Өндіріс алаңында үнсіз ғана жүріп, алып кешеннің жүрегін соқтырып тұрған адамдар бар. Олардың қолынан өткен бір ғана сым, тексерілген бір ғана тетік – үлкен жүйенің кідірмей жұмыс істеуінің кепілі. Сол жүктің салмағын күн сайын арқалап жүрген жандардың бірі – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Энергия цехының тәжірибелі электромонтері Ерлан Әбілов.
Ерлан Сәттібайұлы 1980 жылы Жаңаарқа топырағында дүниеге келіп, екі жасында отбасымен Жәйремге қоныс аударады. Әкесі – комбинаттың жүргізушісі, анасы – балабақша тәрбиешісі. Еңбекқорлық пен жауапкершілікті ата-анасының өнегесінен бойына сіңірген Ерлан сол шағын шаңырақтың ақ тілеуіне қанат бітіріп, бүгінгі күні солардың жанында тұрып, ата-анасын бағып отыр.
Мектеп бітіргеннен кейін таңдауын техникалық салаға бұрып, кәсіптік училищеде «Электрик» мамандығын меңгерді. 1998 жылы электр бақылаушы болып бастаған еңбек жолы 2001 жылы «Үшқатын» кенішіне электромонтер болып жалғасты. Ал 2003 жылы комбинат қолдауымен біліктілігін көтеріп, «Электр механигі» мамандығын игеруі – оның кәсіби жолындағы жаңа белес болды.
Электр жүйесін жөндеу – тек қол еңбегі емес, сергектік пен дәлдікті талап ететін сала. Ерлан үшін бұл тек қызмет емес, өмірлік дағды. Күрделі электр қондырғыларын баптау, ақауды анықтау, апаттық жағдайда жедел шешім қабылдау – ол үшін үйреншікті жұмыс. Оның қолынан өткен әрбір кабель, әрбір тетік – үлкен жүйенің қауіпсіздігі.
Әріптестері Ерланның ең басты ерекшелігі ретінде ұқыптылықты, тиянақтылықты, қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтайтындығын атап өтеді. Оны «өз ісінің білгірі» деп те дәріптейді
2007 жылы шаңырақ құрған Ерлан мен оның жары Бұлбұл – көп балалы отбасының иелері. Бұлбұл Әбдіғалиқызы – «Балдырған» балабақшасының білікті тәрбиешісі. Жеті жұртты тамсандырған өнер – осы отбасына да дарыған. Еркеназы мен Айзересі әнге құмар, Аяласы – би өнерінің шеберіне айналып келеді. Ал Ерғұлан – Ә.Молдағұлова атындағы спорт мектебінің болашағынан үміт күттіретін спортшысы.
Шаңырақтың шуағы – бірлік пен еңбек. Олардың өмірін қарап отырып, «тәрбие – отбасынан басталады» деген сөздің ақиқаттығына көз жеткізесің.
Ерланның бір қыры – өнерге жақындығы. Кенттегі ән байқауларында топ жарып, кәсіподақтың «Алтын микрофон» байқауында бірнеше рет жүлдегер атанған. Халық арасында «Чайхана» деген лақап атпен танылып, әйгілі Фарух Закировтың әндерін нақышына келтіре орындайтын даусымен көптің ықыласын алған. Бос уақытында асабалықпен айналысып, көпшілікке қуаныш сыйлайтын қасиеті тағы бар.
Кәсіподақ жанындағы «Өндіріс волонтерлары» ұйымының белсенді мүшесі ретінде Ерлан талай қарттың, көп балалы аналардың үйіне жарық орнатып, ақауын жөндеп берген. Бұл жұмыстың бірде-біріне ақы сұрамаған азамат.
– Адамға жасаған жақсылығың – өз жолыңды ашатын сауап. Біреудің алғысын алу – ең үлкен қуаныш, – дейді ол.
Электромонтерлердің жұмысы көзге көрінбейді, бірақ олардың еңбегінсіз бір де бір өндіріс, бір де бір қала тыныстай алмайды. Сол көрінбейтін еңбектің алдыңғы қатарында жүрген Ерлан Әбілов – шынайы еңбек адамының бейнесі.
Досан Дулығалы.
Жәйрем кенті.






