Ғылым академиясының тарих институты дайындаған ғылыми еңбектерден қоғамға жат, «ұлтшылдық сарын» іздеген жандардың әрекеті 1950 жылдардың басында қоғамда айтарлықтай саяси қуғындау науқанына ұласқаны белгілі. Соның салдарынан Қазақ КСР Ғылым академиясының 200-ге жуық қызметкері айыпталып, жұмыстан шығарылды. Қазақ зиялылары тарихи шындықты өткен заманның басты оқиғалары ретінде дәлелді жазғандары үшін қуғынға ұшырады. Осы негізсіз айыптауларға Қаныш Сәтбаев та ілігіп, Ғылым академиясының президенттігінен босатылады. Ұлы ғалымның шәкірті, Жезқазғандағы геология саласын сеніп тапсырған ізбасары Василий Штифановтың архивтегі қорын қарап отырып, Қаныш Имантайұлымен сол бір тайғақ кешу кезеңінде кездескені туралы естелігін оқыдым. Осы жағдай өткен кезең оқиғаларын ойша шолып, тағы бір үңіліп қарауға себеп болды.
Қазақтың асыл азаматы жалынды жастық шағынан бастап, барлық саналы ғұмырын Үлкен Жезқазғанның болашағы мен игілігіне арнағаны көпке мәлім. Қаныш Имантайұлы Том технология институтын бітірген 1926 жылдан 1941 жылға дейін Ұлытау-Қарсақбай қойнауын шарлап, қазыналы өңірдің байлығын ел кәдесіне жарату жолында орасан зор еңбек сіңірді. Бүгінгі алып кеніштер мен зауыттар, дәулетіне сәулеті келіскен Жезқазған – Сәтбаев шаһарлары Қаныш ағаның орындалған асыл арманының жемісі. Кен байлығын ел игілігіне айналдыру үшін сол кезеңде бірлесіп еңбек ететін көптеген жас мамандарды шақырып, қатарға тартумен жалықпай айналысты. Иосиф Богданчиков, Саид Сейфуллин, Аркадий Кузнецов, Таисия Кошкина, Үгедей (Сергей) Бөкейханов Қанекеңнің басшылығымен Жезқазған геология мектебінің негізін салуға мол үлестерін қосты. Бертінде бұл қатарды Василий Штифанов толықтырды. Сәтбаев үлкен ғылымның жолына түсіп, Алматыға аттанғанда мұндағы ісін жалғастыруды білікті геолог Василий Штифановқа сеніммен тапсырған болатын. Ғалымның ізін басқан шәкірті В.И.Штифанов 1941 жылдан бастап геологиялық барлау экспедициясын басқарды. Ол Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геологы, Сәтбаев және Жезқазған қалаларының Құрметті азаматы атанып, 2 мыңға жуық адамы бар үлкен экспедицияның геологиялық барлау жұмыстарын ойдағыдай ұйымдастыра білді. Осы қызметін 75 жасқа дейін абыроймен атқарып, 2000 жылы өмірден өтті. Бірнеше ғылыми мақалалар жазған Василий Ивановичтің Жезқазған қаласының мемлекеттік архивінде жеке қоры бар. Осы қордағы біраз істерден Қаныш Сәтбаевтың әр жылдарда Штифановқа жазған хаттарымен танысуға болады.
Қанекеңнің Василий Ивановичпен бірге Саид Нагимовичке (Сейфуллин), Иосиф Богданчиковке жазған хаттары да ұшырасады. Хаттарының көбінде кен аймақтарын барлауға байланысты нақты тұжырымдары мен ұсыныстарын үнемі жазып отырған. Сондай-ақ, бұл кісілердің сұраған өтініштеріне байланысты көмек жасалатынын да жеткізеді. Қаныш Имантайұлы Алматыда Ғылым Академиясын басқарып жүрген кезінде, не болмаса, орынсыз қудаланып Мәскеуге кетуге мәжбүр болғанның өзінде туған өлкесіне айналған Жезқазғанның жағдайын бір сәт те естен шығармағаны аңғарылады. Әрбір жазған хатында геолог барлаушылар ұжымына сәлем жолдайды. Мәселен, 1943 жылғы 17 мамырда жазған хатында Жезқазған аймағына 4 отряд жіберіп отырғанын айта келіп, оның бірі Шайтантас, Айыртау, Ешкіөлмес қойнауын барласа, екіншісі Мықтың сирек металдары мен Терісаққанның ультра негізді кен қалдықтарын, үшінші топ Тұзкөл мен Сумолдың гидрогеологиясымен айналыссын деп нақты бағыттарын айқындап тапсырғанын көреміз. Жалпы осы жерде айта кетуге болады, Қаныш ағаның Сарыарқаның металлогендік болжам картасы геология саласы үшін өмірлік құнын жоймас, мәні зор, айқын бағытты компас екені даусыз. Ғалым геолог сол кезеңде-ақ Керегетас пен Балбырауында темір кенінің қоры 200 млн. тоннадан асатынын, Жездіде 3,5 млн. тонна сапалы марганец, Қияқтыда 83 млн. тонна қоңыр көмір, Найзатаста 1,5 млн. тонна темір-марганец кені, Ақшоқы мен Шайтантаста алтын кенінің жүлгелері, Мықта молибден, Ұлытауда қалайы, Айыртауда хромит бар екенін дәлелдеген еді. Осы ауқымды зерттеулердің нәтижесінде металлогендік карта өмірге келгені анық. Сәтбаевтың болжамдарында Жезқазғанның оңтүстік батысында газ бен мұнайдың қоры бар екені де көрсетілген. Құмкөл мұнай кен орнының ашылуы осының дәлелі деуге болады. Атасу темір-марганец кендерін игерудің негізінде Қарағандыда қара металлургия өнеркәсібін дамыту туралы сонау 1929 жылдың өзінде мәселе көтерген екен. Қаныш Имантайұлы 1935 жылы жазған «Қазақстан мысы» деген мақаласында Жезқазған, Қоңырат кен орындарымен қатар Бозшакөл және Алтай кен көздері тобы туралы да айтады. Осының айқын дәлеліндей, «Қазақмыс» компаниясы Бозшакөлде қуатты мыс комбинатын іске қосқаны белгілі.
Енді В. И. Штифановтың архив қорындағы кейбір құжаттардағы жайларға оралайық. Ұлы ғалым туралы шағын естелікті шәкірті 1988 жылы 15 қаңтарда жазып, хаттарымен бірге архив қорына өткізіпті. Василий Иванович бұл естелігінде былай деп жазады: «Қ.И.Сәтбаев 1951 жылы Қазақ КСР ҒА президенттігі қызметінен босатылды. Жаздың соңына қарай ол Жезқазған кентіне келіп, біздің үйге тоқтады. Вокзалда оны мен ғана қарсы алдым. Бір-екі күннен кейін ол геологиялық барлау партиясының жаңа «Газ-63» машинасымен Жезқазған – Ұлытау аймағының кен бағыттарын аралауға шықты. Қ. И. Сәтбаев ара-тұра Жезқазған руднигіне оралып, дала қойнауында жазғандарын өңдеп, бірер күн демалып қайтадан жолға шығып жүрді. Ол осы сапарында тек біздің аймақты аралаумен шектелген жоқ, Атбасар, Баянауыл, Жаңаарқа өңірлерінде және Қарағанды облысының көптеген аудандарында болды. Менің байқауымша, ол адамдармен бұрынғыша емен-жарқын сөйлесетін. Кемеңгер геологқа таныс қазақтар, барлау партиясындағы бұрғылаушы орыс мастерлері де бұрынғыша жақсы ілтипаттарын білдірумен болды. Бұл адамдарды ол менің пәтерімде қабылдап жүрді. Ал, көптеген инженер-техник қызметкерлерінің одан сырттаңқырап жүргені байқалды.
Күзде Қ. И. Сәтбаев Алматыға қайтты. Оны вокзалда жалғыз өзім шығарып салдым. Еріксіз өткен кезеңдер ойға оралды. Қаныш Имантайұлын бұрын танысы бар, таныс емесі бар, топталып шығарып салушы едік. Сол жылғы желтоқсанның 27-28 болуы керек, Қаныш Имантайұлы маған телефон соғып: «Таисия Алексеевна екеумізбен бірге Кисловодскіге демалуға барсаңдар, жоғарыдағыларға жақпай қалам ба деп қорықпайсың ба?» деп сұрады. Мен бірден Зоя Ивановна екеуміз қашан келуіміз керек деп сұрадым. Желтоқсан айы біздің өңірде нағыз аязды қыс болып тұрды. Мен Қаныш Имантайұлы жазда даланы аралаған машинамен 375 шақырым Жосалыға қарай жолға шықтым. Елсіз даламен әйтеуір аман-есен жеттік. Зоя Ивановна екеуміз Москваға тура 31 желтоқсан күні келдік. Қаныш Имантайұлы пойыздан қарсы алып, «Москва» қонақүйіне орналастырды. 1952 жылдың Жаңа жыл кешін олармен бірге үйлерінде қарсы алдық. Академик Ә. Х. Марғұлан және тағы біреулер бірге болған еді, ұмытып қалыппын… Келесі күні пойызбен Кисловодскіге жүріп кеттік. Бұрын да талай рет тоқтаған А. М. Горький атындағы ғалымдар санаторийінде демалдық. Қаныш Имантайұлын бұл жерде жақсы таниды.
Алғашқы күні сейілдеп жүргенімізде Қаныш Имантайұлы Қазақстан КП Орталық комитеті өзімен қатар жұмысынан босатқан Ілияс Омаровпен кездесуді ұсынды. Ол «Октябрьдің 12 жылдығы» санаторийінде, кіреберіс орны бар тәуір бөлмеде демалып жатыр екен. Екеуі бастарына тап келген жағдайлар туралы әңгіме өрбітті. Мен терезенің алдында, орындықтарда үйме-жүйме болып тұрған кітап-журналдарды ақтарумен болдым. Философиялық, классикалық көптеген әдебиеттер бар екен. Ілияс Омарұлы сол кезеңде ұйқысыздыққа шалдығып, тәулігіне 2-3 сағат ғана ұйықтап жүргенін айтты. Үнемі кітап оқумен уақытын өткізіп жүрсе керек. Содан әр күн сайын кездесіп сейілдеп жүрдік. Кейбір іштарлықпен көреалмаушылар «Қазақстаннан қуылған екеуі Кисловодскіде бас сауғалап жүр» деп өсек таратқаны да Қаныш Имантайұлы мен Ілияс Омарұлына жетіп жатады екен. Бірде Сәтбаев маған Республикалық партия активінде әділетсіздіктің асқынғаны сонша, қорқынышты жағдай туындағанын, ол сол жерден Сталин жолдасқа жеделхат салуға мәжбүр болғанын айтқаны бар. Сталин Шаяхметовке: «Сәтбаев жұмысынан алынбасын, партиядан шығарылмасын» деп жауап жолдапты. Бірақ Шаяхметов бұл пәрменді орындамады дейді. Біз Зоя Ивановна екеуміз 1952 жылдың қаңтарының аяғына қарай Жезқазғанға қайтқанымызда Қаныш Имантайұлы санаторийде екінші маусымға қалды. Содан ол Москваға оралып, Шаяхметовтің Жоғарғы Кеңестің сессиясына келуін күтеді. Шаяхметовпен 1952 жылдың 14 наурызында кездескен соң Сәтбаевтың одан әрі Қазақ КСР Геологиялық ғылыми институтының директоры қызметіне тағайындалуы туралы мәселе шешіледі. Медеу Сәрсекеевтің кітабында жазылғандай, ғалымның Москвадан оралуына және жұмысына қатысты шараларға Брежневтің де, Қонаевтың да қатысы болған жоқ», – деп жазыпты В. Штифанов естелігінде. Бұл енді ол кісінің өз пайымы ғой. Негізінде, екеуара жазысқан хаттардың сарынына қарағанда ұстазы мен шәкірті отбасылық жағдайда да жиі аралас болғаны байқалады. Қанекеңнің жұбайы Таисия Алексеевна да бұлардың есен-саулығын біліп, хат жазып тұрған. Қаныш ағамыздың хатында да Штифановтың үй-ішін, балаларын аса жылы ілтипатпен сұрастырып отыратынын көруге болады.
Медеу Сәрсекеевтің 1988 жылғы «Сәтбаев» деген кітабының «Тайғақ кешуде» деген бөлімінде: «Бұл шырғалаң кейбір тарихшылардың өткен ғасыр оқиғаларының қайсыбірін сипаттап жазуда жіберген елеулі қателіктерін сынаған газет мақаласынан басталған-ды… Ғылыми советте талқылап, қателікке жол берген қызметкерлерге жаза қолданып, «Қазақ ССР тарихының» сыналған тарауын қайта жазып шықса — тарих ғылымының ешқандай теріс жолға бұрылмасы, соған жауапты ғалымдардың да «бір тал шашы түспек түгілі қисаймасы» анық. Бірақ, амал қанша, тарих институтының шағын коллективі бірнеше жыл дайындаған ғылыми еңбектің олқылықтарынан қоғамға жат, теріс пиғыл іздеген адамдар табылды. Ол ол ма, бұл айтыс іле-шала әдебиет оқулықтарынан, ақын-жазушылардың жекелеген әдеби туындыларынан да «ұлтшылдық сарын» іздеген науқанға айналды» деп жазады. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың, көрнекі филологтар Қажым Жұмалиев пен Есмағамбет Ысмайыловтың, композитор Ахмет Жұбановтың жапа шегіп, қуғындалуға ұшырайтыны да осы тұс еді. Сөйтіп қырық тоғыздың соңында, елуінші жылдардың басында белең алған осы қоғамдық-саяси ахуалдың салдары 200-ге жуық ғылыми қызметкерді кінәлап жұмыстан шығару мәселесін алға қояды. Тарихи шындықты өткен кезеңнің басты оқиғалары ретінде дәлелді жазған қазақ зиялыларын қуғындауды Қанекең қоштамайды, оларды қорғайды. Осылайша өз басына қара бұлт үйіріледі. Бір-бірін түртпектемесе көңілі көншімейтін қайран қазақ тоғышарларға жел беріп, Сәтбаевтың мұғалімдер семинариясында Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сынды қайраткерлермен бірге оқығанын, Шәкәрім Құдайбердіұлымен байланыста болып, шығармаларын жоғары бағалағанын, «Алаш» қозғалысында болғандардың іс-әрекетіне қолдау білдіргенін көңірсітіп, әңгімені қоюлата түседі. Көне заман эпосы «Едігені» Қанекең ел аузынан жазып алып, 1927 жылы жариялаған болатын. Реакционерлік мәні бар шығарманы жариялауы да саяси қателікке жатқызылады. Семей архивінен әлдебір жастар үйірмесінің тізімі табылып, онда ұлтшылдарға тілеулес болыпты деген сияқты небір жалалар ұлғая береді. Академия құрамындағы ғылыми институттар бәлен рет тексеріледі. Сөйтіп, ұлт жанашыры болып жүрген адамның жүйкесіне айтарлықтай салмақ түсірген бұл әділетсіздік Сәтбаевтың Ғылым академиясының президенттігінен кетуіне мәжбүр етеді.
Халқымыздың асыл перзенті соғыс жылдарының өзінде Мәскеуден талай оқымыстыларды алдырып, қазақ елінің игілігі үшін еңбек етуге жұмылдырған болатын. Әуелде КСРО Ғылым академиясының филиалы ретінде ашылған мекеме 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы болып жеке отау шыққаны белгілі. Сәтбаев кеткен соң ғылым ордасына шамалы уақыт Дінмұхамед Қонаев, одан кейін атақты энергетик Шапық Шөкин басшылық жасады. Қаныш ағамыз өз ұлтын, халқын сүйгені үшін қудаланды. Ол негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар халқымыздың тарихын, әдебиетін, этнографиясын, музыкасы мен өнерін жинақтап, дамытуға да зор үлесін қосты. Әділдік жылдар өте келе қалпына келді.
Кемеңгер тұлға ғылымдағы даралығымен, биік парасаттылығымен басқалардан оқ бойы озық тұратындығын іс жүзінде көрсете білді. Соңынан ит айтақтаған күншілдер мен арызқойлар ұлы ғалымды еріксіз мойындап, үндері өшті. Қаныш Имантайұлы 1955 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып қайта сайланып, өмірінің соңына дейін осы қызметті абыроймен атқарды. «Халқым менен де биік» дейтін алып тұлға 640-тан аса ғылыми еңбек жазып, геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты атанды, қазақстандық металлогения ғылымының негізін қалады. Үлкен жүректі адамның ғылымдағы биік шыңын халқымыз, әсіресе жезқазғандықтар ерекше сезіммен әрқашан мақтан тұтады.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.