Жезқазған кенін ашу геолог Қаныш Сәтбаевқа оңайға түспегені анық. Небір қиындықтарға тап болған. Геологиялық партия тарап кеткен, қаражат жетіспей барлау қысқарып қалған жылдар да кездескен. Сондай қиын сәттерде Қанышты жалғыз тастап кетпей, жанынан табылған «қара шалдарының» бірі – Халық Темірбайұлы. Қанекеңнің аса сыйластықпен «Хал-аға» атап кеткен Халық туралы сыр суыртпақтағанымыз – Қаныш туралы айтқандығымыз.
ӨЗІНЕН төрт жас кіші болғанына қарамастан Қаныш оны «Хал-аға» дейді екен. Халық Темірбайұлы 1903 жылы туған. Ата қоныстары болашақ Жезқазған қаласына жақын тұста болған. Қазіргімен тұспалдап айтқанда, «Спутник» саябағына бара жатқан жолдың оң жағы. Кезінде бұл маң қалың тоғай екен. Өткен ғасырдың алпысынша жылдарының басында Кеңгір су қоймасын салатын болғанда сол ағаштарды шынжыр табан трактормен тросқа байлап түптамырымен жұлады. Су астында қалып шірімесін, суды бүлдірмесін деген болса керек. Бұрындары жерленген ата-баба, ағайын-туыстардың мүрделері су астында қалатын болғандықтан жоғарыдағы бір қорғанның ішіне қайта жерленеді. Сол тұстағы тастан қаланған қыстау үйлер де су астында қалады. Кеңгірдің суы қатты тартылған ана бір жылдарда ол үйлердің орыны анық көзге түсіпті.
« – Біз мына Кеңгір бойында азын-аулық мал бағып, – деп еске алған екен Халық «Сәтбаев» кітабында – жазда қыстаудан екі жүз шақырым ұзап барып, егін салып, піскенше соны бала-шағаға күзеттіріп жан асыраған шаруақор ауыл едік. Жиырма тоғызыншы жылы салған егініміз көктемей жатып күйіп кетті. Күн көрістен үміт қалмаған соң, күзге салым Жезқазғанға қарай босыдық. Сорқұдық басында ағаш мосымен жер тескен орыстарға барып жұмыс сұрап сенделіп жүргенімізде орысша киінген, күнқағары жалтыраған қазақ жігітіне кез болдық. Жөнімізді айтып едік, ойланып тұрды да:
Кіші жұмыскер етіп алғызайын, – дегені.
– Қанышпен осылай таныстым. Достығымыз, бір-бірімізге ықылас, сыйластығымыз сондай – мені Қаныш «Хал-аға» десе, мен оны «Қан-аға» деуші едім. Қиында табысып, қуанышта айырылған жанбыз…» (184-бет).
АЛҒАШҚЫ таныстық осылай басталады. Бұл 1929 жыл Ұлытау өңірінде дүрілдеген еңбек қайнап тұрған кез болатын. Қарсақбай зауыты қалыпты жұмыс істеп жатты. Тұрғын үйлер құрылысы тек Қарсақбайда ғана емес, сонымен қатар Байқоңыр мен Үлкен Жезқазғанда да қарқын алған тұс екен. Қаныш Сәтбаев кен барлаушы геологтарға арнап Жезқазғанда, дәлірек айтқанда, «Покро» мен «Крестовоздвиженка» шахталарының аралығындағы Тасқұдық деп аталатын жерде «Барлаушылар үйін» салуды ойластырып жүрген-ді. Сол тұста Халық бұрғышылар қатарына келіп қосылады. Қазақтар бірен-саран екен. Олар жұмысы өнімсіз, сыры жұмбақ станокқа жолағысы келмейтін көрінеді. Бұрғылауда істейтіндер, әсіресе, жауапты жұмыстағылардың дені – орыстар.
Қанекеңнің бір күні әлденеге ренжіп, түнеріп келгенін еске алыпты Халық Темірбайұлы «Сәтбаев» кітабында. Сол жолы қосалқы жұмыс істейтін барлық кіші жұмыскерлерді жинап алады да:
« – Анау ішкі жақтан келген кәнігі жұмыскерлердің қимылынан көз жазбай қарап жүріңдер. Олар не істесе, сендер де соны қайталай беріңдер. Тегінде, бұлар үйіне қайтқанда, станокке өздерің ие боласыңдар, – деп ақыл айтып, бізді біраз ширатып кетті.
Сабазың сөйтсек біліп жүр екен. Қар түскен соң-ақ алыстан келгендер кете бастады. Станоктың құлағына енді өзіміз тұрдық», – деген екен Хал-ағаң (184-бет).
МӘСКЕУДЕГІ «Главцветмет» 1933 жылы барлауға деп бөлінген қаржыны бермей қояды. Бұл жайсыз хабарды алысымен геологиялық барлау партиясының алты-жеті жұмыскерінің басын қосқан жиналыс өтеді. Сонда Қанекең:
« – Түптің түбінде шындық жеңеді, барлау да қайтадан жүреді, ағайын. Бірақ соған қашан жетеміз, оның жөні маған мәлімсіз. Өз басым Жезқазғанды тастап, басқа жерден бақыт, абырой іздемеймін. Ақы-пұлсыз істеуге дайынмын, қысқасы, осы өлкенің жер асты қазынасын ақырына дейін ақтарғанша ешқайда кетпеймін! – деп ағынан жарылды.
Мәскеуге барып ізденбек екен, оны да жасырған жоқ» (209-бет).
Халық Темірбайұлы бұл кезде бригада басқарып жүрген. Қанекеңнің сөзінен ерекше жігер алғандар ертеңіне-ақ нық шешімдерін айтады. «Қанеке, не көрсек те қасыңда болуға бекіндік!» деседі. Алғашқылардың бірі болып Халық бригадасымен қалатындарын айтады. Олар сөйтіп ақы-пұлсыз-ақ жұмыс істейтін болады. Халық бұдан кейінгі қиын-қыстау жылдарда да Қаныш Сәтбаевтың қасынан кетпейді.
Әріпті таяқ деп білмейтін Халық еңбекқорлығымен, адамгершілігімен сый-құрметке бөленеді. Өзінен төрт жас кіші болса да сыйлап, құрмет тұтқаны сонша Қаныш өмір бойы ол кісіні «Хал-аға» деп атайды.
ОТЫЗЫНШЫ жылдардың соңы Жезқазған үшін едәуір жаңалықтарға толы болды. Аса қиындықпен жүргізілген кен барлау ісі игі жемісін бере бастады. Үлкен Жезқазғанды игеруге батыл қадамдар жасалды. 1939 жылы Жезқазғанды Жарық станциясымен жалғастыратын теміржол салынып бітті. 1940 жылы Кеңгір су қоймасы салынды. Мұның барлығына түрткі болған Қаныш Сәтбаев басқарған барлаушылардың қажырлы еңбегінің жемісі еді. Сол кен іздеушілердің бел ортасында бұл кезде аға мастер болған Халық Темірбаев та жүрді. Барлау экспедициясы болса мыңнан астам мүшесі бар іргелі ұжымға айналған болатын. Одақтағы ең озық, бірінші барлау мекемесі деген құрметті атаққа ие болған еді. Ал Қ.Сәтбаевтың өзі болса Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі қазба байлықтарды ашудағы зор еңбегі үшін Ленин орденімен наградталды.
1941 жылы Одақтық ғылым академиясының Қазақстандағы филиалы жанынан Геологиялық ғылымдар институты ашылады да, оған жетекшілік ету Қаныш Сәтбаевқа жүктеледі. Ол кісі енді Алматыға аттанбақ. Барлаушылар Қанакеңді сән-салтанатпен шығарып салмаққа ұйғарысады. «Сәтбаев» кітабынан:
«Жексенбі күні ертеңгілікте бірнеше жүк машинасына, автобусқа мінген барлаушылар коллективі Жездінің тау арасына еніп, бұралаңдай ағатын кең арналы, шалғынды, тоғайлы жағасына келіп тоқтаған.
Күн шайдай ашық, жайма-шуақ жаздың есте қалғысыз желсіз тамаша күндерінің бірі.
Қарабұлақтағы барлаушылар подхозынан әкелінбек ас-су қамын міндетіне алған Халық, Ахмедия, Мырзабектер ерте-ақ қимылдаған екен, бұлар келгенше қазан көтеріп қойыпты. Бірнеше палатка, киіз үйлер тігілген…» (302-бет).
«…Өз атына таңертеңнен бері ағыл-тегіл айтылып жатқан қошемет лебіздерді сыпайы ғана езу тартумен үнсіз қабылдап, іштей тебіреніп отырған Қаныш Имантайұлы да шыдамады.
– Уа, достар! Қадірменді барлаушы ағайындарым менің! Осы күні геологтар қауымы мені «бақытты жігіт», «жолды барлаушы» деп мадақтайды. Жолды болғаным — сіздерден… Бақытты екенім де рас! Иә, менің бақытым – Жезқазған кенінде емес, сіздерге кездесуімде шығар деп ойлаймын… Жиырма тоғызыншы жылы геолком партиясы тарап кеткенде, мен осынау қиырда санаулы адаммен қалдым. Сол күнде бір-
ауыз сөзімді сыйлап, сіздер көмекке келмесеңіздер, жалғыз өзім не істер едім!.. Отыз үшінші жылы барлау қысқарып, қаражатсыз қара жерге отырып қалғанда да осы отырған жұрттың дені: «Сені жалғыз тастап ешқайда кетпейміз!» – деп қолтығымнан демеді. Иә, сол күні, онан кейінгі жоқшылық көрген қиын-қыстау айларда сіздер болмасаңыздар – бір топ инженер-геологтар не бітірер едік? Мен сіздермен күшті болдым, сіздерге арқа сүйегендіктен де өмір тартысында жеңіп шықтым. Сол себепті мен бүгін: «Қанатым да, қорғаным да менің — сіздер, жұмыскер қауымы!» деймін… (304-бет).
Қанекеңнің осы бір толғанысты сөздері Халық жадында мәңгі сақталып қалған еді. Кейін балаларына талай тебірене әңгімелеп отыратын. Көзін өзінен алмай айтқан сол сөздерін дәл өзіне арнағандай әсерге бөленген. Сол жолы Алматыға шығарып салу басқосуының бар шаруашылығын арнайы өзіне жүктеп, бас-көз болуын өтінгенін де Қан-ағасының көңіл жақындығының, сенімінің нышаны ретінде қабыл алған еді Халық.
ҚОШТАСУДЫҢ әсерлі сәті Халық жадында өшпестей жатталып қалды. Әттең сол көтеріңкі көңіл-күйді «Соғыс!» деген суық бір сөз су сепкендей басқан еді. Халық қан майданға алынбады. Әйтсе де Ұлы Жеңіске өз еңбегімен үлес қостым деп білді. Сол кезде Халық басшылық еткен бұрғышылар тобына Жезді төңірегін барлау туралы тапсырма берілді. Оның мәнісін Халық білмеген. Мән-жайға кейін барып қанықты ғой. Сөйтсе майданға марганец ауадай қажет болып, жер-жерден жаңа кен көзін табу туралы құпия шұғыл тапсырма жоғарғы жақтан келіп түскен екен. Сонда Қаныш Имантайұлының ойына отыз жетінші жылы өздері бұрғылаған Жезді өңірі оралады емес пе. Сосын Қаныш Сәтбаев: «Жездінің қыртысы Жезқазғаннан бөлек… Оған станоктың тәуірін, бұрғылаушылардың таңдаулысын салу керек», – деп нұсқау береді жезқазғандықтарға.
«Сәтбаев» кітабынан:
«Байырғы геологтың әнеукүнгі ескертпесі де дәл шықты: Жезді қыртысы сондай қатты, бұрғылаушылар асыққан сайын ерегескендей-ақ ырыққа ешбір көнер емес. Жұмыс өнбеді. Жезқазғанда стахановшы атанып соцжарыстың алдын бермейтін шебер бұрғылаушы Халық Темірбаев бұрынғы күндерін енді түсінде ғана көретін болды…» (328-бет).
Соғыс кезінде берілген аса жауапты тапсырманы орындау барысында Халық ерекше қажырлылық көрсетеді.
«Жұмыс қарқыны сөйтіп көлем есебінен біршама қыза түскен. Темірбаев та қарап жүрмей, есте қаларлық ұсыныс жасады.
– Тәулігіне екі мәрте шығып, алты сағаттан жұмыс істейміз. Майданда жүрген азаматтар жиырма төрт сағат көз ілмей жаумен атысып жан берісіп жатқанда біздің он екі сағатқа шыдамауымыз ұят, – деген-ді Халық жігіттеріне.
Жезді жағасындағы барлау ақыр аяғында бас барлаушы Сәтбаев күткендей көлем, қарқынға түсіп, үрдіс жүре бастаған-ды» (329, 330-беттер).
БҰЛ жайтты кейін еске алғанда өзіне көрсетілген Қаныш сеніміне шыға білгеніне масаттанып, ол берген тапсырманы орындағанына қуанатынын айтып, ағынан ақтарылатын. Әкесін мақтан тұта айтар әңгімесі көп Бейсен Халықұлының:
– Ана бір жылы қуанышты жайтқа бөлендім. Қарсақбайдағы мұражайда сақталған Қаныш Сәтбаев түскен киноленталарды көрудің сәті түсті. Соның кейбірінде Қанекеңнің жанында жүрген әкемді көрдім. Әкеммен қайта қауышқандай күй кештім. Қанекеңмен бірге түскен фотосуреттері де баршылық. Қанекеңнің 1949 жылы 50 жасқа толғанында Алматыда бірнеше суретке түсіпті. Бірінде Халық мерейтой барысында оған шапан кигізіп жатқан сәті бейнеленіпті. Сол тойға барғанын талай әңгімелегені есімде.
– Үлкен залда өтті, – дейтін әкем. – Жезқазғаннан бір топ адам барғанбыз. Қан-ағаң солардың ішінен маған:
– Хал-аға, сіз құттықтайсыз, — дегені.
– Оу, мен орысша білмеймін ғой, – деймін.
– Жезқазғандықтар атынан, Хал-аға, сіз сөйлеңіз. Қазақша айта беріңіз, орысша-
ға өзім аударамын, — деді. Қанекеңнің өзі айтып тұрған соң не тұрыс, толқи тұрып құттықтауымды, жеткіздім, – дейтін әкем мақтанышпен.
Бала болсақ та Қанекеңнің әкеммен сыйластығы айырықша екенін аңғарушы едік. Зейнетке шыққаннан кейін Алматыға курортқа талай барды. «Алматыдан Қанекең звондады, демалып қайт деп жатыр. Қанекеңді сағынып қалдым, барып қайтпасам болмас», – деп жинала бастайтын ондайда. Қанекең демалыс орнын өзі әзірлеп қоятын, өзі күтіп алатын. Иә, Қанекең дүние салғанда да әкем барды. Сонда Таисия Алексеевна әкеме бастоннан тігілген костюм-шалбарын бергізіпті. Сол киімді «Қанекеңнің көзі ғой» деп ерекше қастерлеп киетін. Сәтбаев туралы әңгімені ерекше құрметпен, мақтанышпен айтатын, – деп еске алды Бейсен Темірбаев.
«Жігіт жаман болмайды жақсыға ерген» дейді дана халық. Қанышқа ерген Халық та елеулі болды. Ол өзі жанындай жақсы көріп, сыйлаған Қан-ағасын ардақ тұтар азамат, ақылы терең ғұлама, жер қатпарындағы кеннің тілін білетін ғалым деп білді. Қан-ағасын пір тұтты. Иә, ол сондай елі сүйген Азамат еді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.