Павел СТОВБЧАТЫЙ
Қайта оралу
2-бөлім
(Жалғасы. Басы газеттің
№ 45 (1844) санында).
– Маған, жеке маған жасады! – дедім мен оған төніп барып. – Менің өмірімнің екі мыңнан астам күнін ұрладыңдар… Үкімдерің … Бұл ертеректе болған жағдай. Бірақ сіз оны жақсы білесіз, оны ұмытуыңыз мүмкін емес. Есіңізге түсіріп көріңіз. Сізде қазір уақыт жетеді. Мен күтемін …
Арада ұзақ үнсіздік орнады. Судья Пырьев менің жүзімді барлай қарады, бірақ жыға танымады. Әрине, арада қаншама жылдар өтті, оның үстіне менің сыртқы келбетім де өзгерген еді.
– Есімде жоқ, рас айтам, есіме түсер емес, – деді ол жалынышты үнмен. – Құдай куә, есімде жоқ, Мистер Вис… – ол мені кім деп атарын білмей сәл мүдіріп қалды.
– Солай ма? – мен енді оған жымия қарадым. – Құдайды есіңізге алдыңыз. Бұл әрине жақсы. Бірақ кеш, Илья Григорьевич. Құдайды сол кезде, мені пресс-хаталарға қайта-қайта жіберіп, жан мен тән азабына салған кездеріңізде алуыңыз керек еді. Махновшылар мен беспредельщиктердің арасында, қысымда болғанның қандай болатынын білесіз бе? Жоқ! Білмейсіз… Пресс-хата – палачтар мен қанқұмарлар отыратын камера. Оларға бір әшүмішке шай үшін адамдарды қорлау, ұрып-соғу, сүйектерін сіріңкенің шиіндей сындыру түк емес. Олар нағыз зұлымдар, маниактар… Мен солардың ортасынан шықтым. Тірі қалу үшін небір айла-шарғыларға бардым, Илья Григорьевич. Сол тозақ отынан аман-есен шығуым керек еді. Не олар мені, не мен оларды сындыруым керек. Оларда күш, менде рух бар. Мен оңай шағылмадым. Талайының тісі сынды, мені шағамын деп. Ақыры екі жақ ымыраға келдік. Әрине, маған да оңай тиген жоқ. Мұның бәрі сіздің, Илья Григорьевич, сіз шығарған үкімнің нәтижесі еді. Менің ісімнің ақ-қарасын айырып жатпай маған алты жылды арқалатып жібере салдыңыз. Енді есіңізге түсті ме?
Пырьевтің жүзі әп-сәтте күреңітіп кетті. Басы салбыраған күйі еденге қарап сұлқ отырып қалды.
– Есіңізге түсті ме, деймін? – Мен өз сұрағымды қайталадым.
Ол үнсіз басын шайқады, бірақ, ол бәрін есіне түсіргенін мен де ұқтым.
– Жақсы, енді айтыңызшы, мен сол кезде шынымен кінәлі ме едім?
– Жоқ, – деп міңгірледі нақұрыс, – кінәңіз жоқ сияқты болатын…
– Қаттырақ айт, бұл сөздерді тым болмаса мына жертөленің қабырғалары естісін! Ана дүниедегі сен сияқты нақұрыстар естісін, қаттырақ айт! Түрмеде жазықсыз сотталып, ауыр күндерді бастарынан өткеріп жатқан мен сияқты мыңдаған бейшаралар сен сияқты азғын судьялар бар екенін естісін, қаттырақ айт!
– Жоқ, – деді ол дауысын қатты шығарып. – Сенің кінәң жоқ!
– Біреу сені мұндай үкім шығаруға мәжбүрледі ме?
– Жоқ. Бірақ мен тергеушілердің тұжырымдарынан аса алмадым және маған істі қайыра тергеуге жіберуге рұқсат бермес те еді. Лагерь әкімшілігін және прокурорды бағалау қажет болды… содан кейін қиын, өте қиын болды…
– Иә, қайта қарау қабылданбайды, қауіпті, мен түсінемін. Одан да мені айыптау оңай, барлық жағынан да бұл оңай еді.
Мен әдейі ұзақ уақыт үнсіз қалдым. Осылайша оның қанын ішкім келді, бір кездері менің қанымды ішкендей. Мен уақыттан бұрын ұпайларымды көрсетіп қоймай, оның жүйкесіне ши жүгірте түстім. Ол да үндемей, аңдысын аңдып, мені күтіп отырды.
– Шыныңызды айтыңызшы, Илья Григорьевич … – ұзақ үнсіздік мені жалықтырып жіберді, – басқа ештеңе айтқыңыз келмей ме? Шынымен де сіз шарасыздықтан осы әрекетке бардыңыз ба? Әлде, мұның бәрін жаныңызды сақтап қалу үшін айтып отырсыз ба? Онда қатты қателесесіз. Мен сізді мұнда әшейін әңгіме-дүкен құруға алып келгенім жоқ. Оның үстіне мен өзімнің кім екенімді толық ашып тастадым. Ал, оның арты неге апаратыны айтпаса да түсінікті.
– Иә, мен түсінемін, – деп тез жауап берді. – Бірақ бұл әңгіме неге керек? Сіз мені бұл жерден шығармайсыз. Мен саған не айтамын …
– Сіз солай ойлайсыз ба?
– Әлбетте. Одан басқа қалай ойлауым керек. Мен енді бала емеспін және өзім істегенді өзім айтып отырмын.
– Мүмкін сіздікі дұрыс шығар. Алайда, әр ереженің өз ерекшеліктері бар, оны сіз білесіз. Бәрі сіздің өз қолыңызда, сіздің айғақтарыңызға байланысты болады. Сіз мұндай анықтамаға қарсы емессіз деп үміттенемін. Айғақтар дей ме?
– Қарсы емеспін. Бұл жолы сіз сотсыз.
– Дұрыс айтасыз, Пырьев мырза, бүгін мен үкім шығарамын. Сонымен, мен сізден алдыңғы сұрақты қайтадан сұраймын: сіз басыңызды аман алып қалу үшін ғана айтып тұрсыз ба мұның бәрін, әлде басқа айтарыңыз бар ма? Жауап бермес бұрын мұқият ойлануға кеңес беремін.
Ол бірнеше минут үнсіз қалды. Менің сөздерімді салмақтап, оны не күтіп тұрғанын және менің «кеңестерімнің» астарында не жатқанын болжауға тырысты.
– Сізге айтатын басқа ештеңем жоқ, бәрі солай болды, – деді ол. – Кез келген судья мұндай жағдайларға тап болады деп ойлаймын…
Пырьев одан өзге ештеңе айтпады, ол менімен одан әрі сөз таластырмады. Бойында әлі де болса үміт сәулесі бар еді. Менің осынша салмақтылығымның артында дәл сондай дүлей ашудың тұрғанын ол азғын жақсы біліп тұрды. Сондықтан, маған еріктен тыс шешім алмауыма түрткі болғысы келмеді. Егер мен айқайлап, қорқытып, оны таяқпен ұрып тастасам, оған әлдеқайда жеңіл болар еді. Бірақ мен ұрып-соғып, айқайламадым, сондықтан ол менен не күтетінін білмеді.
– Білесіз бе, мен сізге сенуге дайынмын, Пырьев мырза. Сізге және сіз сияқтыларға мыңдаған адам сеніп жүр, неге мен сенбеймін? Бір ғана заң бар, және сіз, әрине, оған қызмет етуіңіз керек. Бірақ мен ше?..
Дауысым ызғарлы шықса керек, Пырьев маған үрейлене қарады. Оның мына кейпі маған пышаққа түскелі түрған жануардың кейпін елестетті.
– Өтінем, өлтіре көрмеңіз! Жанымды қиыңыз. Құдай үшін, аяңыз, өтінемін! – Ол секіріп түсіп, бірден еденге құлады, аяғыма жабысқан күйі қыңсылағандай дауыс шығарып, жылай бастады. Бұл көрініс сондай жиіркенішті еді. Құдай ондайды ешкімнің басына бермесін.
Қораптан екі тал темекі алып, бірін оған ұсындым.
– Алыңыз, сабыр етіңіз.
– Мен кінәлімін, кінәлімін. Мені аяңыз, Құдай үшін! Мен қаламадым, мұндай болар деп ойламадым … Өтінемін!
Мен еңкейіп темекіні тұтатым да оған ұсындым.
– Мен… шекпеуші едім… – деді ол дір-дір еткен күйі. Бірақ темекіні алып езуіне қыстырған болды. Онысы селк-селк етіп түсіп кетті. Мен одан әрі қарап тұруға жиіркеніп кеттім.
– Өз үкіміңізді өзіңіз шығарыңыз, – дедім мен есікке қарай беттеп бара жатып. – Сол әділ болады. Әрі мұндай құрметке кез келген судья ие бола алмайды. Мен күтемін. Қаласаңыз шығып кетейін.
Орысшадан аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).