Павел СТОВБЧАТЫЙ
Қайта оралу
(Жалғасы. Басы газеттің № 45 (1844) санында).
– Мен алаңдап отырғаным жоқ, – дедім мен сөзді көп созбай.
Біздің әңгімеміз осымен аяқталды. Он минуттан кейін біз діттеген жерге жеттік. Сыбайластар «клиентті» жайғастыру қамына кірісті, ал Тара екеуміз үйге көтерілдік.
Бөлмеде екі орындық тұр еді. Бірінің шаңын қағып, өзім отырдым да екіншісін Тараға қарай итеріп тастадым.
– Понт менімен бір жарым жыл жұмыс істейді. Әзірге еш мүлт кеткен жері болған жоқ. Сен одан не қалайсың? – деді Тара орындыққа отырып жатып.
Ең жақсы қорғаныс – ол шабуыл. Тара солай жасады.
– Жә, аптықпа. Бір жарым жыл ол мерзім емес. Сен оны істе тексердің бе?
– Не тексеретіні бар?
– Ол не, осы жердің тұрғылықты адамы ма, оны бәрі біле ме?
– Жоқ, бірақ… – Тара желкесін қасыған күйі үнсіз қалды.
– Ол қайда тұрады? Оны білетін біреу бар ма? Ол саған қалай келді? Айт жылдам!
Сірә дауысым ызғарлы шықса керек, Тара күмілжіп төмен қарады.
– Менттар жымысқы келеді. Егер ол бір нәрседен күдіктенсе, бәрі бітті…
– Мен қайдан білейін, Кот! Ол менімен барлық жерде болды. Мен оның өмірбаянын тексерген жоқпын. Ұмытпасам ижевскіден, спортшы екенін айтты.
– Сен оны қалай таптың?
– Ол маған бір рет көмектесті. Сол көмегіне алғыс ретінде өзіме алдым.
– Сен сондай адмды маған серік еттің бе?!
– Бір жарым жыл бірге жүрміз, Кот. Сен бекер қауіптенесің.
– Ақымақ!
Мен әлі ештеңеге сенімді емес едім, бірақ бір нәрсені түсіндім – бұрынғы Тараның құр аты ғана қалыпты, еркін өмір апиын сияқты оны әбден былжырақ етіпті.
– Жә, бұл шаруамен кейін айналысармыз. Қазір барып, аналарға айт, судьяның есін жиғызсын, тек тезірек!
Тара шығып кетті де, көп ұзамай қайра оралды.
– Ол аздап есін жиыпты. Сәлден кейін толық өз-өзіне келеді. Бірақ өзінің қайда отырғанын білгенде қайра есінен танып қалмаса болды, – деп ол.
– Өлмейді! Бөлменің берктігі қалай?
– Деңгейде. Бәрін өзің көресің. Онда жанұшыра айқайлаудан да пайда жоқ, меңіреу бөлме!
– Көрейік. Мен қазір барамын. Енді бұл шаруаға ешкімді араластырма. Тек, Слон ғана таңертең бір рет, кешке бір рет келіп бақылап тұрсын.
– Айтпақшы, ол жер ерекше суық екен. Клиентіміз үсіп кетпей ме, Кот?
– Бұл жер шипажай емес. Бірақ, шамадан тыс азаптаудың қажеті жоқ, әйтсе де ол да мұндай жағдайды жан-тәнімен сезінсін…
Біраз уақыт отырғаннан кейін мен тұтқынға бардым. Жертөлеге кіру үшін мен баспалдақпен төмен түсіп, қараңғы дәліз арқылы сегіз метр жүруге тура келді, содан кейін ғана жарық түсіп тұрған темір есіктің алдына келіп тоқтадым. Әуелі ана азғынға барғанда не айтауым керек деп ойландым. Неге екенін қайдам, мақсатқа жеткенше барыңды саласың, бірақ оған қол жеткенде қызығушылық жоғалады. Дәл қазір менде сондай жағдай. Судьяны осында әкелгенге дейін не бір керемет жоспарлар жасап едім. Енді, міне, ол қарсы алдымда отыр, бірақ мен үшін ол жоқ сияқты. Мен оған
қолымнан келгеннің бәрін істей аламын, әйтсе де шектен шықпауым керек.
– Сендер боссыңдар. Бара беріңдер, – дедім мен есіктің жақтауында тұрған екі сыбайласқа. Олар үнсіз бұрылып шығып кетті.
Судья Пырьев бөлменің бұрышындағы орындықта отыр екен. Маған емес, қабырғаға қадалып қарап қалған. Ол әлі ұйықтап отырған сияқты. Жанында бір шелек су мен үлкен алюминий кружка тұр. Оның шашы мен үстінің дымқылына, еденнің шылқып жатқанына қарағанда екі сыбайлас оның есін кіргізу үшін аздап шомылдырса керек.
Мен «карцерді» мұқият қарап шықтым және оған өте риза болдым. Маған ұнамаған жалғыз нәрсе – ағаш еден. Кәдімгі карцердегідей цементтелген еден болғанда әбден дұрыс болар еді.
«Жә, ештеңе етпес. Осының өзі жеткілікті» деп ойладым мен. Сосын есік пен құлыпты да қарап шықтым. Бәрі ойлағандай екен. Мына жерден қашып шығу мүмкін емес. Сонда да болса мұқият болу керек. Тараға клиенттің қалтасын тексеріп, темірден жасалған заттардың бәрін алып қоюды тапсыруым қажет.
– Сонымен, сотталушы, – дедім мен Илья Григорьевичке судья сияқты, – сізге сөз беріледі. Жағдайыңыз қалай және не қалайтыныңызды айтыңыз.
– Мен… ештеңе түсінбедім, – деп міңгірледі ол естілер-естілмес дауыспен. – Бұл жігіттер мені су ішуге күштеп мәжбүр етті, көп су ішкізді, ештеңе түсіндірмеді… сіз ересек адамсыз, маған не істегенімді түсіндіріңізші, кімге жамандық жасадым? Мұның бәрін қалай түсінуге болады?
Ол қазір суға кеткен тауыққа, өліп бара жатқан тауыққа ұқсайтын еді. Оның қытқылдауға шамасы да келмей отыр. Дәл осы көрініс үшін, осы сәт үшін мен еркіндік пен басымды қатерге тіктім! Бірақ, мен оған әзір аяушылық жасамаймын, мен оны бұл жерден мерзімінен бұрын шығармаймын. Ертең ол мен сияқты қапастағы ұзақ күнді және сол сияқты ұзақ түнді басынан өткереді. Содан аман шығуды ойлайды және соның жолын іздейді…
Орысшадан аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).