Өткен аптада өңірімізге Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас БектеНов жұмыс сапарымен келіп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Бірқатар маңызды нысандарды аралап, алда тұрған ауқымды жоспарларды талқылады.
Шенді-шекпенділер келсе шаруамыз шешіліп қалатындай болып тұрады емес пе. Бұл жолы да солай. Басқа емес, Премьер-министрдің өзі келгенде қалай елеңдемей отырарсың. Үкімет басшысы не депті? Нендай жаңалық болады екен? Өңірді өрге сүйрейтіндей жақсылық айтылды ма? деп елеңдеп отыр қалың оқырман. Ендеше, елдің тағатын тауыспай, бар білгенімізді шама-шарқымызша баяндап берейік.
«Жошы хан» кешенінде
Бұған дейін де өңірімізге келген ұлықтардың бәрі әуелі Ұлытауға атбасын бұрмай, ондағы ұлы тұлғаларға тәу етпей кеткен емес. Бұл жолы да солай болды. Премьер-министр өзінің өңірге жұмыс сапарын «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінен бастады.
Оған негіз де жоқ емес. Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толды. Осынау айтулы датаға орай елдің әр аймағында танымдық-тағылымдық шаралар, конференциялар мен жиындар өтуде. Оған еліміздің тарихшыларынан бөлек, таяу һәм шалғай шет елдерден де оқымысты ғалымдар келіп, қатысуда. Осындай іс-шара ілегі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы салынған «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін айналып өтіп жатқан жоқ. Кешен бүгінде тарихшылар мен туристер легі толастамайтын орынға айналған. Мамандардың айтуларынша, нысан ашылғалы бері еліміздің өңірлерінен, алыс және жақын шетелдерден 35 мыңнан астам турист келген.
Өңірімізге келген Үкімет басшысы Олжас Бектенов кесене маңында орналасқан тарихи-мәдени кешеннің жай-күйімен танысып, Жошы хан ескерткішін тамашалап, шатырлы қалашық пен туристерге арналған қонақ үйді аралап көрді.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттігі тарихында маңызды орын алатынын атап өтті. Кешеннің маңыздылығын ескере отырып инфрақұрылымды одан әрі дамыту және туристік әлеуетті жақсарту үшін барлық шараларды қабылдау қажет, – деп атап өтті Олжас Бектенов кешен басындағы кездесуде сөйлеген сөзінде.
«Жыланды» кенішінде
Жыл сайын, тамыздың соңғы жексенбісінде атап өтілетін Шахтер күні биыл өңірімізде ерекше жағдайда басталды. Аймағымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Олжас Бектенов «Жыланды» кенішіне арнайы атбасын бұрып, кеншілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапттар табыс етті.
– Кеншілердің қажырлы еңбегі қашанда зор құрметке лайық. Өйткені, олар жұмыстың ауырлығына, қауіптілігіне қарамай ел экономикасын өркендетуге үлес қосып, Отанымыздың игілігіне қызмет етіп келеді. Бүгінде Қазақстан елді индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру саясатын белсенді түрде жалғастыруда. Бұл орайда өңдеу өнеркәсібіне қажетті кен өндіру саласының дамуы Үкіметтің ұдайы назарында. Осы мереке қарсаңында Мемлекет басшысы еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан бірқатар кеншілерді, кен байытушыларды, еңбек ардагерлерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Біз егемендікке қол жеткіздік, экономикасы қуатты мемлекет ретінде әлемге танылдық. Қаншама тарихи-тағдырлы жеңістердің куәсі болдық. Бұл ретте кәсіби біліктілік пен мол тәжірибесін еліміздің игілігіне арнап келе жатқан сіздердің еңбектеріңіз де ерекше, – деді Олжас Бектенов салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.
Бұдан соң Премьер-министр еңбегімен еленген бірқатар кеншілерге мемлекеттік наградаларды табыс етті. Атап айтар болсақ, «Құрмет» орденімен «Жезқазған проходкалу тресі» ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымының төрағасы Дәулет Айқымбаев марапатталса, ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені тау-кен жұмысшысы Әлиасқар Аймановқа, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені учаске шеберлері Қанат Исабек пен Бауыржан Қопабаевқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі бұрғылаушының көмекшісі Данияр Аккикеловке, оператор Раушан Қалмырзинаға, үңгілеуші Бекмұхан Қалдаровқа, учаске бастығының орынбасары Ақбейсен Қайырбековке, бұрғылаушы Кентай Оразбековке, машинист Бейсен Әбілмажинге, жетекші механик Борис Поликарповқа және Жезқазған байыту фабрикасының өндіріс директоры Арыстанбек Әбдіқайыровқа табысталды.
Салтанатты жиыннан соң Премьер-министр «Жыланды» кенішінің жұмыс барысымен, алда тұрған жоспарларымен танысты.
– Қазіргі таңда біз 2 млн. 500 тонна өнім өндіруге жұмыс істеп жатырмыз. Келесі жылы бұл көрсеткіш 2 млн. 700 тонна болады. Жаңа кеніш болғандықтан мұнда жаңа шахталар ашылып, жаңа кен орындары игеріліп, соған сәйкес жұмыс көлемі де көбейіп, өнім өндіру жоспары да жыл сайын осылай артып отырады. Негізі, «Жыланды» кенішінің құрамында 5 шахта болады. 2036 жылы 6 млн 800 тонна кен өндіру жоспарлануда. 2027 жылдан бастап кеніште кеншілер саны көбейіп, 2200 адамға дейін барады. Бүгінгі күні кеніште 900 кенші тер төгіп жүр, – дейді «Жыланды» кенішінің директоры Нұрболат Байсадықов.
Орайы келгенде айта кетейік, өңіріміз өндіріс саласында еліміз бойынша төртінші орында тұр. Өнеркәсіптің өткен жылғы көрсеткіштерімен салыстырғанда 7 пайыз өсім байқалады. Премьер-министр осы қарқынды төмендетпеуді тапсырды. Өндірісті одан әрі дамыту үшін қолда бар резервтерге назар аударды.
Жылыту маусымына дайындық қалай?
Олжас Бектенов өзінің жұмыс сапары барысында өңірдің коммуналдық-энергетикалық секторы нысандарына барып, инфрақұрылымды жаңғырту қарқынымен танысты. Осы мақсатта Премьер атбасын әуелі кеншілер қаласындағы жылу беру қазандықтарына бұрды.
Орайы келгенде айта кетейік, Сәтбаев қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны үшін № 1 және № 2 жылу стансалары жылу және ыстық су беру көзі болып саналады. Премьер-министрге қазіргі уақытта № 1 жылу стансасында күрделі жөндеу және 4 қазандыққа, сондай-ақ газ құбырларына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.
– № 1 жылу беру станциясында 4 қазандық бар. Сағатына 225 Гкалория жылу беріледі. Қаланың жылу қуатына сұранысы сағатына 243 Гкал. Жетімсіз жылу қуаты № 2 жылу беру станциясынан алынады. Ол үшін арнайы желі тартылған.
Қазір станцияларда жөндеу-жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. 2 қазандық күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал, екі қазандыққа кеңейтілген ағымдық жөндеу жүргізілуде. 1 млрд. 300 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде 500 млн. теңге Акционерлік ақша, бөлек бөлінген. Жөндеу жұмыстарын аяқтау мерзімі 15 қыркүйек деп жоспарланған. Қазір жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр, – дейді «Kazakhmys Distribution» ЖШС техникалық директоры Әшім Исанов.
Премьер-министр бұдан соң Жезқазған жылу-энергетика орталығына келді. Мұнда да жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 13,5 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі таңда № 5 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жасалып, жұмыстың 60 %-ы орындалды, сондай-ақ, № 7 қазандыққа кеңейтілген ағымдағы жөндеу жоспарлануда. Қазандық агрегаты мен турбоагрегаттарға жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң, тозу көрсеткіші 84 %-дан 63 %-ға дейін төмендеді. № 8 қазандықты жаңғырту 70 %-ға орындалды.
Олжас Бектенов өңір басшылығына, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясына жұмыс қарқынын арттыруды, алдағы қысқа дайындықты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Өндірістің өрісімен танысты
Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Ұлытау облысының тау-кен металлургия өндірісі кешенінің жұмыс барысымен де етене танысты. Осы мақсатта Жезқазған байыту фабрикасы мен гидро-металлургия зауытында болды.
Осы жерде Премьер-министр «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің компанияның ағымдағы қызметі, инвестициялық бағдарламалары, даму жоспарлары, әлеуметтік жобалары мен ел ішіндегі құндылықты дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады.
Биылғы 6 айда Корпорация Ұлытау облысындағы жеткізушілерден 92,7 млрд теңгеге тауарлар, жұмыстар мен қызметтер (ТЖҚ) сатып алды, өңірдегі өндірушілерден ТЖҚ сатып алу үлесі 35,5 %-ды құрады. Жергілікті кәсіпорындармен 27,8 млрд теңгеге офтейк келісімшарттар жасалды. «Қазақмыс» ішкі құндылығының жалпы үлесі биыл 71,7 %-ды құрады. Республикалық және жергілікті бюджетке түсетін түсімдер бірнеше есеге өсті.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің тау-кен металлургия кешенін дамытудың маңызды екенін баса айтты. Жекеменшік кәсіпорындарды геологиялық барлауға инвестиция салуға ынталандыру – басым міндеттер қатарында. Өңдеу өнеркәсіптерін шикізатпен қамтамасыз ету көлемін ұлғайту үшін барлық күш-жігерді жұмсауымыз қажет. Біздің алдымызда жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамтуды арттыру және экспортты дамыту арқылы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр. Саланы одан әрі дамыту біздің өндірушілердің жаһандық трендтер ұсынып отырған технологиялық өзгерістерге тез бейімделе алуы мен мүмкіндікті барынша пайдалана алуына тікелей байланысты, – деген Олжас Бектенов бұл бағытта мемлекеттік органдар мен бизнес үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін баса айтты.
Әлеуметтік нысандарды аралады
Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй мен коммуналдық желілер салу, сондай-ақ, алдағы оқу жылына білім беру нысандарын дайындау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Жезқазғанда жаңа аудан мен инженерлік коммуникациялардың құрылысы жүргізіліп жатқан аумақ, сондай-ақ, облысты сумен қамтамасыз ету жағдайы мен жоспарлары туралы баяндалды. Бұған қоса, Үкімет басшысы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының оқушыларына арналған жатақханаға барып, білім беру инфрақұрылымының дамуымен танысты.
Мұнда жұмыстар толығымен аяқталып, 1 қыркүйекте балаларды қабылдау және орналастыру жұмыстары басталады. 3 қабатты жаңа ғимарат 200 балаға арналған. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін асүйлер, тұрмыстық бөлмелер, құрал-жабдықтар қоятын және кір жуатын бөлмелер, оқу бөлмесі қарастырылған.
Премьер-министр Абай атындағы мектеп-гимназия шалғай аудандар мен ауылдардың балалары тікелей қалада білім алатын санаулы орта білім беру мекемелерінің бірі екенін баса айтты.
Жалпы, Үкімет білім сапасын арттыруға, оның ішінде инфрақұрылымды дамытуға үлкен көңіл бөліп келеді. Мәселен, биыл Жезқазғанда 300 орындық «Жайлы мектеп» құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бірқатар мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Жезқазғанда облыс орталығын дамытудың бекітілген бас жоспары аясында қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезеңге сәйкес, 2030 жылға дейін Жезқазғанның Батыс ауданының 44 гектарын игеру көзделген. Қала әкімі Қайрат Шайжанов жалпы ауданы 982,6 мың шаршы метр 88 көпқабатты тұрғын үй және 67 әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық нысан, оның ішінде мектептер, балабақшалар, драма театры, техникалық ЖОО, медицина мекемелері, оқушылар сарайы және басқа да әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отырғанын баяндады. Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша облыста пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 34,5 мың шаршы метр болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4,8 %-ға артық. Бүгінгі таңда 360 отбасы пәтерлермен қамтамасыз етілген. Олардың 240-ы халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына жалға беріледі.
Премьер-министр Жезқазғанның Бас жоспарын іске асыру аясында Үкімет магистральдық жылу, су құбыры және кәріз желілерін салуға 4,8 млрд теңге бөлгенін атап өтті. Жалпы ұзындығы 10,5 км коммуникациялардың бір бөлігі осы жылдың соңына дейін толық салынатын болады, жылу желілерін салу жобасы 2025 жылы да жалғасады. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы меморандум аясында биыл қаланың кәріз тазарту құрылыстарын реконструкциялау жобасы әзірленді, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Жезқазған халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Қаланы сумен жабдықтау көздері – Кеңгір су қоймасы және Үйтас-Айдос жерасты су қабылдағышы, ол 70 пайызға тозған. Аталған мәселені шешу мақсатында облыста шаруашылық ауызсу тазарту құрылыстарын және II көтергіш сорғы стансасын қайта жаңарту жобалары іске асырылуда. Жұмыстарды 2025 жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Жобаны іске асыру нәтижесінде 89,2 мыңға жуық тұрғынға сапалы ауызсу қолжетімді болады. Сондай-ақ, Сәтбаев және Жезқазған қалаларының, сонымен қатар жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын шаруашылық ауызсумен қамтамасыз ететін Есқұла су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Олжас Бектенов аталған жобаларды іске асырудың басымдығын атап өтті. Су ресурстары және ирригация, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне жұмыстарды уақтылы аяқтау үшін қажетті қаражаттың бөлінуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Үкімет басшысы сапар барысында қаланың батыс ауданында бой көтеріп жатқан шағынауданның да жай-жапсарымен танысты.
«Жезқазған – Қызылорда» – Үкімет назарында
Жыры таусылмайтын жол мәселесі де жұртты мезі еткені жасырын емес. Оның ішінде – «Жезқазған – Қызылорда» жолы. Үкімет басшысы да осы күрежолдың құрылысына әзірлік барысымен танысты. Аталған жолды қалпына келтіру бірқатар өңірдің, оның ішінде Ұлытау облысының дамуына серпін беретіні тілге тиек етілді.
Жауапты тұлғалар Премьер-министрге бүгінде «Жезқазған – Қызылорда» жобасы (208 км) бойынша 4 мердігер ұйым анықталғанын баяндады. Олармен келісімшартқа қол қойылған. Ұлытау облысы бойынша жұмыс құны – 108,6 млрд. теңге.
Биыл жол құрылысына жер бөлу, құнарлы топырақ қабатын алу, вахталық қалашықтар салу және карьерлерді ресімдеу, сондай-ақ, жол-құрылыс материалдарын дайындау жоспарлануда.
Премьер-министр «Жезқазған – Қызылорда» автожолының стратегиялық маңызы бар екеніне тоқталды. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға, сол арқылы облыс экономикасының дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді. Көлік министрлігіне жұмыстың уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін мәселені ерекше бақылауға алу тапсырылды.
Сондай-ақ, автожолды реконструкциялау кезінде мердігер ұйымдардың Ұлытау облысында тұратын мамандарды, сондай-ақ қажетті құзырет пен жоғары беделге ие компанияларды тартуына назар аударылды. Жұмыс барысында отандық құрылыс материалдары пайдаланылуы тиіс.
Үкімет басшысы автожолды реконструкциялау жұмыстарын жүргізуде жол қауіпсіздігін сақтау қажеттігіне ерекше тоқталды.
Орай келгенде айта кетейік, өңірдегі жергілікті маңызы бар жолдарда құрылыс жұмыстары қатар жүргізілуде. 2023 жылы облыста жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын 170 шақырымнан астам жол реконструкцияланды және жөнделді. Биыл жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асатын, ұзындығы 196 шақырым жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Хооош. Сонымен, өңірімізге Қазақстан Республикасының Премьер–министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен келіп кетті. Біраз мәселені көзімен көрді. Біраз жайға қатысты ойын айтып, тапсырмалар жүктеді. Басқа басқа, Премьердің тапсырмасы аяқсыз қалмауы керек. Әсіресе, жол, су, жылу беру саласына қатысты жұмыстар енді ширайтын шығар. Бұл сапар өңірдің өрісіне серпін береді деген елдің үміті зор.
Ізтай Белгібайұлы.