Павел СТОВБЧАТЫЙ
Детектив)
(Жалғасы. Басы газеттің өткен жылғы № 36(1789) санынан басталады).
Мен Светаның дауысынан не ойнақылықты, не жасандылықты ұға алмадым. Сірә, ол бәріне шын бел шеше кіріскен сияқты. Оның тыныс алуының жиілігі әлде бір өшпенділікті, кекті ұқтырғандай еді.
– Мен саған жәй, алдын ала ескерткенім. Біз футбол ойнында жүрген жоқпыз, қымбаттым. Сен бекерге қызбаланасың.
Маған ол менің сөзіме еш мән бермегендей көрінді.
– Мен неге барғалы түрғанымды білемін, және сен сияқты қорықпаймын. Мен өз ойымды айттым. Оны қалай түсінсең, солай түсін. Қалай істеймін десең де ерік өзіңде. Мен сені сүйремеймін.
Менің бірбеткейлігім оны қатты түйреп өтсе керек, қыз астаң-кестең болды. Бірақ мен оңайлықпен берілгім жоқ еді. Жалпы, әйел затынан ыққанды ұнатпаймын. Әйелдің қандайы болса да. Тіпті жолбарысы келсе де «ыңқ» демеймін. Керісінше, олардың ашу-ызасы мені ширықтыра түсетін. Менің бір танысым «әйелдерге зат сияқты қарайтын болсаң, ол саған итше жабысып алып айырылмайды» дейтін.
– Жұлынба! Отыр, бәрін дұрыстап ой елегінен өткізіп алайық, – дедім мен. – Бізде «ствол» бар… Қазір ол тәжікте. Мүмкін қарусыз көрерміз…
– Жоқ. Мұнда ойланатын ештеңе жоқ, Андрей. Менттер бизнесменнің мәйітін емес, оның өзін іздейді. Соны неге ойламайсың.
Ол қайтып келіп менің қасыма отырды.
– Ол жәй «жоғалып кетеді», түсінемісің? Мен жақсы орынды білемін, бәрімізге жетеді… Бірақ сенің Гадоң өз үлесін бізге оңайлықпен бермейді. Оны алдаудың өзі оңайға соқпас. Оның үстіне мен біздің ісімізді екеумізден басқа ешкімнің білмегенін қалаймын. Менің түрмеге отырғым келмейді, өмір сүргім келеді, өмір! Түсінемісің!
Светаның даусы қатты шығып кетті. Қабырғадан біреу-міреу естіп қоймады ма екен деп шошып қалдым.
– Айғайлама! Саңырау емеспін! – дедім жекіп. – Менің де өмір сүргім келеді. Жақсы тұрғым келеді, бірақ солай екен деп мен оны өлтіре алмаймын. Оған менің қолым бармайды. Өйткені, ол мені тар қапастан алып шықты. Сол жерде ол өмірінің он жылдан артығын өткізді. Енді ғана жарық дүниеге шыққалы тұрғанда мен оның жолын кессем, өмір бойы өкінумен өтемін.
Менің бұл сөзім қызға әсер ететініне сендім. Бір жағынан оның да айтып отырғанының жаны бар. Бірақ, менікі адамгершілікке жатпас еді.
Қолын тұтқындарша қусыра ұстаған Света бөлмеде әрлі-берлі кезіп жүріп алды. Әлде бір үлкен ой үстінде жүргені байқалады. Мен де орнымнан тұрып киіне бастадым. Аяқкиімімді кие бергенімде қабырға үш рет қағылды. Аса қатты емес, бірақ бізге жап-жақсы естіліп тұрды.
– Бұл Гадо, – дедім де, мен де дәл сондай әлсіз үш белгі соқтым. – Кету керек. Ол бізді күтіп отыр.
– Біз нақты ештеңе шешпедік қой, – деді Света. – Сен оған біздің әңгімеміз туралы ештеңе айтпайтын шығарсың? Әлде?..
– Жоқ. Онда ол сені шыбын құрлы көрмейді. Өлтіре салады.
– Онда, мен саған сәл де болса қымбаттау болдым ғой…
– Мүмкін.
– Онда, бәрін менің арыма таста. Сенің еш ісің болмасын. Кеттік.
*** *** ***
Күткен қонағымыз әуелде келіскендей түнгі он жарымда келді. Көңіл-күйі көтеріңкі сияқты. Келген бойда Светаны құшағына алып аймалай бастады. Біз оны Светаның көйлегінің сыбдыры мен аяқ тыпырынан және «шөп» еткен дыбыстан айқын аңғардық.
– Мен мында өзіммен бірге әлденелер ала келіп едім, – деп Борис әлде дипломат, әлде саквояж ба бір затты беріп, сырт еткізіп тиегін ағытты. – Маған гүл салатын вазаны әперіп жіберші. Су толтырып әкелейін, – деп Борис біз жасырынып отырған ваннаға қарай беттеді. Гадо дереу «стволын» ыңғайлай қойды. Дәп осы жерде біз жігіттің қызға гүл әкелетінін ескермегенімізге өкіндік. Бірақ бәрі кеш еді. Алдын ала жасаған сценарийіміз «ә» дегенде-ақ ортасынан морт сынды.
– Тоқташы, Борис! – Света азамат екен, жағдайдың насырға шапқалы тұрғанын бірден түсінді. Ваннадағы судың таты бар екенін желеу етіп, жігіттің жолын кес-кестеді.
– Мен ас үйден әкелейін, ондағы су бұлақтан әкелінген. Өзім, ту екі шақырым жерден әкелемін.
Назданған кейіпте найқала басып келіп Бористің қолындағы гүлді алды да, ас үйге қарай беттеді.
– Оқасы жоқ, ендігі жерде тек шампан ішіп отыратын боласың, – деген жігіт мақтанышпен қызға қайыра еміне бастады.
Света да сиқырлы күлкіге салып оны түпкі үйге қарай әкетті. Сәлден кейін бөлмеден жеңіл музыка ырғағы естілді.
Егер жігіт айнып қалмай, қонаға қалар болса, онда біз он екіге қарай қимыл жасауымыз керек болатын. Алдын ала келісім бойынша әлденені сылтауратып ас үй жаққа шыққан Света бізге белгі беруі керек. Кім біледі, бизнеспен айналысып жүрген адам өзін сақтандыру үшін қойнынан «ствол» салып жүруі де мүмкін ғой. Қарсыласыңды ешқашанда өзіңнен осал деп ойламау керек. Ондай жағдайда опат болуың да мүмкін. Осыны ескеріп біз Бористің төсеккке жатуын күттік.
Ваннаның іші әуелде көзге түрткісіз тастай қараңғы еді. Келе-келе көз үйренді ме, әлде есіктің саңылауынан түскен жарық аз да болса сеп болды ма, қою қараңғылық сәл сейілгендей болды. Дүниеде күткеннен жаманы жоқ. Уақыт та өтер емес.
– Қалай ойлайсың, Кот, олар кешкі астарын ішіп болып, төсек ләззатына кірісті ме? – деп құлағыма сыбырлады Гадо шыдай алмай.
– Мүмкін, ұмар-жұмар болып жатқан шығар, – дедім мен де сыбырлап. – Нағыз кәнігілерше жігіттің сілікпесін шығарады ана қыз.
– Иә, – деді Гадо өрепкіген көңілмен. – Сойқанның өзі-ау, бәтшағар. Мен де бір дала бүркітінше бүре қонсам ғой, әттең, уақыт тар. Е, Алла, бәрін сәтімен келтіре гөр! – деп ол кенет Алланы есіне алды. – Егер жолай гаишниктер тоқтата қалса, онда біткеніміз.
– Қорықпа, өтіп кетеміз! Рульге ана қыздың өзі отырады, несіне сасасың?
– Егер менттер машинаның ішін тексерсе қайтпексің?
– Қыздың әпкесі туралы «ертегісінен» кейін, және қолдарына қомақты орам тигеннен кейін олар да онша қазбалай қоймас. Батыс емес қой…
– Ал, ГАИ емес, басқа қызыл жағалылар кезігіп қалса қайтпекпіз…
– Онда тоқтаудың да қажеті жоқ. Зу етіп өте шығамыз.
– Бұл сөзіңнің жаны бар. Тачкасы да үлкен екен. Бәріміз еркін сиямыз. Мен жүк салғышқа, сен артына, поликке жата кетесің. Тек, номерін қайтеміз. Егер жаттап алса, біттік қой…
– Әуелі өлікті тауып алсын. Қыздың өзі оңайлықпен берілмейді. Мен оған барлығын түсіндіргенмін.
– Қашан? Мен оны естіген жоқпын ғой, – деп таңданды тәжік.
– Осында. Мана телефон соғуға келгенде.
– Әй жарайсың, Кот. Мана оны тышқандай төсекте домалатқанда ма? Бәріне де үлгеріпсің!
– Жә, аптықпа! Сен де құр қалмайсың. Бәрі әлі алда.
– Бәрі де Алланың бұйрығымен, – деп тәжік қолын жоғары созды. Сосын аузын құлағыма тақап келіп, – Свэ-тла-наны не істейміз, ол жағын ақылдаспадық қой, – деді.
Мен оның не айтқысы келгенін бірден ұқсам да түсінбеген адам бола қалдым.
Аударған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
(Жалғасы бар).