«Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын». Кешегі тоқсаныншы жылдардың топалаңында тығырыққа тірелген елді жетектеп, қиындықтан алып шығуда жол таба білген жандардың бірі – Қажымұрат Нағыманов еді…
1993 жылды Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының жұртшылығы ешқашан ұмытпайды. Өйткені, осы жылы қанаттас жатқан қос қала жылусыз қалған еді. Араға жыл салып Қажымұрат Нағыманов әкім боп келіп, қаусаған құбырлар мен қираған жолдарды қысқа мерзімде қалпына келтірді. Өндіріс ошақтарымен берік байланыс орнап, айналасы екі жылдың ішінде күрмеуі қиын мәселелер шешімін тапты.
Қажекеңнің қажырлы еңбектері бір бұл емес. Ол тоқырау кезінде тұралап қалған шаруашылықтарды қатарға қайта қосып, өңір экономикасын өркендету жолында есе-
лі еңбек етті. Сол кезеңде қолға алынған ауыл шаруашылығы саласын жекешелендіру жұмыстарын да Жезқазған облысында жүйелі жүргізді. Мал-мүліктен шашау шығармай, ауылдағы ағайынға табысына қарай бөліп берді.
Міне, осындай елеулі еңбектерін кешегі Жезқазған, бүгінгі Ұлытау облысының жұртшылығы ұмытқан жоқ. Өткен аптада Қажымұрат Нағыманов қызмет еткен облыс әкімдігі ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Тақтаның ашылу салтанатында облыс әкімінің міндетін атқарушы Алмаз Ыдырысов Қажекеңнің өңірге сіңірген еңбегі жайлы қысқаша айтып өтті.
– Аз уақыттың ішінде өзінің білімімен, қайратты мінезімен, тапқырлығымен және батыл іс-әрекеттерімен елдің есінде сақталған кісі. Мемориалдық тақтаның ашылуы ол Ұлытау облысының халқы тарапынан осы кісіге деген құрмет белгісі деп санаймын, – деді Алмаз Серікболұлы өз сөзінде.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына облыс ардагерлері, қоғам өкілдері және Қажымұрат Нағымановтың әріптестері, отбасы мүшелері қатысты. Үзеңгілес достары іскер азаматтың жарқын бейнесін еске алды. Салтанатты жиында сөз алған мемлекет қайраткері Бөрібай Жексембин, Қ. Нағымановтың қарындасы Алма Нағыманова Жезқазған халқына шынайы алғыстарын білдірді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.