Қаражал қаласының 60 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар легі желтоқсанның басында «Келешегі кемел кенді өлке» атты халықаралық ақындар айтысымен түйінделді. Аламанда қазақ пен қырғыз елінің суырыпсалма ақындары сөз сайыстырып, қаражалдықтар мен осы жыр додасын көруге алыс-жақыннан арнайы келген жұртшылықтың айызын бір қандырды.
Орайы келгенде айта кетейік, халықаралық ақындар айтысы Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысымен, Қаражал қаласы әкімдігі мен «Аманат» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының қолдауымен өтті. Қос бәйге тігілген жыр додасында 12 ақын бақ сынасты. Оның сегізі Қазақстанның, төртеуі Қырғыз елінің шайырлары. Атап айтқанда, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Максат Кулуев, Қырғыз Республикасының Айтыс қоғамының төрағасы, Қырғыз Республикасының Ардақ грамотасының иегері, Қырғыз Мәдениетінің мықты қызметкері Асылбек Маратов, Қырғыз Республикасының айтыскер ақыны, республикалық, халықаралық сыйлықтардың иегері Изат Айдаркулова, Қырғыз Республикасының айтыскер ақыны, Мәдениеттің мықты қызметкері Ахматбек Сұлтануулы және қазақстандық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы, мәдениет саласының үздігі Иранғайып Күзенбаев (Астана), «Асыл домбыраның» алғашқы иегері, мәдениет саласының үздігі Қазірет Бердіхан (Алматы), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері, айтыстың ақтанкері Біржан Байтуов (Шымкент) пен Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда), «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатай (Павлодар), айтыскер ақын, жыршы-термеші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дидар Қами (Қарағанды), Республикалық ақындар айтыстарының жүлдегері Ержан Әміров (Қызылорда), мәдениет саласының үздігі, республикалық ақындар айтыстарының жүлдегері Өміржан Көпбосын (Ұлытау) өзара сөз сайыстырып, қазақ-қырғыз халқына ортақ өнер – айтысты дәріптеп, екі елдің ынтымағы мен татулығын, бірлігі мен берекесін жырларына арқау етті.
Жыр додасының түндігін Ұлытау облысының бас ақыны, осы аламанның екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған жүргізуші Төлеген Жаманов түріп, аламан айтыстың жай-жапсарын жария етті.
– Биылғы жыл Қаражал өңірі үшін мерекелі де берекелі жыл болды. Кешегі қырық бірдің қырғынынан бастап кеңес дәуіріндегі не бір аумалы-төкпелі замандарды бастан өткерсе де қойнауындағы қазынасы арқылы мейманасы тасып, мәртебесі асқан Қаражал өзінің 60 жылдық мерейтойын арқа-жарқа тойлады. Күні кеше ғана Қаражалдың күнбатысында қырыққа жуық ақшанқан киіз үй тігіп, алыс-жақыннан келген елді құшақ жая қарсы алған қаражалдықтар бүгін тағы сол мәрттігінен жаңылмай, Алатаудың арғы жағынан келген айыр қалпақ ағайын – Қырғыз елінің ақындарын қарсы алып жатыр. Әмәнде тойы осылай тойға ұласа берсін, – деген ақжарма тілекпен айтыстың шымылдығын ашқан аймағымыздың бас ақыны бүгінгі аламанға келген шайырларды сахнаға шақырып, олардың сөз сайыстарын саралап, қазылық ететін құрметті меймандарды таныстырды. Айтысқа қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман онлайын қатысып отырса, тең төраға ҚР Парламентінің депутаты, айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері Аманжол Әлтай, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР білім беру ісінің қызметкері Светлана Жумкина, айтыскер ақын, қаламгер, журналист, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, айтыскер ақын, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұқанбетқали Сейтқазинов, айтыскер ақын, жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Тілеген Әділов, Айтыскер ақын, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, республикалық, халықаралық ақындар айтыстарының жүлдегері Айтбай Жұмағұлов шайырдардың сөз сайысына төрелік жасады.
Айтыстың салтанатты ашылу рәсімінде Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов жерлестерін мерейтоймен тағы бір мәрте құттықтап, сөз сайысына келген шайырларға сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсім сәтінде болған тағы бір айшықты шара осы Қаражал қаласында бұған дейін өткен айтыстарды жинақтап, «Қаражалдың төріндегі аламан айтыс» деген атпен баспадан шыққан жинақтың тұсаукесері болды. Кітаптың тұсауын қазылар алқасының тең төрағасы Аманжол Әлтай мен қала әкімі Айқын Елеусізов кесті.
Бұдан соң кезек ақындардың сөз сайысына берілді. Айтыстың алғашқы айналымын Ұлытау облысының ақыны Өміржан Көпбосын мен Қызылорда облысының ақыны Ержан Әміров бастады. Құдалардың жарасымды қалжыңына құрылған айтыс тыңдаушыларды бір серпілтіп алды. Кезек қазақ пен қырғыздың ақындарына берілгенде зал дүр сілкінді. Екі елдің сен тұр мен айтайын дейтін, аузымен құс тістеген шайырлары шұрайлы айтыс жасап бақты. Ел бірлігі, әлем тыныштығы, халықтар достығы тілге тиек болса да екі елдегі «әттеген-ай» дегізетін жайттар да айтылмай қалған жоқ. Павлодарлық Аспанбек Шұғатай мен сөз сайыстырған қырғыз ақыны Ахматбек Сұлтануулы «Лениннің ескерткішін алып тастаған Қаражалдан үлгі алып, Павлодардың атауын сен де қазақшаласай» десе, Аспанбек те есесін жібермей «Сол Күн Көсем қырғыз елінің де төрінде тұр емес пе» деп бір түйреп өтті.
Айтыстың көрігін қыздырған сәт шымкенттік Біржан Байтуов пен қырғыздың ақын қызы Изат Айдаркулованың сөз түйісі болды. «Мақсат Ахановқа жолықтырмаған Аллаға мың шүкір» дей келіп, «сен жігітке оңай шағылар жаңғағың емеспін» деген қырғыз ақынын шымқаланың шайыры «Шымкентский вариантпен» оп-оңай орап алды. Қыз бен жігіттің қалжыңына құрылған бұл айтыс та тыңдармандарды бір серпілтіп, ел екі ақынға да ризашылықтарын білдіріп отырды.
Төрт сағатқа созылған алғашқы айналымды ел тапжылмай отырып тамашалады. Бір сағат үзілістен соң қазылар алқасы ақтық айналымды жариялады. Бұл жыр сайысында қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан мен шымкенттік Біржан Байтуов және қарағандылық Дидар Қами мен павлодарлық Аспанбек Шұғатай шаппа-шап шықты.
Сонымен жыр додасы да мәресіне жетіп, «кіл мықтыда кім мықты» деген ақындар анықталды. Жыр жарысының қорытындысы бойынша «қос жүлде» тағайындалды. Айтыстың бас жүлдесін Қырғыз Республикасының ақыны Изат Айдаркулова мен Павлодар облысынан келген жүйрік ақын Аспанбек Шұғатай иеленді.
Ал, І орынды Қырғыз Республикасының ақыны Акматбек Султануулы мен Қарағанды облысынан Дидар Қами иеленсе, ІІ орын Қырғыз Республикасының ақыны Асылбек Маратов пен Шымкент қаласынан Біржан Байтуовқа бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Қырғыз Республикасының ақыны Мақсат Кулуев және Астана қаласынан Мейірбек Сұлтанхан місе тұтты.
Жыр додасында сөз сайыстырған өзге ақындар да сый-сияпатсыз қалған жоқ. Алматы қаласынан келген Қазірет Бердіхан, Астана қаласынан келген Иранғайып Күзенбаев, Ұлытау облысынан қатысқан Өміржан Көпбосын, Қызылорда облысынан келген Ержан Әміров әрқайсысы 300 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.
Айтыскер ақындардың бәріне «Қаражал қаласына – 60 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.