Қайта оралу
2-бөлім
(Жалғасы. Басы газеттің № 45 (1844) санында).
Иә, судья әділдікпен өмір сүрмейді, оған кімді соттағаны бәрібір. Заң болса болды. Тараның мұнда қандай қатысы бар? Барлығын жойып жіберуге немесе қорқытуға болмайды. Ал кек алу?..
«Иә, мен, бәлкім, өзім әрекет етуім керек», – деп ойладым мен. –
«Адамның өмірін, тағдырын қыл ұшына байлау – бұл жаман. Бірақ, мен өз жоспарымды жалғыз өзім жүзеге асара алмаймын, маған көмекшілер қажет».
Мен өз ойлағанымнан бас тартайын деген жоқпын, бірақ ішкі қайратым сәл азайғандай болды. Дегенмен, сыр бермей, өзімді әлі де кербез ұстап тұрдым.
– Қорықпа, кейін еске аларлықтай болады, – дедім мен барынша сабырлы болуға тырысып. – Оны өлтірейін деп жатқан жоқпын. Екі ай жертөледе отырса болды, сосын адью! Сот болу үшін де темірдей қайрат керек қой, ал қайрат «кичада» шыңдалады?
Менің бұл қалжыңым серігіме ұнады.
– Еркіндіктің қадірін білсін дегенің ғой?
– Дәл солай.
Екеуіміз күліп, шараптан бір ұрттадық.
– Бірақ, ол қайда тұрады? Оны қалай табасың? – деп сұрады Вася енді басқа көңілмен.
– Ақылсыз соттар қайда тұрады дейсің? Табамыз, қалай тапсақ та. Мемлекет басқаларды, лауазымы жоғарыларды ғана қорғайды. Ал бұлар… Жай ғана «жемтік». Оларды коммуналкада тұратын қарапайым кемпірден де оңай табуға болады. Тек, қалауың мен уақытың болса болғаны.
Мен тағы да шараптан бір жұтып, сөзімді жалғадым:
– Сен менің бұл әрекеттерімді ақымақтық деп ойлайтын шығарсың, мағынасыз болып та көрінетін шығар, бірақ бұл – менің таңдауым. Енді оған шамам жетеді. Біз осылай өмір сүріп жүрміз.
– Иә, сен сондайсың, – деп келісті ол.
– Ал сен ше?
– Мен қарапайым өмір сүргенді қалаймын, әрі басымда ондай ойлар жоқ.
– Жә, бос әңгіме айтпа! Сен екеуміз бір балшықтан иленгенбіз. Оның үстіне, жер бетінде адамды кінәсі үшін жазаламақ болмаған адам жоқ. Ол маған алты жыл берді! Өзімнің ар-намысымды қорғағаным үшін! Кінәлі мен емес, ол еді! Бірақ, бәрі керісінше болды. Мен үкімге қарсылық белгісі ретінде қарнымды да жарып, тамырымды да кестім. Бірақ, бұл көмектеспеді. Мені тез арада «жамап», түрмеге жапты. Сен ол кезде зонаға енді келгенсің, көп нәрседен бейхабар едің… – Мен сәл үнсіз қалдым. – Ол маған үкім шығарғаннан кейін не деді, білесің бе? Білмейсің! Ол беті бүлк етпестен: «Мен ешкімге аяушылық жасамаймын. Қатал үкім ғана шығарамын, бірақ абақтыдан алып шыға аламын… Тек, тәртіпті болыңдар, сонда уақыт өте келе міндетті түрде назарға ілігесіңдер», – деді. Мұны сондай бір цинизммен айтты. Қазір де есіме алсам, қаным қайнап кетеді. Мен – өз ар-намысымды қорғаған жан шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды күтуім керек?! Арамдық пен сатқындық арқылы еркіндікке шығу үшін тоғыз жылдан кем емес мерзімді отырып шығуым керек пе еді? Тоғыз жылдан кем емес! Сол кезде мен оған тағдыр жазса біз міндетті түрде кездесіп, сөйлесетінімізді айттым. Ол тағы кекесінмен жымиып, конвойларға иек қақты… Ал сен менің сабырлы болуымды, осылардың бәрін ұмытуымды қалайсың ба? Неге? Не үшін, кім үшін? Ол менің өмірімді тас-талқан етті! Жоқ, мен ештеңені ұмытпадым, Вася. Мен ешқашан мұндай күшті болған емеспін, және мен әлі соңғы сөзімді айтамын. Саған ант етемін, айтамын!
– Мен қарсы емеспін, – деп басын изеді ол.
Тара менің кейде қырсық, әрі қыңыр, алған бетімнен қайтпас екенімді жақсы білетін.
– Бірақ бәрін мұқият таразылап алайық. Істі «таза» жасайық. Шынын айтсам, Кот, сенің орныңда болсам, мен оның көзін түбегейлі жояр едім. Қазір бұл қиын емес, өзің де білесің. Ал негізі… – Ол не айтасың дегендей маған бір қарап қойды. – Қалай дегенде де, ол сенің шаруаң. Бірақ, оның соңы бәрібір тергеусіз тыншымайды. Сондықтан, тірі қалдырғаннан пайда шамалы?
– Пайдасы сол, мен қанішер емеспін. Артық қантөгудің қажеті жоқ. Қырып-жоюды қаныпезерлер жасасын, мен емес. Түсінбедім, сен маған не ұсынып отырсың?!
Мен оған не айтарымды білмедім, уақыт шіркін тіпті Тара сияқ-
ты кесіп алсаң қан шықпайтын жандарды да өзгертеді екен. Шынымен-ақ мен қандыбас жыланға ұқсаймын ба? Шынымен бе? Маған мұны ұсынуға қалай дәті барды? Өлтіру… Бізге не болды, неге барлық мәселені тек оқпен шешуіміз керек? Бұрын ворлар қаскөйлер мен жендеттерді жек көретін, бірақ бұл ашық айтылмайтын. Олар үкім бойынша, ортақ іс үшін ғана әрекет ететін, бұл анық. Соған қарамастан, жендеттерді жек көрді, өйткені жендет – Адам емес және ешқашан да болмайды. Рас, ворлар «періште» емес, алайда, газеттер мен журналдар, телеарналар халыққа ворлар жайлы теріс таным таратты. Олардың нағыз болмысын, шын бейнесін көрсетудің орнына, бәрін қан мен қатыгездікке былғанған жалған бейне ретінде көрсетті. Соның салдарынан, он тоғыз жастағы әрбір бозбала біреуді пышақтап тастау, атып тастау «керемет» деп ойлайды. Бұл – америкалықтар үшін «керемет» шығар, бірақ орыс ворлары үшін емес. Вор – Клондайкта да вор болып қалады, ол күшпен емес, ақылмен, алтынмен емес, ар-намыспен өмір сүреді. Мен ворларды идеал етпеймін, бірақ бұл – шындық.
Тара мұның бәрін менен кем білмейтін, бірақ бәрібір маған біреуді өлтіруді ұсынды. О, қандай жиренішті әлем! Қартая бастаған шығармын – дәл сол сәтте менің ойыма келгені осы болды. Қартая бастадым.
– Менен не талап етіледі және біз бірінші кезекте немен айналысамыз? – деп сұрады Тара, ыңғайсыздықты жуып-шайғысы келгендей.
– Ең әуелі, мұндай жағдай үшін не керегін анықта. Оның жұмыс тәртібі, баратын орындары және тағы басқаларын біл. Оның анкеталық деректерін саған жазып беремін, мәліметтер аздау, бірақ әзірге сол да жеткілікті. Оны толықтыру үшін ақшаны аяма. Екіншіден, егер маған мұнда немесе Мәскеуде бір нәрсе бола қалса, – мен ол жаққа кейінірек барамын, – теріңді тырнап шықсаң да, бірден байланыс орнат. Қазірше осы.
– Қайда тоқтадың?
– Еш жерде.
– Қалай?
– Солай, еш жерде. Өзің жайлы ешкім білмесін десең, жұрттың бәрі тұратын жерде тұрма.
– Бірақ, бәрібір бір жерде тұруың керек қой, көпірдің астында емес шығар…
– Бұл менің мәселем, далада қалмаспын.
Он минуттан кейін біз тарадық. Мен қайтадан көшеге шығып, басым ауған жаққа қарай жүре бердім.
Орысшадан аударған
Ізтай Белгібайұлы.
(Жалғасы бар).