Ғ. Омаров атындағы Жезқазған шахтапраходкалау тресінде ел жадында есімі алтын әріппен жазылған дара тұлға – Ғазиз Омарұлы Омаровтың 100 жылдығына арналған тағылымды еске алу шарасы өтті. Бұл күн – бір адамның ғана емес, бүтін бір дәуірдің, тұтас еңбек ұжымының тарихына айналған ғұмырды ұлықтау күні болды.
Ғазиз Омарұлы – өмірін өндіріске арнаған, маңдай терін ел игілігіне жұмсаған, қарапайым жұмысшыдан шахта тресінің бас директоры дәрежесіне дейін көтерілген еңбек ері. Ол – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген кеншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Оның ел үшін сіңірген еңбегі мен өнегелі өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі.
1925 жылы 15 мамырда Сарыарқаның Жыланды ауылында дүниеге келген Ғазиз Омарұлы еңбек жолын қарапайым шахтер болып бастап, кейін Жезқазған шахтопроходкалау тресінің тізгінін ұстады. Ол басқарған кезеңде трест алдыңғы қатарлы кәсіпорындар қатарына қосылды. Жаңашыл басшы ретінде жаңа технологиялар енгізіп, кен өндірудің тиімділігін арттыруда тың серпін берді.
1970 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинаты мен Ащысай ӨМК шахталарында жаңа техникалар мен үдерістерді сәтті енгізгені үшін Ғазиз Омаровқа Мемлекеттік сыйлық берілді. Ал 1981 жылы үздік өндірістік жетістіктері үшін Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді.
Ол – сегіз баланың әкесі, ондаған немере-шөберенің ардақты атасы ғана емес, ұжымдастарына қамқор, еңбек мектебінен өткен талай жастың ұстазы еді.
Бүгінде оның есімі Жезқазғандағы шахтопроходкалау тресіне беріліп отыр. Осы мекеменің қазіргі директоры Қайрат Керімқұлов пен «Еңбек» кәсіподағы төрайымы Набира Бисариева, сондай-ақ «Кәсіп Қорған» кәсіподағының жетекшісі Болат Смағұловтың ұйымдастыруымен еске алу асы беріліп, ардагерлер бас қосты.
Шарада оның көзін көрген әріптестері, шәкірттері, жақындары жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Ғазиз Омаровтай тұлғаның еңбегі – ұлттың рухани қазынасы, ал оның өнегелі өмірі – жас ұрпаққа жолбасшы.
Ұлы адамның рухына Құран бағышталып, еске алу асында тағзым етілді. Бұл шара – өткенге тағзым, бүгінге тағылым, ертеңге аманат екені даусыз.
Ізтай Белгібайұлы.