Зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында денсаулығын жоғалтқан қызметкерлердің мәселелерін шешу үшін Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы кәсіподақтар бір мүддеге жұмылуға шешім қабылдады.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мүгедектері мен денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз деп табылған еңбеккерлерді қолдау мақсатында Қарағанды облысының Кәсіподақтар үйінде «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржановтың, «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаевтың қатысуымен кездесу өтті. Сондай-ақ, кездесуге Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев қатысты.
Кездесуді ҚР Кәсіподақтар федерациясы Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков жүргізді.
Жиында Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Шахтинск, Саран, Абай қалаларынан келген мүгедектер мен денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз азаматтар, аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің: Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының, Қарағанды кәсіподақтар одағының және еркін кәсіподақтар Достастығының, «Қазақкөмір» көмір өндірушілерінің салалық кәсіподақтарының және тау-кен кәсіпорындарының басшылары қатысты
Уәлихан Нұржанов өндірісте еңбек ету қабілетінен айырылған еңбеккерлер арасында туындайтын бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Кәсіподақ ұйымы тарапынан проблемаға деген көзқарасты белгілеп, мәселені заңнамалық деңгейде шешудің нақты тетіктерін ұсынды.
Пікір алмасуға «Уақыт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наиль Юсупов, «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еділ Бадағұлов белсенді қатысты. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбек етіп, бүгінде еңбекке қабілетсіз деп танылған Нариман Серіков 2015 жылға дейін мүгедектер мен денсаулығынан зиян шеккендерді әлеуметтік қолдау айтарлықтай болғанын алға тартты. Алайда, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексіне 2015 жылдың 27 сәуірінде 944-баптың 1-тармағына түзету енгізіле отырып, зейнеткерлік жасқа толған кезде өндірісте еңбек ету қабілетінен айрылу бойынша барлық сақтандыру төлемдері тоқтатылды, бұл барлық денсаулығына зиян келген азаматтар мен олардың отбастарына моральдық және материалдық залал келтірді.
Сондай-ақ, мүгедектер мен денсаулығына зиян келген азаматтарға қажетті сауықтыру бойынша медициналық қызметтердің сапасы жөнінде мәселелер қаралды. Мәселен, «Қарағанды қаласының медициналық университеті» КЕАҚ кәсіптік Денсаулық клиникасының өкілі Ертай Отаров кездесуге қатысушыларды көрсетілетін қызметтер мен кәсіптік ауруларды зерттеу көлемдерінің қысқаруы, қызметкерлер санының 430-дан 125 адамға дейін азаюы туралы хабардар етті. Соңғы жылдары әлеуметтік әріптестік, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Кәсіптік аурулар гигиенасының ұлттық орталығы» клиникасының мәртебесін қайтару қажеттілігі туралы шешімін қолдады.
Денсаулығынан зиян шеккендер мен мүгедектердің барлық өзекті мәселелерін талқылау барысында Болат Жұмабеков, Марат Миргаязов, Сергей Белкин, Евгений Буслаев сөз сөйледі, олар тек бірлік пен ынтымақтастықта ғана құқықтық тұрғыда зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында денсаулығын жоғалтқан қызметкерлердің өзекті мәселелерін шешу және одан әрі көтеру қажет екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстарды егжей-тегжейлі дайындау мақсатында жиналысқа қатысушылар осы мәселелерді еліміздің Парламенті мен Үкіметі деңгейінде нақты шешу үшін қоғамдық бірлестіктер мен кәсіподақ ұйымдары өкілдерінен бірлесіп ілгерілету жөнінде бастамашыл топ құру туралы шешім қабылдады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.