Сәтбаев қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты қорытынды іс- шара өтті. Ерекше мәнге ие мерекелік жиынға қала тұрғындары, белсенді жастар және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Онда мерейтойлық жылдың негізгі жетістіктері сараланып, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайту жолында елеулі еңбек еткен азаматтар марапатталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған бірегей институт. Бейбітшілікті ту еткен отанымыздың шаңырағы шайқалмай, іргесі берік болуына Ассамблеяның қосып жүрген үлесі көп. Еліміз бойынша «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты мерейтойлық іс-шаралар жоспары бекітілген болатын.
– «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты мерейтойлық іс-шаралар жоспары аясында кеншілер шаһарында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Осы жылдар ішінде Ассамблея өңірлердің дамуына, мәдениеттердің тоғысуына, ортақ құндылықтарды қалыптастыруға зор сенім берді. Бүгінде бұл құрылым біздің көпұлтты еліміздің бірлігін айшықтайтын маңызды платформа. Бірлік – біздің ең басты байлығымыз.Осы мерейлі күні, Ассамблея мүшелеріне, этномәдени бірлестіәктерге, ақсақалдар мен зиялы қауымға алғысымды білдіремін, – деді Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев.
Ассамблеяның 30 жылдығына арналған шараға арнайы келген «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев Сәтбаев жастарының белсенділігін айтып, Достық үйі мен этномәдени бірлестіктердің бірлескен жұмысы, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың ұлтаралық келісімді нығайтудағы рөлі туралы да пікір білдірді. «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев:
– Әрине, Сәтбаев қаласындағы достық пен бірліктің тамыры тереңде жатыр деп айту артық айтқаным емес шығар. Кеншілер шаһарында этномәдени бірлестіктер әрдайым белсенділік танытып келеді. Олар өздері өмір сүріп жатқан қаланы дамытуға, қоғамның өркендеуіне үлкен үлес қосуда. Сондықтан этномәдени бірлестіктердің барлық жетекшілеріне, қоғамдық құрылымдардың өкілдеріне, Ардагерлер кеңесіне, Аналар кеңесіне және Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына атсалысып жүрген барша азаматтарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз ел бірлігін нығайту жолындағы елеулі еңбек, – деп атап өтті.
Шаһардағы Достық үйі 2017 жылы өз жұмысын бастаған. Бүгінде қалада бес этномәдени бірлестік пен бірнеше бастамашыл топ қызмет атқарып отыр. Жыл қорытындысы бойынша Ассамблеяның дамуына үлес қосқан белсенділер мен ұйымдар алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттарға ие болды. Олардың қатарында татар-башқұрт орталығының өкілдері де бар.
Сондай-ақ өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубы мен сарапшылар клубы жұмыс істейді. Онда клуб мүшелері мәдениетаралық байланыс, ұлтаралық келісімді нығайту жолдарын талқылайды, өңірде болып жатақан іс-шараларды ақпараттық қолдаумен қамтамасыз етеді. Ұлытау облысында шамамен 270 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Өңірде 10-нан астам этномәдени және 46 діни бірлестік жұмыс істейді. Мерекелік шарада бұл ұйымдар алдағы уақытта да Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстарын қолдауға әрі қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға өз үлестерін қоса беретіндерін айтты.






