Ұлытау облысының аумақтық қорғаныс бригадасына Мемлекет басшысы атынан Жауынгерлік ту тапсырылды. Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Камалетдинов пен облыс әкімі Дастан Рыспеков және «Астана» өңірлік әскерлері қолбасшылығының қолбасшысы Ержан Ибраев арнайы қатысты.
Маңызды шара 99290 әскери бөлімі аумақтық қорғаныс бригадасының, жергілікті әскери басқару органдарының, полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің және жас сарбаз әскери патриоттық қозғалысының салтанатты шеруімен басталды.
Жауынгерлік ту – әскери бөлімнің қастерлі рәміздерінің бірі. Оны Президент атынан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Ұлытау облысының аумақтық қорғаныс бригадасына тапсырып, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың грамотасын оқып берді.
Ұлытау облысының аумақтық бригадасы 2022 жылдың тамыз айында құрылған. Олар халықты, объектілерді және мемлекеттің коммуникацияларды ықтимал әскери әрекеттерден немесе террористік қауіптерден қорғауға бағытталған.
Жауынгерлік ту бөлімде барлық уақытта сақталады. Әскери мекеменің алған ордендері осы туға тағылады. Жеке құрам Жауынгерлік туды күзетуге, ерлікпен қорғауға, ұрыс кезінде сақтап, жау қолына түсірмеуге міндетті. Облыстағы аумақтық қорғаныс бригадасы бұл үлкен абырой мен жауапкершілік екенін жеткізді.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.