Павел СТОВБЧАТЫЙ
Қайта оралу
2-бөлім
(Жалғасы. Басы газеттің № 45 (1844) санында).
Тараның жүзінен мен оның қазірдің өзінде қобалжып тұрғанын түсіндім. Мына ойнымыз ұзаққа созылып барады және ол оған ұнамайтын сыңайлы. Дегенмен, мен спектакілімізді түйіндегенге дейін тағы да жиырма минуттай сөйлестік.
– Мен Сізге алғыс айтамын, мистер Пырьев, біз аяқтадық, – дедім мен орнымнан тұрып жатып. – Бірақ, бір өтінішім бар. Мен сізді суретке түсіруім керек еді. Егер қарсы болмасаңыз, көшеде, шіркеудің немесе қайыңның фонында түссеңіз. Әртүрлі ракурста бірнеше кадрлар керек, бұл көп уақытты қажет етпейді. Сіз қарсы емессіз бе?
Ол қарсы болмады. Мен әмиянымды алып, бес жүз долларлық он купюрды санадым да, үстелдің үстіне қойдым.
– Мынау сіздің гонарарыңыз, – деді Тара менен бұрын.
Судья өзінше сыпайыгершілік танытқанымен ақшадан бас татқан жоқ.
Біз қонақ бөлмеден шыққан кезде мен сыбайластарымыздың біріне елеусіз белгі бердім де, қожайынның әйеліне бас изеп қоштасудың ишарасын жасадым. Әйел сәл шегініп, бізге жол берді. Күйеуіне әлдене айтқан болды. Бірақ мен оның не дегенін ести алмадым. Біз көлікке қарай бет алдық.
Біз «Вольвоға» отырған сәтте «сыбайласымыз» үйден шығып бізге қарай бет алды. Оның жанында Наталья Сергеевна болған жоқ. Мен оның тапсырманы мүлтіксіз орындағанын ұқтым. «Клиентке» сезік тудырмау үшін және «сыбайласымызға» әрекет етуге мүмкіндік беру үшін мен Тарадан шіркеуге дейін, жаяу жүруді өтіндім. Әйтсе де бұл кезде бәрі де көлікке мініп үлгерген еді. Артқы орында сыбайластарымыздаң ортасында клиент отыр. Алдында Тара екеуміз. Әлденеден күдік алған судья мойнын созып, бірдеңе айтуға оқтала бергені сол еді, мен оларға анық орыс тілінде қысқа-қысқа бұйрық бердім. Сонда ғана клиент өзінің қандай жағдайға душар болғанын түсінгендей, көзі жыпылықтап отырып қалды. Осы кезде біздің көлік те орнынан қозғалды. Сырт көзге күдік келтірмес үшін біз өзімізді барынша байсалды ұстаған едік. Ал, көліктің ішінде не болып жатқаны сырттағы адамға көрінбейтін «Вольвомыз» ескі болса да, терезесі қараңғыланған болатын. Абдырап қалған судья еш қарсылық көрсете алмады. Сыбайласымыз да артық әрекетсіз «жұмыс» істеді. Ол шприцті алып, «клиенттің» тамырына ұйықтататын дәрі енгізді. Бүкіл процедура бірнеше минуттың ішінде тәмам болды.
– Бәрі сәтті болды шеф, – дедім мен тараға бұрылып. Тара «клиентке» таяп, оны әрі-бері жұлқылап көрді. Анау сабаз «тәтті ұйқыға» кеткен еді. Тара жеңіл дем алды. Менің ойыма судьяның әйелі оралды.
– Келіншегі не болды, Слон?
– Нон проблем, – деді анау маңғазданып.
– Нақтырақ айт.
– Ұқыпты суспензия және зорлық-зомбылық жоқ. Бәрі өзіңіз
айтқандай.
– Сен оны тұншықтырып тастамадың ба өзі?
– Жүз пайыз кепілдік! Бірнеше минуттан кейін ол қалпына келеді, бірақ өзіне-өзі келуі қиындау болады…
– Телефон ше?
– Үзілді. Үстел мен шыныаяқтарды да мұнтаздай етіп сүрттім.
– Жылдамдықты қос, – дедім мен рульге отырған келесі сыбайласқа. Сосын темекімді алып тұтатып, құшырлана сорып, рахаттана тыныс алдым. Өзің ойластырып, өзің бас болып жүріп істеген жұмыстың сәтті орындалғаны шынында да жанның рахаты екен. Мен соны сезіндім. Алайда, біздің алдымызда әлі де отыз минуттық жол бар еді. Осы отыз минутта қандай жағдайдың орын алары бір құдайға ғана белгілі.
Неге екенін білмеймін, бірақ маған рульде отырған «сыбайлас» бірден ұнамады. Біздің танысуымыздың алғашқы минуттарынан бастап, менің жүрегім оны қабылдамады. Ол кезде менің сыбайластарды таңдауға уақытым болған жоқ еді. Оның үстіне Тара екеуіне де кепілдік берді. Дегенмен бұл жігіт қарапайым күзетші үшін тым ақылды болып көрінді маған. Қазір қасында отырып, мен оны жайлап барлай бастадым. Оның бойында әлдебір әрекеттің бұғып жатқанын сезетін сияқтымын. Бірақ ол қандай әрекет екенін тап баса алмай отырмын. Мен ұстаған жалғыз нәрсе – оның қос кернеуі. Ол тым зейінді және сақ еді, кәдімгі арқанмен жүретін адамдар сияқты әр қадамын абайлап басады және бас тартудан қорқатын адам сияқты.
Осындай оймен арпалысып келе жатып, біз жолдың көп бөлігін жүріп өткенімізді байқамай қалыппын. Әзірге сезік тудыратын әрекеттер болған жоқ. Бәрі ойдағыдай жүріп келеді. Дегенмен, мені бір нәрсе мазалауын қоймады.
– Сен адам өлтіріп көрдің бе Слон?
Мен «клиенттің» қасында отырған сыбайласқа тосын сұрақ қойдым.
– Мен бе?
Ұзақ уақыт үнсіздіктен кейін менің сұрағым біртүрлі болып көрінді.
– Иә, сен!
– Қалай десем екен, – деп күлді ол.
– Қаз-қалпында айт, тартынба.
– Жалпы, иә, бір рет болды…
– Ал сен? – мен жүргізушіден сұрадым.
Ол дір ете қалғандай болды, бірақ тез икемделді.
– Жоқ, – деп жауап берді ол қабағын түйіп.
– Бұған дейін «мүмкіндік» болмады ма, әлде басқа себептері бар ма?
– Мен бұл туралы ойламадым. Және ондай жағдайлар менен айналып кетіп жатты…
Оның жауаптары анық және нақты болды, мұның өзі оның табиғатын айқындап тұр еді. Ол бір секунд та ойланбастан жауап берді және келесі сұрақты күтті.
– Есімің кім болады?
– Понт. Леня Понт, – деді ол. Мен мұндай лақап ат оған бала кезінен бірілді ме, жоқ па деп сұрағым келді, бірақ ойымды өзгерттім.
– Спортшысың ба, әлде «қожайынның» қасында жүрдің бе?
– Екеуі де.
– Қанша жыл?
– Үш жыл. Жалпы режимде.
– Түсінікті…
Мен оны ертерек үркітіп алудан қорқып, сұрақ қоюды тоқтаттым. Қажет нәрсенің бәрін кейінірек Тарадан анықтармын… Ал, әзірге… Ол бізді діттеген жерге жеткізсін. Оның «жалпы режимдегі үш жылы» мені ойға қалдырды. Егер ол «үшеуі қатаң» десе, бұл жағдайды өзгертер еді, бірақ ол жалпы деді. Менттар мен «тихушкалар» мұндайда өте сақ келеді. Сондықтан да жалпы режиммен шектеледі. Бұл оңай және жеңіл. Қатаң режим айту ментке өте қауіпті. Бұл нюанстар мен ұғымдарды мұқият білу ғана емес, адамға өз ізін қалдыратын ұзақ түрме өмірінің иісі анық сезіліп тұрады. Мұндай жағдайда өзіне «аңыз» жасау қиынырақ. Талай менттер мен «тихарлар» осындайдан зардап шеккен.
Тараға менің сұрақтарым ұнамады білем, ол мені тыныштандыруға асықты:
– Бәрі дұрыс, бауырым, ештеңеге алаң болма.
Мен оған әуелде-ақ сыбайластардың көзінше менің атымды атауға тыйым салған едім. Ол соны мүлтіксіз орындады.
Орысшадан аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).