Кезінде қазақ жері мен КСРО-ға ғана емес, Қазақ ғылымына баға жетпес үлес қосып, халқы үшін жан аямай ұшан-теңіз еңбек еткен Қаныш Имантайұлын зерттеушілер де аз болған жоқ. Солардың бірегейі ұлы ғалым туралы бірнеше тілде, көптеген басылыммен кітаптар шығарған жазушы Медеу Сәрсеке еді. Оның академик жайлы еңбектерінің Қаныш Сәтбаевтың Дінмұхамед Қонаевпен арадағы суық қатынасына байланысты аса қиындықпен, тіпті алғашқыда Мәскеуде орысша басылып, өз жерімізде қазақшасы Қонаев қызметінен кеткеннен кейін жарық көргені – өз алдына бөлек әңгіме. Біз бүгін ғалымды басқа қырынан сөз етеміз.
Алаш мұраты Сәтбаевтың қызметімен үйлесетін
Жоғарыда зерттеушілер аз болған жоқ дедік қой. Әлі де жеткілікті. Олардың ішінде, әрине, Сәтбаевтың өз ұрпақтары да бар. Сол зерттеушілер соңғы жылдары қазақтың тұңғыш инженер-геологының Алашордамен және оның көсемдерімен байланысы болды ма деген мәселеге мән беріп жүр.
Бұл тұрғыда алдымен Қаныш Имантайұлының туған жиені, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Жармағамбетовті (Қайнекей Жармағамбетов пен Қаниса Сәтбаеваның ұлы) атауға болады. Ол бұл тақырыпты аса ден қойып зерттеген.
Өкінішке қарай, Нұрлан Қайнекейұлы 2021 жылы сәуір айында 73 жасында қайтыс болды. Сондықтан атасының Алашордаға қатысы жайындағы мақаласын жариялап үлгермеді. Бірақ ол 2019 жылы (Сәтбаевтың туғанына 120 жыл болған кез) «Новое поколение» газетіне осы туралы жан-жақты айтып берген екен.
Нұрлан Жармағамбетовтің сондағы айтуынша, кезінде әлдебіреулер Сәтбаевты контрреволюциялық ұлтшыл деп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов басшылық еткен «Алаш» партиясының белсенді насихатшысы болғанын жасырған деп айыптаған. Сонда академик КОКП Орталық комитетінің хатшысы Михаил Сусловқа «Алаш» партиясының мүшесі не тыңшысы болған емеспін» деген жауап жазыпты. Ол кейіннен бұл ұйымнан осылай бастартуға мәжбүр болғанын айтады.
«Қазақта «маңдайына жазылған міндет» деген сөз бар. Сәтбаев расымен де саясаткер болған емес. Оның өмірдегі мақсаты мен міндеті табиғи қазба байлық кенін ашып, игеру және Қазақстанның ғылымын ұйымдастыру еді. Бірақ бұл Қаныш пен «Алаш» қозғалысы мүшелерінің арасында ешқандай да байланыс болған жоқ дегенді білдірмейді. Оның үстіне бұл партияның қызметі халық ағарту ісіне де, ұлтты техникалық прогрестің жоғары жетістіктері мен әлемдік мәдениетке тартуға да бағытталғаны мәлім. Әрине, ол Сәтбаевтың жұмысымен үйлесетін», – дейді академиктің жиені.
Әулетке келген зобалаң
Қаныштың немере ағасы Әбікей Сәтбаевтың Алашордамен тығыз байланысы болды. Ол немере інісінің терең біліммен сусындаудың кең жолына түсуіне зор себепкер еді. Әрине, әкесі Имантай Сәтбайұлынан кейін. Бұл жерде баяғы әке-шешесі сіңір кедей болыпты, зерек бала өздігінен оқып жетіліпті деген кеңестік аңыз әңгіме Қанышқа жүрмейді. Әрине, оның бала кезден алғыр болғанына дау жоқ. Бірақ бұл қасиет оған тегінен дарыған.
Атасы Сәтбай Меккеде қайтыс болып, сонда жерленген. Ал әкесі Имантай Сәтбайұлының өте білімді әрі ауқатты кісі болғаны айтылады. Ол Омбыдағы медреседе оқып, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренген. Орыс тілін де меңгерген. Бала Қаныштың ғылым-білімге құштар, жан-жақты болып өсуіне ең алдымен сол кісі ықпал етсе керек. Одан кейін жоғарыда айтылған немере ағасы Әбікейді, туған ағасы Ғазизді және осы геология жолына түсуіне жол ашып берген сол кездегі Томск технологиялық институтының профессоры Михаил Усовты айтуға болады. Ал Қаныштың өзі бұл тұрғыда Әбікей Зейінұлын ерекше атап өткен.
«Алған білімдерім үшін үлкен ағайыным, зиялы қауым өкілі Әбікей Зейінович Сәтбаевқа өмір бойы қарыздармын деп білемін», – деп жазған ол бір анкетасында.
Сол Әбікей Алашордаға қызмет еткені үшін көп жыл қуғын көріп, ақыр аяғында 1937 жылдың қаһарлы құрсауына ілікті. Атылып кетті.
Қаныштың туған ағасы Ғазиз де сол 37-ші жылы тұтқынға алынды. Бірақ оның содан кейінгі тағдыры белгісіз. Белгілі қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов ол туралы: «Түрмеде ме, айдауда ма, қай жерде оған қазаның жеткені беймәлім қалды. Бұл жағдай Қаныштың жүрегін айықпас дертке, орны толмас қайғыға душар етті» деп жазады («Егемен Қазақстан» газеті, «Қаныштың анасы», 29.06.2011 ж.).
Тағы бір немере ағасы Әбдікәрім Жәмінұлы Сәтбаев та 37-нің қаһарына ұшырап, атылып кетті.
Қаныш Имантайұлы сонау Жезқазған жақтағы Қарсақбай кен орнында қызмет атқара жүріп, туған өңірі – Баянауылда (Павлодар облысы) болып жатқан осы жағдайға да алаңдаулы еді. Әрі ол кезде ағаларының ақталатынына сенімді болды. Өйткені олардың жаламен қуғындалып жатқаны мәлім ғой. Бұған геологтың
әйелі Таисияға жазған мына хат үзінділері дәлел:
«Әбікей Зейінұлынан бір жеделхат келді. Ал хат әлі жоқ. Көңіл-күйім онша емес. Үйден жайсыз хабар келді. Жұт болып жатыр екен. Оның үстіне жалғыз ағамды (Ғалымтайдың әкесі) тұтқындапты. Оның еш кінәсі жоқ екеніне сенімдімін. Сондықтан оны босатуы керек. Бірақ оның тура жұт кезінде үйде жоқ болуы шаруаға кері әсер еткелі тұр».
«Біздің ауылда жағдай қиындап жатыр екен. Бұрынғы жазғандарыма енді әкемнің өлімі мен бір немере ағамның тұтқындалуы қосылды. Ағамның әйелі мен балаларының, сондай-ақ өзімнің кәрі шешемнің жағдайы қалай екенін білмеймін. Өйткені олардан хат келмегеніне екі ай болды. Ағам қазір Павлодарда. Оның ендігі тағдыры не болатыны белгісіз. Оның ісін беделді мемлекеттік органдарға қаратуға бар күшімді саламын. Ағама қатысты іс қисынсыз болғандықтан, біздің жеңетінімізге күмән жоқ. Бұны оның жаулары пара беріп, істі әдейі қолдан жасатып отыр».
«Жүрегімізбен алашшыл болып қалдық»
Қаныш 1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына түседі. Осы оқу орнында ол Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтан тәлім алған. Кейін тіпті екеуі бірге біліктілікті арттыру курстарында, Байтұрсынов қазақ тілі мен әдебиетінен, Сәтбаев математика және жаратылыстану пәндерінен сабақ береді.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Тарихи мұражайының бас маманы, сәтбаевтанушы Аспандияр Әденұлының айтуынша, Қаныш Имантайұлының Алашордамен араластығы осылайша бозбала шақтан-ақ басталады.
«Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов төртеуі Семейдегі мұғалімдер семинариясында бірге оқыған, «Алаш» қозғалысының ең жас әрі белсенді мүшелері болған. «Алаштың» тәлімімен сусындаған бұлар ұлтқа қызмет етуді мақсат етті. 50-жылдары Баянауылда болған бір кездесуде Қаныш ағаның: «Біз Алаштан жазбаша түрде бас тарттық, бірақ жанымызбен, жүрегімізбен алашшыл болып қалдық және олардың идеясын іске асырып жатырмыз» деп айтқаны бар екен. Михаил Усов Томскіге оқуға шақырғанда ол Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновпен ақылдасып, «оқиын ба, не істейін?» деп сұрайды. Сонда ана кісілер: «қазақта мұғалім мен дәрігер жетеді, енді бізге инженер керек» деп айтады. Кейіннен институт бітіріп, сол кездегі астанамыз – Қызылордаға келген Қаныш түнгі сағат 2-де ең бірінші Міржақып Дулатовтың үйіне барып түседі. Ол кісі әйеліне: «Міне, біздің қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді инженер келді» деп мақтанады. Бұл М. Дулатовтың қызы Гүлнар апамыздың кітабында бар», – дейді Аспандияр Әденұлы.
Қаныш Имантайұлы институт бітіріп, кен өндіріп өңдеу үшін Қарсақбайға жол тартатын сол 1926 жылы Міржақып Дулатов алғаш болып «Еңбекші қазақ» газетінде қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженері Сәтбаев туралы жалпақ жұртқа жария еткен. Осыдан 11 жыл бұрын 98 жасқа қараған шағында қайтыс болған Гүлнар Міржақыпқызы әкесі мен Қаныштың дос-бауыр болып керемет араласқанын жиі еске алатын. Дулатов ұсталып кетіп, одан көпшілік теріс айналғанда, Міржақыптың үйіне қорықпай барған аз ғана адамның бірі Сәтбаев болған.
Бөкейхановпен байланысы
Қаныш Сәтбаев Әлихан Бөкейхановты алғаш 1917 жылдың қазан айында көріпті. Олар Алаш белсенділерінің Семейдегі жиынында кездеседі. Сол кезде осы жиын туралы жазған «Сарыарқа» газетінде Қаныш жаңадан құрылған партияның жас насихатшыларының бірі ретінде аталады. Өткен ғасырдың 50-жылдарының басында тарихшы Ермұхан Бекмахановпен бірге басқаларды да қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде осы дерек Казақ КСР Ғылым академиясы президенті Сәтбаевтың басына таяқ болып тиген.
Әлихан Бөкейханов Қаныш Имантайұлының «Ер Едіге» эпосын жарыққа шығаруына қолдау білдіріп, ақыл-кеңесін айтқан. Алаш көсемі 1927 жылы Мәскеудегі КСРО Орталық баспасы қазақ редакциясының меңгерушісі болған. «Ер Едіге» кітабы осы баспада Сәтбаевтың алғысөзімен араб қарпімен қазақ тілінде жарық көреді.
Қаныш Едіге батыр туралы дастанды Томскіде оқып жүргенде Технология институтының кітапханасындағы Орыс географиялық қоғамының мұрағатынан тауып алыпты. Ол бұл жерден жырдың екі тілдегі нұсқасын кездестірген. Орысшасы – Шоқан Уәлихановтікі, қазақшасы – Платон Мелиоранскийдікі. Сөйтіп, студент «Ер Едігені» басып шығаруға дайындай бастайды…
Біз жоғарыда деректеріне сүйенген Нұрлан Жармағамбетовтің айтуынша, Сәтбаев Бөкейхановпен 1920 жылдардың соңында Мәскеуде бірнеше рет кездесіп, әңгімелескен. Ол кезде инженер-геолог Қарсақбайда жұмыс істету үшін кеншілерді жинап және барланған кенді зерттеп жүрген болатын. Бөкейханов оны Мәскеудегі кездесулердің бірінде РКФСР оқу-ағарту халық комиссары Анатолий Луначарскиймен таныстырған. Сондай-ақ Алаш көсемі Мәскеу Тау-кен академиясын бітірген ұлы Үгедейді Қарсақбайда жұмыс істесін деп, Қаныштың қолына тапсырады.
«Анам, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қаниса Қанышқызы Сәтбаева бәрі Сергей Әлиханұлы деп атайтын Үгедей Бөкейхановтың сол кезде өздерінің шағын үйінде тұрғанын айтып еді. Ал ол үйдің жартысы геологиялық барлау кеңсесі болған», – дейді Нұрлан Жармағамбетов газетке берген сұхбатында.
Түйін сөз
Қаныш Сәтбаевтың қазақ үшін жасаған орасан еңбегі сол Қарсақбайдан басталған еді. Осы ауылда қазір академик атындағы мұражай-үй болып тұрған ғимарат расымен де оның әрі баспанасына, әрі жұмыс орнына айналды. Ол тек қазба байлықты зерттеген жоқ. Жан-жақты ғалым болды. Жезқазғанның үлкен қала болып қалыптасуына көп ықпал етті. Құрылыс материалдары, коммуналдық қызметіне дейін – бәрін өзі ойластырған.
Өрдегі Сарыарқаға қарай ағатын ірі Ертіс-Қарағанды су арнасын салдырды. Қазір ол өзінің атында. Орталық өңірдің ел астанасы болуы керектігін де жазған. Тарих пен археологияда да жаңалықтар ашты. Осының бәрінде ол тек қазақтың мүддесін қорғаумен болды. Содан кейін Сәтбаевты алашшыл емес деп көріңіз…
Оразәлі БАЙМҰРАТ.