Адам өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның қоғамдық қауіпті зардаптары болуының мүмкін екенін немесе болмай қоймайтынын алдын ала білсе және осы зардаптардың болуын тілесе, оны тікелей қаскөйлік ниеттен жасалған қылмыс деп танылады. Ал сол зардаптардың орын алуын қаламаса да, бірақ бұған саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайлы қараса, бұл қылмыс жанама ниеттен жасалған қылмыс деп танылады.
Қылмыстар сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар деп бөлінеді. Бұл қылмыс түрлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Қылмыс санаттары» аталған 11-бапта қарастырылған.
Қылмыс жасаған уақытта он төрт жасқа толған адамдардың адам өлтіргені (99-бап), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені (106-бап), ауырлататын мән-жайлар кезінде денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені (107-баптың екінші бөлігі)және басқа да келтірілген зардаптары үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Сондай-ақ, менмендікпен немесе немқұрайлылықпен жасалған іс-әрекет абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
Атап айтқанда, егер адам өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті зардаптар туғызу мүмкіндігін алдын ала болжап білген болса, бірақ бұған жеткілікті негіздерсіз жеңілдікпен бұл зардаптарды болдырмауға болады деп есептеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық менмендікпен жасалған деп танылады.
Егер адам өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіпті зардаптар туғызу мүмкіндігін алдын ала болжап білмеген болса, дегенмен тиісті ұқыптылық пен сақтық танытқанда, осы зардаптарды алдын ала болжап білуге тиіс және біле алатын болғанда, қылмыстық құқық бұзушылық немқұрайлықпен жасалған деп танылады (21-бап).
Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру» деп аталған 114-бабында денсаулыққа абайсызда ауырлығы орташа зиян келтіру, абайсызда екі немесе одан да көп адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіру, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру, абайсызда екі немесе одан да көп адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру сипаттарына орай жазалау түрлері қарастырылған.
Алкагольді, есірткі, психотроптық заттарды немесе басқа да есеңгірететін заттарды пайдалану салдарынан мас күйінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
Нұргүл КендИрбаева,
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралықсотының судьясы.