Кіндік қаны кенді өңірдің топырағына тамған баланың шахта шыңырауына аңсары аумайтыны кемде-кем шығар?! Үйдегісі өз алдына, балабақшадан бастап, мектеп қабырғасында жүргенде естіген кенші мамандығының кереметі туралы небір келісті әңгіме талай жасөспірімнің балаң қиялына қанат қақ-
тырғаны анық.
Сондай балаң қиялын өмірлік ұстанымына айналдырған айтулы азаматтың бірі – Шығыс Жезқазған кенішінің № 57 шахтасындағы № 2 кен өндіру телімі бастығының орынбасары Аманжол Омарбеков. Әкесі Серік саналы ғұмырының отыз жылдан астамын кеншілік кәсіпке арнап, зейнеткерлікке шықты. Кезінде Оңтүстік Жезқазған кенішінің № 65 алып шахтасында проходкашы болып істеп, іргелі кен дайындығы жұмысында тынымсыз тер төкті, забойшылар үшін кен қатпарына соқпақ салды.
Аманжол кеншілер қаласындағы № 1 мектеп-гимназияда оқыды. Екпінділер қатарында жүрді, оқу ошағының қоғамдық өміріне белсене араласты. Өмірдегі орнын ерте бағамдаған бала құжатын бірден «Қазақмыс» корпорациясының техникалық колледжіне тапсырып, бағын сынады. Сәтін салып, оқуға түсіп кетті. Еңбек жолын қазір өзі қызмет істеп жүрген телімде бастады. Содан бері қызығы мен қиындығы қанжығаласқан өр тынысты кен өндірісімен біте қайнасып келе жатқанына да он жыл өте шығыпты.
Қатардағы кен жұмысшысы болып еңбекке араласқаны күні кеше сияқты еді. Көп уақыт өтпей шпур бұрғылау қондырғысының машинисіне көмекші болып ауысқаны да әлі есінде. Колледжде оқыған-тоқығанын іс жүзінде көрсетуіне алғашқы өндірістік тәлімгері, білікті бұрғышы Нұржан Жұмабеков көп көмектесті. Сапалы шпур шығарудың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, ұжымда көпшілікпен қоян-қолтық тиімді жұмыс істеудің өмір мектебінен өткізді.
Екі жылда көргені мен білгені, көңілге түйгені 2016 жылы осы телімнің кен шебері болып тағайындалғанда көп кәдеге жарады. Бірнеше жыл № 11 кен проходкалау телімі бастығының орынбасары болғанда да біраз пайдасын көрді. Негізі «кеншілер патшалығының» қағазда қатталмаған қағидасы бар. Оның басты-бастысы: үзеңгілес әріптесіңе деген адалдық, кез-келген тапсырманы жоғары жауапкершілікпен орындау, келесі ауысымға басы артық шаруа қалдырмау.
Өткен жылы өзі еңбек жолын бастаған телімге қайтып оралды. Ол қалыптасқан өзіндік еңбек дәстүрі бар № 57 шахтада жұмыс істейтініне іштей «тәуба!» дейді. Себебі, бұл шахта өзінің 57 жылдық тарихында екпінді еңбек жылнамасының небір жарқын бетін жазды. Шабытты еңбектің шалқар екпінімен шыңыраудан шұрайлы шикізат өндірудің өмірлік өнеге-үлгісін көрсетті, азаматтың ажарын айқындайтын адамгершілік биік қасиетті мұра етіп қалдырды. Сол даңқты дәстүр бүгінде жарасымды жалғасын табуда.
Тәулік бойы толастамайтын тынымсыз кен өндірісінің бел ортасында телім басшысының орнықты орынбасары Аманжол Омарбеков те жүр. Оның адамгершілігі мен кәсіби машығына әріптестері дән риза. Оқу мен өндірісті берік байланыстырып, сырттай білімін жетілдірген ол биыл Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Жерасты пайдалы кен қазбаларын өндіру» бөлімін бітіреді.
Әлібек ӘБДІРАШ.