(Соңы. Басы газеттің №31 (1784) санында).
Шай үстінде Баян:
– Жақында босанғаныңды ауруханада жатқаныңды білдік қой. Нәрестең туралы ештеңе айтпадың. Қайда ол сәбиің? – деп сұраған.
– Нәрестемді бала сүймеген бір кісі асырап алды, – деген Ажар күмілжи.
Не деп сұрарын білмей өзіне таңдана, аңтарыла қараған Баянның жүзін көргенде шыдай алмай:
– Апай, несін айтасыз. Мен бір тағдыр тауқыметін тартқан бейшарамын, – деп әңгіме тиегін ағытқан.
– Қарағанды пединститутында екінші курсында оқып жүргенімде тарих пәнінен лекция оқитын оқытушымызға көңілім кеткені. Жазғы семестрде ол кісінің пәнінен емтихан тапсыруымыз керек екен. Соны сылтауратып, өзімнің науқастанып, ауруханаға түсіп қалуыма байланысты көп лекцияда болмағанымды айтып, консультация беруін өтіндім. Жаңа айттым ғой, мұным жай сылтау. Болмаған күндерімнің дәрістерін түгелдей құрбыларымнан көшіріп алғанмын. Бар есіл-дертім онымен оңаша отырып тілдесу. Бұл адамды алжастырған соң қойсаңшы, оның жасы қырықтан асқан кексе екенін де, отбасы барын да елесемші. Ол аудиторияға кіріп келгенде-ақ ерекше бір күйге бөленетінмін. Үні қандай әсерлі. Сәл жымия сөйлегеніне көз алмай қараймын. Өңі қараторы болса да маған ұнайтын. Тіпті оң жақ жағындағы тыртығы да өзіне жарасатын…
– Ол кім дейсің? – деп сұрағанын Баян өзі де сезбей қалды. Сол мезетте кейін бірде Сәуленің Қарағанды көшесінде жүздесіп қалғанында Кәденнің:
– Мына беттегі тыртық сенің сіңіліңнің қолтаңбасы, – деп арсыздықпен күлгенін айтқаны сап етіп, ойына орала кеткені.
– Ә, атын айтқан жоқпын ба? Ол кісі – Кәден Шәріпұлы. Танушы ма едіңіз?
Баян басын шайқаған. Сол бір сұмдық жек көріп кеткен жанның он бес жылдай мерзім өткенде есімін естуі, еске түсуі жиіркенішті сезім тудырған. Сол түннің салған жан жарасы әлі сыздайтынын ұғынған. Сол түнде бойына бала бітіп қалыпты. Жақын жандарының көзіне түспей бой тасалағаны жөн болған екен. Хабар-ошарсыз сол кеткеннен мол кеткен. Сәбиін аман-есен дүниеге әкелген. Ұл туды. Атын Нұржан қойған. Екіқабат жүргенінде Алла тағаладан іштегі шаранасы әлгі сұмырайға тартпауын тілеген еді. Сол тілеуі қабыл болып, өзінің аузынан түскендей жүзін көріп қуанған. Нұржан үшке келгенде шарқ ұрып іздеген Жұман оларды тауып алып, баланы өз атына жаздырған.
– Апай, бір жеріңіз шаншып кетті ме? Қабағыңыз кіржің етті ғой, ауырсынғандай, – деді Ажар.
Баян үнсіз тағы басын шайқаған.
– Апай, не керек, консультация желеуімен бір емес, бірнеше рет оңаша жүздестік. Талайды көрген әккі емес пе, мен бейшараның өзіне деген ілтипатымды аңғарған ол бірде:
– Ажаржан, тәтеңнің ауруханаға түскеніне бір аптадай болып қалды. Үйдің ішін жуып берсең қайтеді. Қазір бірге баралық, – дегені ғой.
Әйелінің денсаулығы болмағаны үйінен көрініп тұр. Үш бөлмелі пәтер ішін мұнтаздай етіп тазалап шықтым. Сөйткенше кеш болып қалды. Ағай үстел басында қағаз жазып отыр екен, мені қасына шақырды.
– Ажаржан, сынақты ойдағыдай тапсыруыңмен, – дегені ғой.
Басында әңгіме не туралы екенін түсінбей қалдым. Ағай ұсынған студенттік кітапшамды алып, ол кісінің тарих пәнінен «өте жақсы» бағаға тапсырды деген жазуын оқып барып түсіндім ғой. Сессияға әлі бір айдай бар-тын.
– Ой, ағай, рахмет! – деп жатырмын қуана.
– Енді осы емтихан тапсырғаныңды жумаймыз ба? – дейді жымия, мені көзімен аймалай.
Ас бөлмеге өзінше шай жасапты. Үстел үстіне аққайнар қойыпты. Оңаша жүздесіп жүргенде бір байқағаным, өзі сөзге де шебер. Күлдіргі әңгіме-анекдоттарды айтқанда майын тамызады. Отырған жері көңілді. Уақыттың қалай өткенін білмей қаласың. Сөйтіп отырғанда, шай ішуіміз ұзаққа созылып кетіпті. Ыдыс-аяқты жуып кетпекші болғанымда ағай:
– Ажаржан, жатақханаға кештетіп қалай бармақшысың? Осында қона сал, – дегені.
Содан бастап енді ол кісінің үйінде оңаша кездесетінді шығардық. Зайыбы ауруханадан шыққанына бір апта өтпей жатып:
– Ажаржан, тәтеңді путевка алып беріп, курортқа жібердім бір айға. Денсаулығын түзеп қайтсын, – дегенінде мен байғұс, несін жасырайын, сондай қуанбаспын. Кейінірек барып қой, қандай ақымақ, ұшқалақ болғанымды түсінгенімде өкініштен өзегімнің өртенгені. Бойыма бала біткенін білгенде барып есімді бір-ақ жинадым.
Не керек, күздің қара суығы келіп жетті. Түнерген бұлттай менде де көңіл-күй жоқ. Ішім білініп қалған. Жұртқа не бетіммен көрінемін. Жатақханадан шықпай жатып алдым.
Бір күні таңертеңгілік бөлмеде жалғыз өзім жатыр едім, есік қағылды. Естісем де, естімеген болып қимылсыз жатырмын. Сәлден соң есік ашылғандай болды. Қыздар сырттан жаппай кеткен ғой. Қарасам, бір әйел. Орнымнан атып тұрдым. Өзін бетпе-бет көрмесем де, үйіндегі фотосуреттерінен бірден таныдым. Кәден ағайдың зайыбы.
– Ажармысың, қарағым? – деді биязы үнмен. Айқай-шу шығарып, шашымнан жұлады ғой деп күткенмін. Жоқ, қайта жылы-жылы сөйлеп, өзіне жақын тартып барады.
– Ағайың үшін сеннен кешірім сұрай келдім, – деген сөзі ғана миыма кірген. Ботадай боздап жылап жібергенімді білемін.
Мені жұбатып бақты.
– Ішіңдегі балаңның денсаулығын ойла… Уақытылы тамағыңды ішіп, дұрыс демалуың керек… Бойыңды жылы ұстауың керек… Бала – өмір бақыты ғой… Мен бір шаранаға зар болып қалдым ғой… Ажар, сені үйіме алып кетуге келдім… Бол, бүкіл киім-кешегіңді жинастыр, – деп мені асықтыра бастады.
– Апай, қайдағы бірдеңелерді айтып сіздің уақытыңызды алдым-ау, – деп Ажар әңгімесін жалғастырған. – Қысқасы, біздің ұрлығымызды бүкіл институт біледі екен ғой. Менің жүкті екенім бірден-бірге, оның зайыбына да жеткен. Ол содан мені іздеп келіп, алып кеткен. Сол үйде өң мен түстің ортасында жүріп босандым. Баланы әйелі бауырына басты. Қолыма дипломымды ұстатты да, бір бөлмелі осы пәтерді алып берді… Апай, бар сырым осы. «Сіңілім» деп аяушылық білдіргеніңізге дән ризамын. Сыртым – бүтін, ішім – астан-кестең. Жаны жаралы мен байғұспын. Бұған кім кінәлі білмеймін…
***
Міне, жасы болса орда бұзар отызға келді. Орда бұзбақ түгілі, оңынан келген бір ісі жоқ. Не үйі, не күйі жоқ. Не туғаны, не туысқаны жоқ. Сопа басы сопиып, қаңғыбас күй кешуде. Өзінің осы тағдырына кінәлі сол бір адам деп біледі Кәкен.
Анасы сол бір адамның есімін өзі әл үстінде жатқанда жазып қалдырып еді. Әзер-әзер ашқан әлсіз алақанынан бір жапырақ қағазды алған. Кәкен «Әкең – Кәден Шәріпұлы Хасенов. Университетте оқытушы. Қарағанды қаласында тұрады. Іздеп табарсың» – деген жазуды оқыған.
Анасы дүние салғанда Кәкен 8-сыныпта оқып жүрген. Қаладағы Балалар үйінен бір-ақ шықты. Жетімдік тауқыметі белгілі ғой, ал есейіп қалған балаға тіпті қиын екен. Анасы барда ештеңе ойына кіріп-шықпапты. Енді жалғыздықтан жаны күйзелген.
Тоғызды бітірген соң кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберілді. Темір жонушы мамандығын қалаған. Токарьлықты меңгеруге ден қойып, тәп-тәуір оқып жүр еді… Аяқ астында қылмыскер болып шыға келді.
Бұл оқу орнына қайбір жібі түзу балалар келмек. Тәртібі нашар, бұзақылығымен мұғалімдерін әбден ығыр қылғандардың баратын жері ғой ол. Өздері топ-топқа бөлініп алып, бір-бірімен төбелесетін. Сондай бір кезекті шайқас кезінде бір бала ауыр жарақат алды. Әлдебіреу оны темірмен бастан ұрған екен. Тергеу басталып кетті. Сол төбелестің ішінде болған Кәкен ақырында сотталып тынды. Қорғаны жоқ, қамқоры жоқ, жалғыздықтың көретін көрешегі жанына қатты батты. Сөйтіп денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген қылмыстық әрекеті үшін Кәкен үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Кәмелетке толмағандығы ескеріле отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған ол Қарағандыда қалып қояды. Өзіне жала жапқандарды көргісі келмеді. Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінде жүргенде токарьлықтың қыр-сырын меңгеріп алған еді, металл өңдеу зауытына жұмысқа тұрды. Жұмысшылар жатақханасынан орын тиді.
Анасының қағазға «Іздеп табарсың» деп жазып кеткені есінен шықпай қойды. Университетке кіруге бастапқыда жүрексініп жүрді. Бірте-бірте етін үйретіп, үлкен ғимараттың ішіне бас сұққанымен қайда беттерін білмей, кібіртіктей берген. Кіреберіс кең дәліз екен. Сол дәлізді бойлай қабырғадағы жазбаларды көзбен сүзіп келе жатқанда «Біздің оқытушыларымыз» деген стендіге кезіге кетті. Міне, іздеген адамы: «Хасенов Кәден Шәріпұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор».
Университетке бұдан кейін де екі-үш рет барды. Ол жерде жүздесудің реті келмейтін тәрізді. Соңғы барғанда сыртқа шығуын күтіп тұрып, соңына ілесті. Жақындауға батылы бармады. Үйі университетке жақын екен. Содан былай үйінің маңын торуылдайтын болды. Ол демалыс күндері есік алдында 4-5-тердегі баланы ойнатып жүреді. Сірә, ұлы болса керек.
Жексенбіде тағы келген. Әлгі бала жалғыз ойнап жүр екен. Сырттан қызықтап тұрған. Бала бір сәтте әткеншектен оңбай құлағаны. «Папалап» бақырып қоя берді. Сол қолын ауырсынатын тәрізді.
Кәкен баланың қасына қалай жүгіріп барғанын өзі де аңдамай қалған. Ұстап көріп еді, сол қолы сынған тәрізді. Шыдап тұра алмады, баланы көтеріп алып, үйіне алып барған. Есікті әкесі ашты да:
– Әй, баламды неге жылаттың?! Жібер былай, – деп дүрсе қоя берді.
– Мен емес жылатқан. Балаңыз әткеншектен құлап қалды.
– Сен кімсің өзің? Менің балам екенін қайдан білесің? Үйімді аңдыған ұры емеспісің өзің?! – деп баланы жұбатудың орнына Кәкенге сескене қарап, шүйлікті.
– Балаңыздың қолы сынған тәрізді… – деуі сол екен жылаған баланы енді көргендей:
– Не дейді! Кәне, қай жерің… – деп баланы өбектей бастады. Кәкен кідірместен шығып кетті.
Ол үйдің маңына қыста бір-ақ барған. Түске таман еді. Күн ызғарлы. Үстіндегі киімі жұқа. Суық өнбойынан өтіп барады. Завод ақша жетпей жатыр деп, соңғы екі-үш айдың жалақысын жарым-жартылай ғана берген. «Киім алатын қарызға ақша сұрасам қайтеді. Мүмкін тіл табысып, танысармыз» деген оймен келген. Шынына келгенде, жоқтықтың қыспағымен келген.
Сыртта көп жүре алмады. Екінші қабаттағы өзі білетін есіктің алдына келген. Іштен пісіріліп жатқан еттің иісі шығады. Қараса, пәтер есігі жартылай ғана жабылыпты. Іштен ересек ер адамдардың дабырлаған даусы даңғырлай естіледі. Сірә, қонақ шақырған.
Кәкен өз еркінен тыс есікті ақырын ашып, басын сұққан. Дәлізде ешкім жоқ. Қонақтар, сірә, дабырлап үстел басына отырып жатқан тәрізді. Кәкеннің көзі киімілгіштегі қара тонға түсті. Қызығып кетті. Малақайымен қоса тонды қолтығына қысты да, алды-артына қарамастан зытты.
Сөйтсе сатының шыға берісінде бейне бақылау камерасы бар екен…
Кәкен екінші рет істі болды. Тон мен малақай мұншалықты қымбат болар ма! Әрине, профессор анау-мынау киімді кисін бе! «Әкесі» мұны кәнігі ұры ретінде көрсетуге тырысып бағыпты. Сотта Кәкенді «өзінің басқан ізін аңдыған, пәтеріне түсуге әбден дайындалған, тіпті пәтердің құлыптаулы тұрған есігін ашып кірген кәнігі ұры» деуге дейін барды. «Маған қастандық ойлаған болуы да мүмкін» деп қаралауға аузы барған адамға Кәкен нали қараған. «Осы маңайды торуылдап жүрген бұл жігітті бірнеше рет көргенбіз» деген тұрғыда көршілеріне де жаздырып алыпты.
Судья сот отырысы барысында Кәкенге тосын сұрақ қойған:
– Марқұм анаңның есімі кім еді? – деп сұраған.
– Бәтима, – деді Кәкен ойында ештеңе жоқ.
– Жәбірленуші Хасенов, сіздің күдікті Шәріповпен қандай туыстық қарым-қатынасыңыз бар? Өйткені ол Кәденұлы Шәріпов та, ал сіз – Кәден Шәріпұлы. Сіз оның анасы Бәтима деген замандасыңызды танымайсыз ба?
Кәкен: «Не дер екен?» – деп оған аңтарыла қараған. Ол беті бүлк етпестен:
– Танымаймын. Қазақ есімдерінде ұқсастық көп болады ғой, – деп жайбарақат жауап берді.
Кәкен осы бір адамды «мен сенің әкеңмін» деп айтатын шығар-ау деп бекер іздегеніне күйініп кетті. «Қайран анасы тұл жетім қалып бара жатқан ұлына ол қамқор болар-ау деп үміттенген ғой, қайтсын! Ал ол болса қамқорлық көрсетудің орнына мұны баукеспе ұры көріп, отқа итермелегенін қайтерсің! Бұрын ойына кіріп-шықпапты, ол нағыз қаныпезердің өзі екен ғой. Анасын жүрек талма ауруына ұрындырып, өмірінің қиылуына себепкер болған да – осы адам. Тал шыбықтай өсіп келе жатып, жетімдіктің тауқыметіне ұрындырған да, жалғыздықтың жан күйзелісін бастан өткеруіне кінәлі адам да осы! Қысқа жіп күрмеуге келмей, жоқшылықтың қамытын киген жастың тағдырына сотқа дейін-ақ хабардар болған оның пендеге жанашырлық көрсетпеуі қаныпезерлік емей немене! Сендей әкем болмай-ақ қойсын!».
Кәкен мұндай күйінбес! Тағдыр тәлкегіне күйінген.
… Кәкен бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланып, бұрынғы өтелмеген мерзімі және қосылып, кесілген 4 жыл үш айын толықтай өтеп шыққан. Өткеннен ащы сабақ алған ол өмірін қайта бастауы үшін туған қаласы Жезқазғанға оралған.
***
Профессор Хасеновке жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Кім білсін, бұл бір қаңғыған оқ па, әлде оның қиянатын көрген біреудің өшпенділігі ме?! Күдіктілердің тізімінде, әйтеуір Кәкен жоқ. Ол Қарағандыдан алыста еді.
Тәйір-ай, тән жарасы деген жай ғой, жазылып кетеді. Мұнда пенденің тағдырын тас-талқан ететін жан жарасын айтсаңшы!
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.