Аймағымыздағы өндірістік нысанды қауіп-қатерден, ұрлық-қарлықтан қорғап жүрген «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалы күзет құрамының кез-келген жағдайға сақадай сай дайындығы атқаратын жұмыс барысында анық аңғарылады.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Қаныш Сәтбаев атындағы «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігіндегі күзет бөлімшесі ғимараттың іші мен аумағындағы тәртіпті сақтауда күндіз-түні кірпік қақпай күзетте тұрады. Константин Шегай басқаратын бұл бөлімдегі қауіпсіздікке 31 адам жұмылдырылған. Ауысымның аға күзетшісі Нұржан Ибадильдинмен жолыққанымызда күзет жүйесінің мақсат-міндеттерін баяндап берді.
– Өндірістік бірлестіктің ғимараты орналасқан аумақта 7 бекет бар. Әрбір бекеттегі күзетшілер төңіректі күндіз-түні қырағылықпен бақылап отырады. Күзетшілерге ең әуелі жұмыс барысында мына міндеттер қойылады. Бірінші, сырт-келбетінің ұқыптылығы, тиісті киімді киюі, таза жүруі қатаң талап етіледі. Ауысым басталардан 15 минут бұрын келуге, нысанға келгеннен кейін күзет бастығына хабарлауға, жұмыс барысы туралы күнделікті нұсқамамен және бекеттердің тәртібіментанысуға, арнайы құралдарды алуға міндетті.
Күзет басшысы Константин Шегай
Бекетке келгеннен кейін нұсқама бойынша ашық есіктер мен терезелердің бар-жоғын тексеру, жедел көмек нөмірлерін, өрт крандары мен өрт сөндіру құралдарының орналасқан жерін, өрттен қорғану және шығатын жолдарды белгілеу күзетшінің құзырында. Бекетті қабылдау барысында күзет басшысынан толықтырулар мен өзгерістер туралы ақпарат алуға және қосымша шығатын жолдарды, байланыс желісін, өрт сөндіру құралдарын тексеріп алуға міндеттеледі.
Нысан аумағы мен кіру жолдарын, аумаққа келетін заттарды кіргізу мен шығару жолдарын бақылауға, төтенше жағдайларды туындататын жағдайларды тоқтатуға, аумақтағы қоғамдық тәртіптің сақталуына, тапсырыс берушінің мүлкінің ұрлықтан аман болуына, бекетте орын алған кез-келген жағдайды тапсырыс берушінің басшылығына немесе күзет басшысына хабарлауға міндетті.
Күзетілетін нысанға шабуыл жасалған жағдайда күзетші шабуылға тойтарыс беру бойынша шараларды қабылдай отырып, шабуылдаушы адамды ұстау жауапкершілігін жүзеге асырады. Мұндай қауіп-қатер төнген кезде 102 нөмері бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлерін шақыру міндетті. «Қорғау қызметі» ЖШС филиал басшылығы келгенше күзетшінің іс-қимылына күзет басшысы жауап береді. Біздің күзет қызметінің негізгі міндеті нысандар мен ондағы адамдардың өміріне төнетін қауіптің алдын алу болғандықтан шыныққан, шымыр да ширақ азаматтар жұмысқа алынады. Әскери міндетін өтеуі қатаң міндеттеледі. Сонымен қатар, күзет саласында ішкі істер органдарында қызмет еткен, кәсіби тұрғыдағы талапқа сай келетін азаматтар күзет қатарында жұмыс істей алады.
Ауысымның аға күзетшісі Нұржан Ибадильдин
Ауысым барысында кез-келген қауіп-қатердің алдын алуды қырағы қадағалайтын күзетшілеріміздің ішінде Нұрғали Сағынтаев, Зухрат Таңсықбаев, Рауан Шыңғысбеков, Нұрсұлтан Түлкібаев, Асқат Солтанай сынды үздіктеріміз бар. Олар өздеріне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді.
Күзет басшысы Константин Феодоровичтің құқық қорғау саласындағы мол тәжірибесінің арқасында біздің бөлімше күзет жүйесінде қатаң бақылауды жүзеге асырып келеді, – деді ауысымның аға күзетшісі Нұржан Таймұхамбетұлы.
Өндірісті өңірде нысандардың қауіпсіздігі мен ондағы еңбек ететін азаматтардың амандығын сақтауда қырағылық танытып келе жатқан «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалының күзетшілері қауіп-қатермен бетпе-бет келсе де тәуекелге бел буып жүр.
Бекет күзетшісі Балтай Шалабаев
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.