Ұлы Отан соғысында майданда қаза тапқан жезқазғандық жауынгерлерге арналған ескерткіш
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығына арналып, майдан даласында қаза тапқан жезқазғандық жауынгерлерді мәңгі есте қалдыру және кейінгі жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында 1965 жылы Жезқазған қаласындағы Гагарин көшесінің бойында орнатылған.
Авторлары; Л. Пак, Н. Андреев және сәулетші К. Тұрлыбаев.
Гвардияшы-жауынгерлерге арналған ескерткіш
Ел ішінде «Белгісіз солдат ескерткіші» деген атауды иеленген бұл ескерткіш Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында хабар- ошарсыз кеткен жезқазғандық жауынгерлерге арналып, Жезқазған қаласындағы Пушкин көшесінің бойына 1956 жылы орнатылған. Материалы – бетон мен гипс.
Авторлары: суретшілер Л. Пак және Н. Андреев, сәулетші К. Тұрлыбаев.
1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жезқазғандықтарға арналған монумент
Ұлы Отан соғысына қатысқан жезқазғандықтар құрметіне жеңістің 30 жылдығы көшесінің қапталындағы Кеңгір жасанды көлінің мүйісінде орнатылған монумент 1979 жылы 9 мамырда ашылған.
Жезқазған ауданының еңбекшілері Ұлы Отан соғысы майданының алғы шебінде жаумен айқаста ерлік көрсетті. Ұрыс даласынан 10 мыңнан астам жерлестеріміз оралған жоқ. Жезқазғандық төрт жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, екі жауынгер «Даңқ» орденінің толық кавалері болды.
Монументте халқына қорған болған батырлар рухын көкке шаншылған титан штык асқақтатып түр. Иығына винтовка асынған екі сарбаз айқас шебіне аттанып барады. Олардың образын жасауға сұңғатшылар «Даңқ» орденінің толық иегерлері Жақсымбет
Үншібаев, Виктор Курьятовтың бейнелерін сәтті пайдаланған. Ескерткіш Ұлы Отан соғысында шейіт болған боздақтар мен соғыстан аман келіп, Үлкен Жезқазғанның құрылысын аяқтаған аталарымызға арналған. Монумент орнатылған алаңда «Мәңгілік алау» жалындап тұр. Бұл жерді қала тұрғындары «Даңқ» алаңы деп сүйіспеншілікпен атайды.
Монументті жасауға титан, мыс, гранит, металл ұстындар пайдаланылған.
Авторлары: суретші Л. Пак, мүсінші Н. Андреев, сәулетші К. Тұрлыбаев.