«Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ұлытау облыстық филиалы 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні игілікті шараларға арқау болды.
Филиалдың атқарушы хатшысы Асқар Нұржанов партияның стратегиялық бағытына сай Жезқазған қаласындағы Мәруа Құлышева атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді құттықтап, мерекелік сый-сияпат тапсырды.
– Әлем – балалармен шырайлы, балалармен бақытты. Біздің бауыр еті балаларымыздың бақытты шақтарын қызықты да шаттықты өткізулеріне барлық мүмкіндікті жасауға ықпал етуіміз керек. «Amanat» партиясының тұғырнамасында бекітілген бақытты балалар қағидатын жүзеге асыруда өз тарапымыздан балақайларды қолдауға дайынбыз. Болашақ иелерінің алдағы өмірлері мұңсыз өтіп, қуанышқа кенеле берсін, – деді атқарушы хатшы.
Сонымен қатар, Асқар Сембіғалиұлы қалада жаңадан ашылған мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына келуші балақайларға арнап «Ұлытау» қоғамдық қорына 500 мың теңге табыс етті. Бұл қаражат балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.