Отбасына қарсы қылмыстар – бұл отбасылық қатынастар саласына зиян келтіретін, адамның жеке басына, оның құқықтарына және міндеттеріне қауіп төндіретін қоғамдық қауіпті әрекеттер. Мұндай қылмыстар көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты қатыгездік, алимент төлемеу, тәрбиелеу міндеттерін орындамау сияқты сипатта болады.
Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл отбасы ішінде дене жарақатын салу, психологиялық қысым жасау, қаржылық шектеу немесе жыныстық зорлық арқылы көрініс табатын әрекеттер. Мұндай іс-әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінде көрсетілген.
Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау (ҚР ҚК 140-бап) Ата-аналардың немесе қамқоршылардың баланың тәрбиесі мен дамуына жеткілікті назар аудармауы олардың болашағына кері әсер етеді және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Алимент төлеуден жалтару (ҚР ҚК 139-бап) сот шешімімен белгіленген алиментті төлемеу — бала мен ананың материалдық жағдайын нашарлататын құқық бұзушылық, қайталанған жағдайда бұл қылмыс болып саналады.
Балаларды қылмыстық немесе азғын әрекеттерге тарту (ҚР ҚК 131-бап) кәмелетке толмағандарды ішімдікке, есірткіге, жезөкшелікке немесе ұрлық сияқты әрекеттерге тарту ауыр қылмыс ретінде қарастырылады.
Жыныстық сипаттағы қылмыстар (инцест, зорлау) отбасы мүшелері арасында жыныстық қатынасқа бару, зорлық көрсету – моральдық тұрғыдан да, заңдық тұрғыдан да ең ауыр қылмыстардың бірі болып есептеледі.
ҚР Қылмыстық кодексінде отбасына қарсы қылмыстар үшін түрлі жауапкершілік көзделген. Бұл қылмыстар үшін айыппұл, қоғамдық жұмыстар, бас бостандығынан айыру сынды жазалар қарастырылған. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтер бірлесіп, осындай қылмыстардың алдын алу бағытында жұмыс атқарады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау орталықтарын көбейту, отбасылық құқықтық сауаттылықты арттыру, психологиялық көмек көрсету қызметтерін жетілдіру, кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмыстар жүргізу алдын алу шаралары болып табылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінеді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығынан шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады.
Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігі 2-тарауында қылмыс белгілеріне орай отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар қарастырылған. Атап айтқанда, ол қылмыстар:
- кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту;
- кәмелетке толмаған адамды қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға тарту;
- кәмелетке толмағандарды саудаға салу;
- баланы ауыстыру;
- бала асырап алу құпиясын жария ету;
- балаларын немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын, жұбайын (зайыбын) асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейі жалтару;
- бала асырап алу жөніндегі заңсыз әрекет;
- кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау;
- балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау;
- қорғаншы немесе қамқоршы құқықтарын теріс пайдалану;
- кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге заңсыз әкету;
- кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнімдерді жасауға тарту.
Бұл әр қылмыстық әрекеттерге орай тиісті жаза қарастырылған.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 132-бабында кәмелетке толмаған адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға тартуға байланысты іс-әрекеттер бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға; ал кәмелетке толмаған адамды қылмыстық топтың қылмыстық әрекетіне тартуға байланысты іс-әрекеттер он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп атап көрсетілген.
Және бір мысал. Қылмыстық кодекстің 136-бабында баланы қасақана ауыстыру – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығын айыруға жазалау; пайдакүнемдік немесе өзге де ұждансыз пиғылмен жасалған дәл сол іс-әрекет – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыруға жазалау көзделген.
Отбасы ішіндегі қылмыстар – тек жеке адамдарға ғана емес, жалпы қоғамға да үлкен зиян келтіретін әлеуметтік құбылыс. Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін мемлекеттік органдар, құқық қорғау жүйесі және азаматтық қоғам өкілдері тығыз жұмыс атқаруы қажет. Әр отбасы – мемлекеттің іргетасы, ал оны қорғау – баршамыздың міндетіміз.
Нұргүл КЕНДИРБАЕВА,
Ұлытау облысы қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы.

