің теңелген күні! Ол – 22 наурыз! Ал қазақтардың жаңа жылы қайда? Бар ол мерекесі! 14-ші наурыз! Ұлыстың ұлы күні!
Бұл күні жаңа ай – жыл басы ұлыс айы кіреді! Олай болса біздің төл мерекеміз – Ұлыстың ұлы күні! Ол күн – ұлыс айының 14-сі. Мұнан былай осыған дейін наурыз деп атап келген айымызды бабаларымызша ұлыс деп атайық! Басты мейрамымыздың атауын да өзгертейік. Ұлыс мейрамы деп!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ұлыс мейрамы құтты болсын!
Төрехан МАЙБАС,
жазушы.