«Па, шіркін, міне, біздің елдің жігіттері!» – деп мақтанатын күн қашан туады екен!? Кезінде Қазақстандағы ең атымтай, ең қонақжай, өзі жемей келгенге барын тосатын елдің бүгінгі азаматтары неге ұсақтанып кетті екен?
Баспасөз ақпараттарын қарап отырсақ Шымкент, Қызылорда, Алматы, Ақтөбеде жергілікті азаматтар жарыса отырып қалаларын абаттандыру жұмыстары мен әлеуметтік салаларға қолдау көрсетіп жатады. Қызылорда паркінде бір кәсіпкер демалыс саяжайын абаттандырыпты, бірі аттракцион салыпты. Ақтөбе мен Алматыда да сондай меценаттар жетіп артылады. Шымкент қаласының кәсіпкерлері қаладағы көптеген сквер мен бульварларды күтіп ұстауды қолға алған. Енді сол шырайлы Шымкенттің бір азаматы біздің қаланың әдемі атауын тамаша етіп жасап беріп, кешегі күні салтанатты түрде қалаға табыстады. Қандай тамаша! Ол жігітке елден мың алғыс айта отырып, біздің қалталы азаматтардың намысы бар ма деуге тура келеді!? Қаламызда кердең басып жүрген бай бағыландарының ішінде қалаға бір түп тал да екпегендері бар. Олар осындай игілікті істерге шақырылмайды емес, шақырылады. Бірақ неге екенін қайдам пайдасыз жерге аяқ баспайды ғой.
Мысалы былтыр қаламыздағы әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау аясында республикалық «Іскерлік және жаңашылдық» акциясы жүргізілді. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, барлық балалық шағын сол Жеңіс үшін сарп етіп еңбек еткен тыл ардагерлеріне қолдау көрсету шараларына қаламыздың аты шулы, қалталы кәсіпкерлерін атсалысуға арнайы хат жолдап шақырдық. Осыған бой көрсеткен төрт-ақ кәсіпкер болды. Атап айтқанда, «Волна» жеке кәсіпкерлік нысанның иесі А. Бойко, «Астана» сауда үйінің иесі Б. Мұқашев, «Ремстрой» ЖШС кәсіпорнының директоры Н. Растопов және «COFFE SSS» нысанының иесі Ж. Шубаева. Ал енді аттары жер жаратын «Самади», «Самға», «Алмас құрылыс» секілді қаламыздағы нысандардың қалталы кәсіпкерлері ешбір қайырымдылық жасауға жарамады. Ал енді кез келген марапаттар мен құрметтен олар кенжелеп жүрген жоқ. Себебі керек жерлерге көмек береді, қайырымдылық жасауға шамалары келмейді емес, келеді, бірақ елге деген жанашырлығы жоқ. Оған дәлел Шымкенттің «мың болғыр» кәсіпкерінің жұмысы. Бұл ащы болса да шындық болып тұр. Мен бұл мақаланы елдің барлық қалталы азаматтарына арнап отырмын.
Атымтай жомарт азаматтар елде жоқ емес, бар. Біз оларды ортаға тартуымыз керек, елге жанымыз бірге ашуымыз керек деген ой жалғыз мені ғана мазаламаған шығар. Қайырымдылықтың шеңбері кең. Біздегі қарттар үйінде жалғыз-жарым, үлкейгенде жетім болған көңілдері жабырқаулы жандар бар. Біз ардагерлер кеңесі екі рет барып концерттік бағдарламамен көңілдеріп көтеріп қайттық, оған қалалық мәдениет бөлімі мен филармония әртістеріне алғысымыз шексіз. Бірақ оларды тегіннен тегін шақыра беру де ұят. Ал енді бұндай шаруаға біздің кәсіпкерлер неге араласпайды!? Облыс орталығымыздағы жалғыз мешітіміздің түрі анау. Көптеген елді мекендерде мешіттің кіреберісі әдемі безендірілген. Арнайы жазуы бар әдемі аркасы бар. Ал бізде не есік жоқ, не дұрыс қоршауы жоқ. Мәйітханасының жағдайы адам жыларлық. Басқа ұлт өкілдерінде мәйітті басқа қалаға тасыйтын мұздатқышы бар арнайы көліктері де бар, ал бізде мәйітті ақтық сапарға салатын табыт та жоқ. Не бұл мешітке біздің бай бағландар бармай жүр ме?! Не олардың жақындары о дүниеге басқа жерден аттанып жатыр ма?
Бүгінгі таңдағы алға қойған мақсат, жаңа қоғам құрудың бірден бір жолы елді ұйыстыру, ынтымақ пен бірлікті арттыру. Ал ондай шаруаларға әрқашанда мұрындық болатын ізгілік пен қайырымдылық екені белгілі. Атам қазақ «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді.
Өркениетті елдерде меценаттық және волонтерлік қозғалыс сол елдің мәдениетімен бірге қалыптасқан құбылыс. Біз де әлемдегі алдыңғы қатарлы елдермен тереземіз тең болуымыз үшін экономикалық дамуымыз бен қатар рухани жоғарылауымыз керек. Ал қайырымдылық дегеніміз соның бір негізі.
Біле білсек, қайырымдылық деген мәдениеттілік пен парасаттылықтың төрі, адамгершілік пен имандылықтың шыңы екенін түсінейік, ағайын!
Мұрат Қазамбаев,
Жезқазған қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы.