Өндірістің қай буыны болсын білім мен іс-тәжірибені жетілдіріп отыруды қажет етеді. Осыған баса мән берген «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС басшылығы оқу кабинетінің жұмысын дамытуға баса көңіл бөлуде.
Оқу кабинетінің негізгі мақсат-міндеттері жайлы «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС сапа, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бөлімі оқыту пунктінің оқытушысы Арман Жанат былайша баяндап берді.
– Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз компаниясы жер-асты кен алу, шығару техникаларын жөндеу, қалыпқа келтірумен айналысады. Ауыр техникаларды жөндеу жұмыстары білікті мамандарды талап етеді. Тәжірбиесі аз жас мамандарға техника жайында жалпы мағлұмат беру, компаниямыздың біліктілікті көтеру оқу базасында жүзеге асырылады. Компаниямыз басты ұстанымы жұмыскерлердің қауіпсіздігі. Оқу базасында Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс заңының талаптарына сәйкес қауіпті өндірісте жұмыс істейтін жүмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі, өндірістік қауіпсіздік, электр қауіпсіздігі бойынша да оқыту курстары жүргізіледі. Оқу курстарын біліктілігі жоғары мамандар көмегімен жүзеге асырылады, – деді Арман Жанатұлы.
Оқу базасы заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен, әдістемелік кешендермен жабдықталған. Сәтбаев қаласының техникалық колледждерінің студенттері де кәсіби тәжірбие өту барысында, оқу базасында жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі талаптарымен танысып, дәріс тыңдайды. Сонымен қатар компанияның инженер-техникалық құрамдағы мамандарына әдістемелік көмек көрсетіліп, кеңестер беріледі. Бір сөзбен айтқанда, оқу кабинеті бүгінгі күні білім шыңдау алаңына айналды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.