Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен Жезқазған қаласының бас жоспарын іске асыру барысы туралы жиын өтті.
Қазіргі қолданыстағы басты құжат 117 мың тұрғынға шақталған болса, бас жоспар 145 мың тұрғынға жоспарланып отыр. Екі кезеңде іске асырылатын басты құжатта әлеуметтік-экономикалық даму тетіктері және ғылым мен білімді жетілдіру жолдары нақтыланған.
Қала халқының ұсыныс-тілегін ескере отырып жасалған жоба алдағы 15 жылды қамтиды.
– Жезқазған қаласы әкімдігінің жер көлемі шамамен – 58 067 га, қаланың перспективалық ауданы – 6 211 га. Бас жоспар бойынша, қаланы Кеңгір ауылы бағытында абаттандыру жоспарланғандықтан, алдағы уақытта Кеңгір ауылдық округіне қарасты 722 гектар жер қажет. Жалпы, 2037 жылға дейін тұрғын үй аймағын дамыту үшін қалаға Жезқазғанның батыс бөлігінде Кеңгірге қарай орналасқан 700 гектарға жуық аумақты игеру қажет, – деді қала басшысы Қайрат Шайжанов.
Сонымен, бірінші кезең бойынша: 2030 жылға дейінгі қаланың батыс аймағының 44 га жерін игеру жоспарлануда.Бұл жер телімінде 88 нысанның құрылысы жоспарланған. Жалпы ауданы 982,6 мың шаршы метр көпқабатты тұрғын үйлер, 67 әлеуметтік-мәдени нысан,23 әкімшілік ғимарат салынады. 2 мектеп пен 3 балабақша, 2 аурухана, драма театры, 2 архив ғимараты бой көтереді. Биыл сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жобасы аяқталады. Жылумен жабдықтау желілерін салу жобасы 2025 жылға дейін созылады. Қала әкімдігінің қаулысымен бос жатқан жер телімдерінің тізімі бекітіліп, 41 учаскенің құжаттамасы әзірленді. Ертең аукцион болады.
2-кезең бойынша 22 көппәтерлі тұрғын үй кешені; 10 балабақша; 3 орта мектеп, 5 денсаулық сақтау нысаны 2 спорт нысаны, ойын-сауық орталығы салынады. Қаланы дамытудың бірінші кезеңін іске асырғаннан кейін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қатысты проблемалар туындайтын көрінеді. Аймақ басшысы мұның барлығын зерттеп,зерделеп, қадағалауды тапсырды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.